Бірнеше күннен кейін елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталып өтпек. Қызығы мен қиыны қатар жүретін осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып, отандық журналистиканың дамуына өзіндік үлесін қосқан, әсіресе білікті маман тәрбиелеудегі тәжірибесі жағынан өзгелерге үлгі бола білген азаматтар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың біріҚР Құрметті журналисі, «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» атағының иегері, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, газетіміздің ардагер редакторы Омаров Мұхит Мүрсәлиұлы.

Кәсіби мереке қарсаңында көпті көрген журналиспен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Әңгімені әріден бастасақОблыстық «Saryarqa samaly» газетінде 13 жыл бас редактор болдыңыз. Демек, бұл уақыт аз да, көп те емес. Десе де, өзіңіз басшы болған кезеңде басылымға не әкелдіңіз?

– Облыстық басылымға редактор болам деп ойлаған жоқпын. Бәрі күтпеген жерден болды. Мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген едім. Бір күні облыс әкімдігіне шақыртып, «Saryarqa samaly» газетіне редакторлыққа баруды ұсынды. Бұрынғы редактор Мұхамеджанов Әлқожа ақсақал зейнеткерлікке шықпақ екен. Мен үзілді-кесілді бас тартып, келіспейтінімді айттым. Университет ректоры да: «Докторлық  диссертация жазуға енді ғана кірісіп жатырсың, редакторлыққа барсаң, аяқтай алмай қаласың», – деп менің шешімімді қолдады. Сол кездегі редактор тағайындаудың бір ерекшелігі, эксперимент ретінде конкурс жарияланып, өзара сайлау өткізілмек екен. Сұрастырып білсем, 5-6 үміткер өтінішін беріп те үлгеріпті, оның үшеуі – редакция ұжымында еңбек ететін белгілі, тәжірибелі журналистер. Ал біреуі – әйел адам, кейін конкурсқа қатысудан бас тартып, телевидение саласына ауысыпты. Меніңше, осы адамдардың қай-қайсысы да редактор болуға лайық еді. Оларға қоса, Астанадан келген бір үміткер де болды. Ол өзінше «мен баспасөз министрінің адамымын, редактор болсам, министр бізге қаржылай және басқадай болсын көмек береді» деп күжірейіп жүрген көрінеді.

Осы жағдайға қанық болған соң облыс әкіміне редакция ішінен ниет білдіріп тұрғандардың біреуін тағайындамайсыздар ма деп айттым. Сонда әкім: «Олар 15-20 жыл сол газетте қызмет етіп, оның қазіргі мүшкіл жағдайға, тығырыққа тірелгеніне куә бола отырып, ешқандай әрекет жасамады. Енді редактор болып та ештеңе жарытпайды. Газет жұмысының басты көрсеткіші – таралымы. Бүгінде басылымның 2-3 мың ғана оқырманы бар. Бұл – облыстық емес, ортаңқол аудан газетінің көрсеткіші. Сондықтан газет редакциясына түбегейлі өзгеріс, реформа қажет, жұмысты жаңаша ұйымдастыру керек. Сіз журналист әрі экономист екенсіз. Бір болса, сіздің қолыңыздан келеді», – деп айтқанынан қайтпады.

