ұрпақ тәрбиесі не болады?

Бірнеше күн бұрын Екібастұз қаласына қарасты мектептердің бірінде жұмыс істейтін дене шынықтыру пәні мұғалімінің оқушы қызды жақындасуға шақырып, түрлі хабарламалар жібергені жайлы жағымсыз жаңалық әлеуметтік желіде жария болды. Бүгінде жалпақ жұртқа жаға ұстатқан бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің ашуын тудыруда.

Мәселенің мән-жайына тоқталар болсақ, екібастұздық әйел Instagram-парақшасында 14 жасар қызына дене шынықтыру мұғалімі тиіспек болғанын айтып, шағымданған. Оның сөзіне қарағанда, ер педагог кәмелет жасына толмаған жас қызға хат жазып, әдепсіз ұсыныстар айтып, жақындасу жайлы дыбыстық жазбалар да жіберген. Мұны көріп, бауыр еті баласының болашағы үшін алаңдаған ана әлеуметтік желі арқылы араша сұраған. Бұдан кейін шахтерлер шаһарындағы тағы бір тұрғынның парақшасында сол мұғалімнің басқа оқушыларға жол-даған бейнежазбалары мен дыбыстық хабарламалары жарияланған.

Аталған жағдайдан кейін жергілікті құқық қорғау органдары жедел іске кірісіп, мәселенің ақ-қарасын анықтауда. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Белялова:

– Бұл дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, – дейді.

Ал Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, күдікті деп танылған мұғалімнің мектепте жұмыс істегеніне 5 жылдан астам уақыт болған. Алайда бұған дейін оның ерсі әрекеттері байқалмаған.

– Орын алған оқиға туралы әлеуметтік желілерде ғана жарияланды. Бірақ қалалық білім беру бөлімі мен мектепке осы жағдай бойынша ешбір ата-ана да, оқушы да келген жоқ. Әлеуметтік желіде ата-ананың шағымы шыға салысымен бұл ақпарат бірден полиция басқармасына жіберілді. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізуде. Тергеу аяқталған соң оның қорытындысы бойынша тиісті шара қолданылатын болады, – дейді Лаура Дисюпова.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта елімізде мұғалімдердің, әсіресе, дене шынықтыру пәні мамандарының оқушыларға қиянат жасау, азғындық көрсету сынды деректері жиілеп кетті. Мұны құқық қорғау органдарының өкілдері де растап отыр. Мысалы, өткен жылдың соңында Жаңаөзен қаласындағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыны ұрып-соққаны жайлы бейнежазба желіге таралып, маңғыстаулық полициялар іс қозғаған еді. Сол сияқты биыл қаңтар айында да Астана қаласындағы бір білім ордасында дене шынықтыру мұғалімі 8 жасар қызды итеріп, оған дөрекілік көрсеткені анықталды. Бұл мәселеге қатысты шу шыға салысымен кінәлі мұғалім жұмыстан шығарылған. Бұған не себеп? Психолог мамандар жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мұғалімдердің мұндай әрекетке баруы алаңдатарлық жайт екенін алға тартуда. Осылай деген Ақсу қаласындағы қазақ гимназиясының психологы Нәзигүл Шаймарданова:

– Ақыл-есі сау, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын адамның балаға қиянат жасауы дұрыс емес. Әсіресе, ер мұғалімдер оқушы қызға ерсі қылық көрсетсе, демек, оны бала ретінде санап тұрған жоқ деген сөз. Сондықтан мұндай адамдар баламен жұмыс істей алмайды деп ойлаймын. Сол үшін педагогтарды қызметке қабылдамас бұрын оның психологиялық және психикалық жағдайы дұрыс екендігін растайтын арнайы анықтама талап еткен жөн. Балалармен жұмыс істейтін адамдарға қатаң талап қойылып, тәртіп орнаса ғана қоғамда болып жатқан жағымсыз жайттарға тосқауыл болады. Мысалы, құқық қорғау органдарына қызметке баратын азаматтың эмоционалдық жағдайын, көпшілікпен дұрыс тіл табысып, жұмыс істей алатындығын анықтау үшін психологиялық тексеру жүргізіледі. Бұл тәсіл бүгінгі ұстаздарға да қажет, – дейді. Аталған мәселеге қатысты көпті көрген ардагер ұстаздардың да айтары бар. Солардың бірі ақсулық зейнеткер Рысты Сүйінова:

– Жүректі сыздататын жайсыз оқиғалардың орын алуы – өте өкініші жағдай. Бүгінде қоғамда талқыланып жатқан Екібастұздағы ұстаздың жасаған әрекеті дәлелденсе, ұят болды. Алдымен оны дәрігердің тексеруінен өткізу керек деп ойлаймын. Егер саналы түрде ерсі әрекетке барса, мұндай мұғалімді мектептен аластату қажет. Осындайлар қоғам үшін қауіпті деп есептеймін. Өрімдей қыздың қиын жағдайға тап болғаны да жанға батты. Бүгінде біз білмеген, ел естімеген қаншама жағдайдың болып жатқанын кім білсін? Сондықтан әр ата-ана баласының қандай көңіл-күйде жүргенін күнделікті қадағалап, ашық сөйлесіп, тексеріп отырғаны жөн. Біз балаларды қорғауға міндеттіміз, – дейді. Бар ғұмырын ұстаздық етуге арнаған ұлағатты жан, Павлодар қаласының тұрғыны Әмина Мұратқызы да мұғалімдерге қатысты қоғамда болып жатқан жайсыз оқиғалар үшін ұялатынын айтады.

– «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, болған оқиғаларды естіп, ардагер ұстаз ретінде ұялып отырмын. Біз ізімізді басып жүрген жас буынға осындай тәрбие бердік пе? Ұстаз деген ұрпаққа айна болуы керек еді. Ұл-қызымыз осы адамдарға қарап ой қорытып, бой түзеуі тиіс. Өкінішке қарай, соңғы уақытта мұғалім мәртебесі көтеріліп, жалақысы көбейіп, сый-құрметке бөленген сайын кейбіреуінің осындай жиіркенішті әрекеттерге баруы бүкіл ұстаз атаулының атына кір келтіріп, бетіне қара таңба басқандай әсер қалдырды, – дейді ол.

Шынымен де, «Бірдің кесірі мыңға тиеді» демекші, мұндай жағдайлар кінәлі деп танылған педагогтың ғана емес, ол еңбек еткен мектептің, тіпті, сол елдің абыройына нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Ең өкініштісі, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие береді деп үміттенген мұғалімдер қауымы небір сұмдыққа барып жатса, басқасынан не қайыр? Ал сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

Нұржайна ШОДЫР