Павлодарда балаларға арналған сөйлеуді түзету орталығы жаңа ғимаратқа көшті. Орталықтың ішінде жөндеу жүргізіліп, жаңадан кабинеттер ашылды. «Я могу» балалардың сөйлеу бұзылыстарын түзету орталығының басшысы Меруерт Мауянова – халықаралық деңгейдегі сертификатталған остеопат, дефектолог-логопед.

 Екі жыл бұрын «Бастау бизнес» арқылы өтінім беріп, арнайы оқытудан өткен ол кабинет ашуға қажетті қаржыға қол жеткізген болатын. Жарты миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, мамандарды жинай бастады. Бірақ ғимаратты жалдап тұрудың шығыны көп болғандықтан, кәсіпкер жекеменшік ғимарат ашуды ойластырды.

– Қызметкерлердің жалақысы бар, салықтарды да төлеу керек, ал жалдамалы орын үшін жарты миллионға жуық ақша кететін, – деді Меруерт Мауянова. Биыл кәсіпкер жер алып, жекеменшік орталығын салды. Жаңа ғимаратқа жөндеу жүргізуге «Даму» ұлттық жобасы шеңберінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау көрсетілді. Алған кепілсіз
8 пайыздық қарыз сомасы 10 миллион теңгені құрады.

– Былтыр да грант ұтып, оған «Tomatis» аппаратын сатып алдым. Бұл құрылғы мидың жұмысын жетілдіріп, жүйкесін қалпына келтіруге көмектеседі, – деді логопед маман. Бүгінде орталықта 2 мыңға жуық бала емделіп, сөйлеу қабілетін дамытуда. Оның ішінде тілі шықпай жүрген 4 жасар баланың анасы Индира Абдрашева бар.

– Баламды осы орталыққа екі жыл бұрын әкелген едім. Тіл жағынан қиыншылықтар болып, балам үш жасында мүлдем сөйлемеді. Не айтқысы келетінін жеткізе алмай, шыңғырып жүрген еді. Биологиялық белсенді нүктелер бойынша екі рет массаж алып, содан тілі шығып кетті. Енді ол өз ойын жеткізе біледі. Өте тамаша орталық, жұмыс нәтижесі көрініп тұр. Балама барлығы ұнайды, – деді И.Абдрашева. Логопед дефектолог, остеопат, психолог және емдік дене шынықтыру мамандар кішкентай балаларға ғана көмек көрсетуімен шектелмейді. Олар жол-көлік апатынан кейін жарақат алған адамдарға, инсульт алып, сөйлемей, жүрмей жатқан жандарға да көмектеседі. Арнайы массаж арқылы аутизмнен емдейді.

– Қазір көптеген балаларда сенсорлық және моторикалық бұзылыстар бар.  Олар өздігінен тамақтана алмайды, дәретханаға бару да қиындық тудырады. Орталыққа аз қамтылған отбасылардың балалары да келеді. Мемлекет осындай орталықтар мен ерекше балалары бар ата-аналарға назар аударып, көмектессе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Меруерт Мауянова. Жөндеуден кейін орталықта алты кабинет жұмыс істейді. Қабырғаларының ақшыл түске боялуы баланы тыныштандырып, назарын бірқалыпты ұстау үшін қажет. Болашақта Меруерт орталықта интерактивті кабинеттерді ашып, жұмысын одан ары дамытуды жоспарлап отыр.

Өз тілшіміз.