Сөйтіп, ақыры сол қонкурстың нәтижесі бойынша редактор болып тағайындалдым. Қызу жұмыс басталды, жоғарыда аталған өзгерістерді жасап, реформаны іске асыруға кірістік. Айтпақшы, облыс әкімінің басты тапсырмасының бірі – редакция ұжымын жаңарту, көп жыл бойы отырған журналистерді босатып, орындарына жастарды алу. Әкім маған: «Мен бұл облыста жаңа адаммын, байқаймын, кадр мәселесі қиын, әсіресе, қазақ тілді азаматтар тапшы. Оған қам жемеңіз, «Жас алаш» газетінің редакторын жақсы білемін, одан өтінсем, 4-5 жас журналисін жібереді. Үй-жай және басқа да жағдайларын өзім шешемін», – деді. Аймақ басшысының бұл қамқорлығынан бас тарттым. Менің сондағы жауабым: «Газеттің ауыр жағдайға тап болуына бұл журналистер кінәлі емес. Елдегі экономика және әлеуметтік саладағы өзгерістер бұқаралық ақпарат құралдарына, әсіресе, қазақ тіліндегі газет-журналдарға қатты әсер етті. Ал «Saryarqa samaly» газетіндегі журналистер – тәжірибелі, кәсіби білімді адамдар, осы қызметтің ыстығына да, суығына да шыдап, ауыртпалығын көтеріп келгендер. Егде тартқандары зейнеткерлік жасқа жеткенде еңбек демалысына кетеді. Бүкіл облыста қазақ тілінің мамандары жоқ дегенге келіспеймін. Қалада жоқ болса да, ауылдан шығады, іздестіреміз, шақырамыз, тәрбиелейміз», – деп өз пікірімді айттым. Сол кездегі облыс әкіміне рақмет, менің уәжіме құлақ асты.

Осылайша, редакция ұжымын жинап, кеңес өткіздім. Әріптестеріме бірігіп жұмыс істеп, өзгерістер жасайтынымызды, жаңа тақырып, жаңа дизайн қажет екенін, оқырманға жаңа заман талабына сай мазмұнды газет ұсыну керектігін айттым. Сол кездегі басылымның белді журналистері Қажымұрат, Төлеубек, Бақыт ағаларға, кейінгі толқын – Өскенбай, Ғалымбек, Фаридаларға, басқа да әріптестеріме ризалығым мол. Жаңа бастамаларды бірге іске асырдық, оқырман қатары көбейіп, газет таралымы жылдан-жылға өсе бастады. Көпшіліктің талабын ескере отырып арнайы беттер шығардық. Елдегі қазақ газеттері арасында алғашқылардың бірі болып жарнама бере бастадық. Бұл нарық заңдылығына бейімделіп, тығырықтан шығудың бір жолы еді.

– Кезінде сіздің шекпеніңізден, мектебіңізден бірқатар білімді журналист өсіп шықты. Бұл ретте, кәсіби кадр тәрбиелеу үшін неге мән беру керек? Кейінгі редакторларға, әріптестеріңізге қандай кеңес бересіз?

– Жоғарыда айтқанымдай, газет-тегі ардагер журналистеріміздің орнына ізбасарлар іздестірдік. Ол кезде болашақ журналистерді тек Алматы мен Қарағанды университеттерінде ғана оқытатын. Олар біздің жаққа келгісі келмейтін. Сондықтан өзіміздің қаладағы пединститут пен педколледжден, тіпті, қазақ мектебіндегі редакцияға ара-тұра хат жолдайтын оқушылар ішінен де болашақ журналистер қарастыра бастадық. Сол кезде көптеген жас алдымыздан өтті. Себебі, кез келгенін ала бермедік. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» демекші, қазақ тілін жетік біліп, жаза білгендердің барлығы журналист бола бермейді. Керек десеңіз, ҚазМУ, ҚарМУ-дің журфагын қызыл дипломға бітіргендердің кейбіреулері редакция талабына сай келмей жатты. Сауаттылығы жақсы болғанымен, тәрбиесі, адамгершілік жағы олқы болғандар да кездесті. Ертең ол журналист бола тұра өзі соған сәйкес келмесе, адам өміріне қатысты мәселелерді қалай зерттейді? Қаламын қару ретінде пайдаланып, ақты – қара, қараны – ақ деп жазбайтынына кім кепілдік бере алады? «Адамға ең бiрiншi бiлiм емес, тәрбие берiлуi керек, адамилық қасиетсіз, тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби тегін айтқан жоқ қой. Осы сөзді ұран етіп ұстандым. Сол кезде редакцияға қабылданған жастарға тәжірибелі ардагер журналистерді бекітіп беріп, ұстазы болыңдар, ақыл-кеңестеріңді аямай беріңдер дедім. Олар дұрыс түсініп, жауапкершілікпен қарады. Кейбір жастар өзінің қателігін, кем-кетік тұстарын талдап жатпай-ақ, жеңіл жол іздеп кетіп қалды. Түрлі жағдайлар болды.

