Облыста ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алған мейірімді жандар марапатталды. Қамқоршылар күніне орай олардың еңбектері еленді. 

Қазақстанда Қамқоршы күні он жылдан астам уақыт атап өтілуде. Бұл мереке ата–ана махаббаты мен қамқорлығынан айырылған балаларға мейірім көрсетумен қатар, асыл міндетті өз мойнына алған адамдарға алғыс пен құрмет білдіруге мүмкіндік береді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова қаты-
сып, кәсіби мереке иелерін құттықтап, облыс әкімінің атынан Алғыс хаттарды табыстады.

–  Өз мейірімін ата-ана махаббатынан айырылған балаларға сыйлаған асы-раушы ата-аналарды, қамқоршыларды, патронат тәрбиешілерді мерекесімен құттықтаймын. Сіздер қаншама сәбиге жылулық сыйладыңыздар. Бұл ретте сіздердің еңбектеріңіз зор, – дейді А.Құрманова. Оның сөзінше, келесі жылдан бастап кәсіби патронаттық отбасы жүйесі енгізілетін болады. Шара барысында патронат ата-аналар өзге жанұяның балаларын тәрбиелеу оңай емес екенін алға тартты. Алайда мұндай қиындықтардан қорықпауға шақырды. Сондай отбасылардың бірі – Железин ауданы Екішоқ ауылының мектеп директоры Марат Махметов.

– Біз 2016 жылы Кенжекөл балалар ауылынан қызымызды патронаттық тәрбиеге алған едік. Ол жалғыз өспесін деп  интернаттан екінші баланы алдық. Біреуі орыс, екіншісі татар болды. Ал екі жылдан соң біз төрт баланың ата-анасы атандық. Қазір бес баламыз бар. Барлық баламыз қазақ тілін біледі. Бәріміз бір отбасы ретінде өмір сүріп жатырмыз. Патронаттық ата-ана болғысы келетіндерге қорықпауға және шыдамды болуға кеңес беремін, – дейді М.Махметов. Ал Мұқаш Қымбатова мен Берік Сегізай өздерінің бес баласынан бөлек, тағы бес баланы бауырына басып, тәрбиелеп отыр.

–  Өкінішке қарай, көп бала ата-ананың тәрбиесін, жылулығын көрмей өсіп жатыр. Ал балалар үйінде қанша бала бар екенін көрсек, жанымыз қиналады. Сондықтан да, қамқоршы болуға бел будық. Барлық баламызға бірдей көңіл бөлуге тырысамыз. Басқа баланың ата-анасы болу деген оңай емес. Жауапкершілік өте жоғары болу керек, – дейді М.Қымбатова. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жүрегі кең мейірімді жандардың еңбегі жыл сайын құрметтеліп марапатталады. Айта кетейік, бүгінге дейін облыста ата-ана қамқорлығынсыз қалған
1 200 бала патронаттық тәсілмен өз отбасын тапқан. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған 200 бала балалар үйінде тұрады.

 

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген – Константин Шелков.