Еңбек адамы әрдайым құрмет лайық

Қар 23, 2026

Өңірімізде кәсіподақтардың «Еңбек адамы – ел бірлігінің тірегі» атты республикалық форум өтті. Бір алаңда Халық Кеңесінің мүшелері, Кәсіподақтар федерациясының өкілдері мен еңбек ұжымдарының мүшелері бас қосып, еліміздің түрлі салалары мен өңірлеріндегі еңбек адамдары үшін маңызды мәселелерді талқылады. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегация, облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, форумда еңбек құқықтарын қорғау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, өндірістегі қауіпсіздік және әлеуметтік әріптестік мәселелері талқыланды. Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың жұмыс сапары Достық үйінде өңір кәсіпорындарының өнімдері қойылған көрмені аралаудан басталды. Көрмеде Павлодар өңірінің өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды.

Форумды ашқан облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысының еңбек адамының рөлі мен маңыздылығына қатысты ұстанымын атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еңбек адамы әрдайым құрметке лайық болуы керектігін бірнеше мәрте атап өтті. Еліміздің болашағы білім мен ғылымға, инновацияларға және ең бастысы, еңбек адамына деген құрметке байланысты, – деді өңір басшысы.

Павлодар облысы – Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі. Өңір экономикасында 400 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның 90 мыңға жуығы өнеркәсіп саласында қызмет атқарады. Мұнда мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Облыстың еңбек тарихында жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатын кеншілер, энергетиктер мен металлургтердің 200-ге жуық әулеті ерекше орын алады. Сондай-ақ облыс әкімі дәстүрлі түрде ер азаматтардың кәсібі саналатын салаларда табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесін де атап өтті.

Бұдан бөлек, жұмыс сапары бағдарламасы аясында қоғам өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Мәселен, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері азаматтық қоғам өкілдерімен, жастар қауымымен жүздесті. Мұнда кеңестің құрылымы, мақсат-міндеті айтылды. Азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды.

Г.Түгелбай