Бірде Астана университеті түлегінің жазған материалдарын лездемеде ерекше атап, жас әріптесіміздің тырнақалды мақаласы тамаша жазылғанын айттым. Арада жарты ай өтпей әлгі баланың мақаласын баспаханаға бара жатқан жерінен алып тастауға мәжбүр болдым, сапасы сын көтермейді. Сол уақытта жетекші журналист еңбек демалысына кеткен еді. Сөйтсем, бұған дейін әлгі тәлімгер ретінде бекітілген азаматымыз баланың жазғанын тексеріп, басын қатырғысы келмей, мақаласын өзі жазып беріп жүріпті. Бұл басқаларға үлкен сабақ болды. Жастар арасында редакция талабын қабылдамағандар тұрақтай алмай кетіп жатты.

Мен көп жағдайда редакторлық тәжірибені Сейдахмет Бердіқұловтан алдым десем де болады. Ол кісі «Лениншіл жас» газетінде, «Жалын» баспасында бас редактор болып көп жыл жұмыс істеді. Біздің елге күйеу болатын, жұбайы Күләтай апай Ақкөл жайылманың қызы еді, сол жағынан аралас болатынмын. Сейдағаңның «Нар тәуекел» атты алғашқы повесінің орысшаға жолма-жол (подстрочный) аудармасын мен жасаған едім. Сол кезде журналистикаға баулып, тәлім-тәрбие берген жігіттердің арасында республикаға танымал қаламгерлер шықты. Біразы өзіміздің «Saryarqa samaly» газетінде еңбек етіп жүр.

– Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын облыстық газеттер мен радио, кейін сайттар «орталықтан басқару» жүйесіне ауыстырылды. Оның шет жағасын өзіңіз де көрдіңіз. Бұл өзгерістен не ұттық, неден ұтылдық? Журналист әрі экономист ретінде не дейсіз?

– Бұл биліктің бұқаралық ақпарат құралдарын, жалпы журналис-тиканы «жүгендеу» үшін ойлап тапқан айласы деп білемін. Қазір газет-журналдардың редакторлары дәрменсіз, ештеңеге билігі жоқ. Барлық әкімшілік басқару мәселелерді, яғни, басылым саясатын, штат белгілеуді, журналистердің еңбекақысын тағайын-дауды, жүріп-тұруды, тіпті, авто-
көлікке дейінгі шаруаны да холдинг басшысы шешеді. Оған дейін біздің газеттер бюджетке жалтақтамай, қаржы түсімімен өздері шұғылданатын. Біріншіден, қаржы газет таралымынан түсетін, екіншіден, жарнама жария-лағаннан келетін. Холдинг пайда болғанда газеттерде жарнамалар түсімімен шұғылданатын адамдар қысқартылды, енді ол деңгейде жұмыс жүргізілмейді. Қазір басылымдар толығымен бюджетке тәуелді болып отыр. Сондықтан тәуелді газеттер билікке жақпайтын пікір де айта алмайды.

Экономист ретінде не дейсіз дегеннен шығады, мен кезінде осы мәселені зерттеген болатынмын. Нәтижесінде ғылыми монография да жазғанмын. Жалпы, медиахолдингтер үлгісі шет елдерде пайда болған, басты мақсаты – қаржылық мәселелерді шешу, журналистер ұжымы ешкімге тәуелді болмаудың бірден-бір жолы. Біздегі үлгі керісінше, бюджетке тәуелді қылып, «орталықтан басқару» редакция ұжымының пікірімен санаспауға әкеліп отыр. Мен республикалық «Бас редакторлар клубының» мүшесі ретінде айтып отырмын, осындай жағдайды біз талай рет талқылаған едік.

– Шыны керек, біз бүгінде ғаламтор ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Көпшілік әлеуметтік желіге әуес. Бұл жағдай газет-журналдардың болашағы үшін қаншалықты қауіпті? Оның алдын алу үшін не істеу керек?

– Мұның барлығы – заман талабы, оған ешкім қарсы тұра алмайды. Әлеуметтік желі әлі одан да дами түседі, ол – заңдылық. Бізге бұл шетелден келді, кезінде олар да осы жағдайды бастарынан өткерген. Олардан үйрену керек. Әлеуметтік желісі дамыған Америка, Жапон елдерінде газеттер жоғалып кеткен жоқ, миллиондаған тиражбен таралады. Бірақ, әрине газет-журналдар өзгерген, жаңарған. Біз де сол жаңа түрлерін меңгеруіміз қажет. Қазір «Медиасауаттылық» деген мәселе туындап отыр, ол мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Көпшілік әлеуметтік желідегі хабарлардың ара-жігін айыра білмейді, фейк (жалған) хабарды шын екен деп қабылдайды. Сондықтан «Медиасауаттылықты» мектеп жасындағы баладан бастап біз сияқты үлкендер де, журналистер де меңгеруі қажет деп ойлаймын.

– Ардагер қаламгер ретінде қазіргі қазақстандық журналистиканың дамуына қатысты пікіріңіз қандай?

– Журналистиканың жағдайы мемлекеттегі демократияның деңгейін көрсетеді. Сөз бостандығы шектеулі елде оппозициялық әрекеттер үдей түседі, оның үнін шығармаймыз деп күрескен жерде кемшіліктер көбейеді, қоғам ішінде жағдай қиындайды. Соңғы кезде елді дүр сілкіндірген апатты жағдайлар кездейсоқ емес. Мысалы, Екібастұздағы жылу жүйесінің күйреуінің алдында, ұмытпасам жарты жыл бұрын, БАҚ-та мәселе көтерілді. Жылу жүйесінің иелері журналистерге берген сұхбатында: «қыс мезгіліне дайындалып, қаладағы жылу тарату жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы тапшы, келешекте бұл апатқа апаруы мүмкін», – деп жанайқайын әкімдікке жеткізді. Әйтеуір бір күні сол кездегі облыс әкімі Ә.Сқақов: «Мен Екібастұз қаласына жылу беретін кәсіпорында болдым, басшыларымен кездестім, барлық жағдайды талқыладық, жөндеу қажетті деңгейде атқарылады. Екібастұздықтар қам жемесін, қыста тоңдырмаймыз деп уәде береміз», – деп лепірді. Бұдан кейін де 1-2 рет телешолуда Екібастұздың қысқа дайындығы әлсіз екені айтылды. Бірақ оған құлақ асқан билік жоқ. Журналистердің дабылына ешкім көңіл аударған жоқ. Аяғы немен тынғанын білесіздер.

Бұқаралық ақпарат құралдарында республиканың ормандарында төтенше жағдай барысында өрттің алдын алу және сөндіру өз деңгейінде емес деген материалдар да шығып жүрді. Әсіресе, былтыр Қостанайда орман алқаптары өртке шалынғанда осы мәселе көбірек айтылды. Бірақ билік оған да құлақ асқан жоқ. Соның кесірінен жақында Абай облысының орманында алапат өрт шығып, адам шығыны болды.

Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақстандық журналистика биліктің қолжаулығына айналды. Әкімдіктер оны тек мақтау мен мадақтауға жаратады. Сол себепті журналистердің үні шықпайды, шықса, ешкім құлақ асып тыңдамайды. Сондықтан қазіргі таңда журналистиканың жағдайы жақсы деп айта алмаймын.

– Елімізде журналист мәртебесі туралы заң талқыланып жатқанымен, әлі қабылданған жоқ. Осы құжатта қандай мәселелер қамтылуы қажет деп ойлайсыз? Жалпы, сіздіңше Жаңа Қазақстанның журналисі қандай болуы тиіс?

– Баспасөз жөнінде жаңа заңның қажеттілігі көптен бері айтылып келген, бірақ «баяғы жартас сол жартас» болып қала беріп еді. Былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жаңа заң дайындалуда. Ол заңнан менің күтерім – журналистер мәртебесін айқындап бекіту, жалпы, журналис-тика рөлін көтерсе жөн болар еді. Кезінде Наполеон: «Жауға жүз мың әскері бар армия жасай алмағанды төрт газет атқара алады», – деп айтқан екен. Демек, біздің қоғамда журналистика лайықты орынға ие болуы тиіс. Сонда ғана қоғамда өзгеріс болады.

– Жұрттың көбі журналист болуға құмар. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында тілші болып жүрген өзге саланың өкілдері көп. Сонда журналист болу оңай ма? Не дейсіз?

– Тілші болып кез келген саланың адамы істей алады, оған шек қойылмайды. Кезінде өзім 1965 жылы газетке тілші болып орналасқанда редакцияда кәсіби журналистік білімі бар бір ғана адам болды. Мәселе оның ауыр-жеңілдігінде емес, қабілетіне байланысты. Жоғарыда айттым ғой, журфакта оқыса да осы мамандықты игере алмай, басқа салаға кеткендер де болды. Көп дүние адамның қабілет-қарымына байланысты деп ойлаймын. Сонымен қатар, қазіргі таңда Журналистер одағына кіру де ойыншық болып кетті. Мен өзім одаққа 1968 жылы қабылдандым. Ол кезде қатаң талап болатын, міндетті түрде күрделі тақырыпты көтерген бірнеше журналистік материалың болуы керек және басты шарт – бұқаралық ақпарат құралында қызмет атқаруға тиіссің. Менің одақ мүшесі куәлігіме КСРО Журналистер одағының төрағасы, «Правда» газетінің бас редакторы әрі Компартияның Орталық Комитеті хатшысының қолы қойылған болатын. Ол кезде Журналистер одағы сондай жоғары бағаланатын. Қазір осындай талаптың болмауы бұл мамандыққа деген жеңіл көзқарасты қалыптастырып, екінің бірі емін-еркін жүрексінбей келіп, кете беретін алаңға айналдырып алды.

– Жасыратыны жоқ, мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік бұқаралық  ақпарат құралдарына деген көзқа-расы басқаша көрінеді. Яғни, құзырлы органдардың жеке меншік БАҚ-қа деген құрметі басымырақ сезіледі. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Әрине, онысы дұрыс емес. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түріне деген көзқарас бірдей болуы керек. Жеке меншік БАҚ-қа басымырақ көңіл бөлуі олардан сескенгендіктен болуы мүмкін. Қазір қорыққанын сыйлайтын заман ғой. Мемлекеттік БАҚ-ты өздерінше жүгендеулі деп санап, оларға билік арқылы ықпал жасай алатынын біледі де, содан кейін басқаша көзқараспен қарайды деп ойлаймын. Бұл мемлекеттік басылымдардың азулы еместігінің дәлелі екені – ащы болса да шындық.

– Сіздің мемлекеттік қызметте, мәслихатта және білім-ғылым, мәдениет, журналистика саласында еңбек еткеніңізді ел біледі. Бірнеше кеменің басын ұстау қиын болған жоқ па?

– Әр салада қызмет еткенім рас, бірақ әр кемеге жармасқан емеспін. Мектеп қабырғасынан журналист болуды армандағанмын, оным орындалды. Аудандық газетке тілші болып қабылдандым, өмір бойы осы салада істейтін шығармын деп ойладым. Бірақ өмірде барлығы өзің ойлап, топшылағандай бола бермейді екен. Газетте өзіме жақын, таныс тақырып – жастар мәселесіне баса көңіл бөлдім. Сараптамалық зерттеу тақырыптарға барып жүрдім, сын мақалалар жаздым. Мұнымды басшылар байқаған көрінеді, аудандық партия комитеті маған жастар ұйымына – аудандық комсомол комитетіне қызметке баруды ұсынды. Бірден бас тарттым, солай бірнеше рет қайталанды. Сол кезде республикалық «Ленинская смена» жастар газетінде мақалаларым шығып жүрген. Содан болар, облыстық комсомол комитетіне шақырды. Әлі көз алдымда, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сомовтың каби-нетінде екінші хатшы Кравцов, бөлім меңгерушісі Беккер үшеуі үгіттеп, қызметке келуге шақырды. Жас кезім, әлі үйленбегенмін, қызметке тұрып, лауазымға ие болу дегенді білмеймін, 2-3 айда қаладан пәтер беріледі дегенге де мән бермедім. Жалпы, менің өмір бойғы адами бір ерекшелігім – ешқашан жоғары лауазымға өсуге, мансап қууға құштар болмадым. Кезінде, қалалық партия комитетінің екінші хатшысынан Қазақстан Орталық комитетіне, кейін Мәдениет министрлігіне басқарма басшылығына, одан кейін министр орынбасарлығына шақыру алған болатынмын, бармадым. Бүгінгі жеткен жасымның деңгейінен қарағанда, сондағы шешімдерім қате екен, соны енді түсіндім.

Бір-екі жыл өтіп, алдындағыдай үгіттеу тағы қайталанды, менде өзгеріс жоқ, үйренген сарынға салып, ұсыныстарын қабылдамаймын. Соңғы бір кездесуімде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Әлжан Орынбаев менің кезекті бас тартуымнан кейін: «Жақсы, жігітім, бара бер. Бас тартуыңның себебін енді түсіндім, әрине, мақала жазып, сынап, жұртқа қалай жұмыс істеу керектігін үйрету әркімнің қолынан келе береді, ал сол жұмысты мойныңа алып атқару ауыр екенін сезіп бас тартып тұрсың ғой», – деді. Хатшының соңғы айтқан сөзі намысыма тиді. Жақсы, барайын, 1-2 жыл істеп жұмысымды көрсетейін де, газетіме қайта ораламын деп бел будым. Барған соң бірақ түсіндім, жастарды ұйымдастыру, тәрбие жұмысы ұшы-қиырсыз, бір бітпейтін жұмыс екен. Сонымен тапжылмай айналыстым. Шынын айту керек, көп нәрсені үйреніп, білдім, әсіресе одан кейінгі партия қызметінде адамдармен қарым-қатынас орнатудың, бұқара халықпен қызмет істеудің мекте-бінен өттім. Әрине, қиындықтарға да кездестім, қателестім, сүріндім, біртіндеп төздім, асыл азаматтардан, ағалардан сабақ алдым, үйрендім.

– Зейнетке шыққанға дейін де, одан кейін де елге қызмет етіп жүрдіңіз. Қоғамға қосқан еңбегіңіз еленді ме? Мемлекет тарапынан лайықты деңгейде бағаланды ма?

– Еленді, оларды қандай деңгейде болса да «тәубә!» деп қабылдап, шүкіршілік айтамын. Жалпы, елге қызметімді әсірелеп, ерекше деп жоғары бағалаудан аулақпын, өзім қатарлы азаматтардай еңбек сіңірдім, асып кеткен ештеңем жоқ. Менің Ақылбек Бәтәуұлы деген немере ағам болды, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Соғыстан кейінгі жылдары зейнеткерлікке шыққанша облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайын нығайтуға бір адамдай еңбек сіңірген, 3-4 ауданды басқарып, кейін облыс деңгейінде партия, кеңес қызметтерін атқарған. Сол ағам жасы 80-ге таянған шақта өмірден өтерінен бір жыл бұрын маған айтты: «Көріп отырсың, менімен қатарлас азаматтар өмірден өткеннен кейін балалары, туыстары өтініп сұрап, есімдерін елді мекенге, болмаса көшелерге беру дәстүрге айналып барады. Мен осыған қарсымын. Аудан басқардық деп бәлсіну, міндетсіну дұрыс болмайды. Адал еңбек ету – әркімнің парызы, ол үшін атақ, мадақ сұрау күнәмен пара-пар. Ұлтқа, халыққа ерекше қызмет етіп, өмірін қиған болса бірсәрі. Сондықтан ертеңгі күні маған сондай ұсыныс болып қалса, тоқтау сал. Бұл – саған аманат!» – деді.

Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Атасының атын ауылға, көкесінің есімін көшеге беруді тоқтату керек» дегенін естігенде Ақылбек ағамның айтқан өсиеті есіме түсті. Сондықтан ешқашанда марапат сұраған жоқпын, осыған дейінгі алған марапаттарыма шүкір-шілік деп отырған жайым бар.

– Халық зиялы қауымнан көп нәрсе күтеді? Өзіңіз де сол қатардансыз. Осы таптың өкілі ретінде не істедіңіз?

– Менің пайымдауым бойынша, зиялы дегеніміз оқыған, білімді деген мағынадан кеңірек. Кейбір білімі бар, жоғары лауазымды адамды зиялыға қоса саламыз, онымыз қате деп ойлаймын. Себебі, қоғамға айтары, қосары жоқ, күйттегені қара басы, ойлағаны өзінің ғана құлқыны болса, оның қай ісінен зиялылықтың нышанын көреміз?

Шынымды айтсам, өзімді сол зиялы қауымға қосуға аузым бармайды, білгеннен білмейтінім көп, қайсібір күндері менен ақылды, парасатты адамды кездестіргендей болсам, одан өзіме бір беймәлім тұсты олжалап қалуға тырысамын.

– Кезінде ұлттық идеология туралы кесек-кесек ойлар айтып отырушы едіңіз. Өзгені айтпағанда, өзіңіз туып-өскен өңірдегі, яғни облысымыздағы осы мәселенің жүзеге асуына көңіліңіз тола ма? Қандай кемшін тұстар бар, неге мән берілуі керек?

– Менен рухани идеологияны сұрап отырсыз ғой деп пайымдап отырмын, бір өкініштісі, сол кенжелеп қалғандай. Отыз жыл біз экономикамызды жөндеп алайық, рухани тұсын содан кейін жетілдіреміз деген қате мақсат болды. Мұны бір-бірінен айыруға болмайды. Қазір қоғамда сыбайлас жемқорлық кең етек алып кетті, бұл – сол қайтсек те, ұрлап жырласақ та баю дегеннің нәтижесі. Ендігі мақсат – осы сырқаттан айығу. Менің түсінуімше, бұл – өте қиын іс, қазақ айтатын «батпандап кіріп, мысқалдап шығатын» дертпен тең.

Ана жылдары «Рухани жаңғыру» деген керемет бағдарлама болды, терең идеология сонда еді. Бірақ баяғы «қой көрмеген қуалап өлтіреді» демекші, жақсы істі ұрандатып, думандатып, улап-шулап, құнсыздандырып, аяғын ойынға айналдырып, әркім өз білгенін істеп, қаражатты оңды-солды шашып тындық. Жақсы іс негізгі мақсатына жетпеді. Тоқсаныншы жылы «Атамекен» деген бағдарлама жарық көрді, оның да ғұмыры қысқа болды. Жалпы, дағдарыс деген – көп мемлекеттің басынан өткен жағдай. Бірақ сонда да олардың көпшілігі дұрыс бағыт-бағдар жасап, ұлттық, мемлекеттік серпілістің арқасында әлемдегі алдыңғы қатардағы мемлекеттер сапынан көріне білді. Мысал ретінде Жапон, Оңтүстік Корея, Америка, Түркия және басқа да дамыған елдерді атап айтуға болады. Жапондықтар ұлт-тық құндылықтарын жаңғыртты, өзін-өзі тану басты идеологиялары болды. Осы жерде мен де айта кетсем болады, біздің «Рухани жаңғыру» бастапқыда жапон идеологиясымен үндес еді. Ол заманауи тәуекелдіктер мен жаһандық талаптарды ескере отырып, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыр-туға, сондай-ақ, Қазақстанның заманауи әлемдегі бәсекелестік қабілеттілігін арттыруға, ұлттық сәйкестікті сақтауға, азаматтардың мәдени білімін және сана-сезімінің жоғары екендігін дәріптеуге бағытталған еді.

Міне, осы салалардың барлығы қазақстандықтар сүйенетін негізге, тірекке айналуы тиіс деген мақсат болды. Бұл бағдарлама қоғамды шоғырландыруға, зиялы қауым мен жастарды, барлық ұлт өкілдерін жариялаған жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік береді деп көзделген еді. Бағдарламаның барлық бағытын іске енгізу әлеуметтің, ғылыми-эксперттік қауымдастықтардың, азаматтық қоғам өкілдері мен жастардың белсенді түрде атсалысуымен жүзеге асырылуы тиіс болатын. Өкінішке қарай, жоғарыда аталған және басқа да себептермен іске аспай қалды.

– Амандық болса, биыл күзде 75-ке толғалы отырсыз. Ақсақалдық жасқа жеттіңіз. Жас буынға қандай өсиет айтасыз?

– Жастарға өмірді сүйіңдер, өмірге әкелген ата-анаға, Аллаға шүкіршілік айтып, риза болып жүріңдер деймін. Бала кезімізде әке–шешеміз алдымен ата-анаңа риза бол, ақыл-кеңестерін құлаққа сіңіріп, жақсы азамат болып өс дейтін. Содан кейін көрші-қолаң, дос-жарандарыңа сыйлы бол, басқаны сыйла, өзіңді де сыйлата біл, одан кейін ауыл-аймақ, жерлестеріңе жақсы істеріңмен, азаматтығыңмен сыйлы бол деп ақыл-өсиеттерін айтатын. Мен де қазіргі өз балаларыма, немере-жиендеріме, жалпы, жастарға осы ақылды айтамын. Ең бастысы, адал болыңдар, ұрлық-қарлықтан, ғайбаттап өсек айтудан сақ болып, таза жүріңдер деймін.

– Өткен күнге өкінішіңіз, өкпе-ренішіңіз бар ма?

– Өткенге өкініп, өкпелемеймін, ол өтті-кетті, ештеңені өзгерте алмаймын. Қанша тырыссаң да, ол қайта оралмайды. Ертеңгі күнді армандап, қиялданбаймын, оған ең бірінші жетіп алайық, соған жетемін бе, жоқ па, оны да бір Алла біледі. Бүгінгі күнді өз деңгейінде өткізуге тырысамын, осы күннің бұйырған несібесін теріп, жайнап атқан күнге қуанамын, қуанышымды басқалармен бөлісемін.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде доцентпін, жастарға дәріс оқимын. Университетімізде «Спорт журналисі» деген жаңа мамандық ашылған. Сонымен айналысамын, болашақ телевидениедегі спорт комментаторларын, шолушыларын дайындаймыз. Сонымен қатар, мамандық бойынша оқулық жазып жатырмын.

– Әңгімеңізге рақмет! Қолға алған, ойға алған ісіңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.