Әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатыста қоғамда түрлі пікір айтылады. Ай сайын ақша аударатын азаматтар тарапынан да наразылық білдіретін кездер болады. Міне, осындай жағдайларға, әлеуметтік желілердегі және ресми байланыс арналары арқылы түскен өтініштерге әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әрдайым мониторинг жүргізіп, талдайды. Қазақстандықтарды көбіне дәрігер қабылдауын және медициналық тексерулерді ұзақ күту, жолдама алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу, сондай-ақ дәрігерлердің, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтардың қолжетімділігі мәселелері алаңдататын көрінеді.
Қордың облыстық филиалының мамандары жиі кездесетін жағдайларда пациенттердің қалай әрекет ету керектігін және медициналық көмек алу барысында қиындықтар туындаған жағдайда қайда жүгінуге болатынын түсіндіріп берді.
Мәселен, сақтандырылмаған мәртебесі болса, мүлдем медициналық көмек көрсетілмейді дегенді білдірмейтінін бірі білсе, бірі білмейді.
– Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық көмек көрсетіледі. Оның құрамына жедел және шұғыл медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, вакцинация, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар аурулар мен жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмек, оның ішінде туберкулез, АИТВ инфекциясы және онкологиялық аурулар кезінде көрсетілетін көмек кіреді, – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Әсел Оқапова.
Ал МӘМС мәртебесі МӘМС пакеті шеңберіне кіретін медициналық қызметтерді алу үшін қажет. Сонымен қатар, МӘМС жүйесі мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидаты бойынша жұмыс істейді. Жарналар адамның жеке шотында жинақталмайды, олар жүйенің ортақ қаражатын қалыптастыратынын да ескеру керек. Осы қаражат есебінен медициналық көмекке мұқтаж азаматтарға тиісті қызметтер көрсетіледі.
Кейде белгілі бір тексеріске жол-дама бермеу жайын айтып, тұрғындар ренішін айтатын сәттер де аз емес. Қордың мамандары мұндайда қандай қадам жасау керектігін түсіндірді.
– Пациент КТ, МРТ, зертханалық талдаулар немесе бейінді маманның консультациясын өз бетінше тағайындай алмайды. Мұндай зерттеулер мен консультациялардың қажеттілігін медициналық көрсетілімдерге сәйкес емдеуші дәрігер анықтайды. Егер пациент қосымша тексеруден өту қажет деп есептесе, бірақ дәрігер тиісті тағайындау жасамаған болса, алдымен өзі тіркелген медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгінуі керек. Көптеген мәселені медициналық ұйымның өзінде шешуге болады. Егер мәселе шешілмесе, азамат Қорға msqory.kz ресми сайты арқылы жүгіне алады, – дейді қордың өкілдері.
Тұрғындардың тағы бір легі қолында жолдамасы бола тұра, қабылдауға жазыла алмай әбігерге түсетін жағдайлар да жоқ емес. Бұл тығырықтан шығудың да заңды жолы бар.
– Егер бейінді маманның консультациясына немесе диагностикалық зерттеуге жолдама берілгенімен, бос орын болмаса, медициналық ұйым пациент үшін басқа маршрут ұйымдастыруы тиіс. Бейінді маманның жоспарлы консультациясын немесе диагностикалық зерттеуді күту мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауы керек. Егер медициналық ұйымда қажетті маман немесе жабдық болмаса немесе қызметті белгіленген мерзімде көрсету мүмкін болмаса, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда пациент тиісті қызметті қосалқы орындау шарты бойынша көрсететін басқа медициналық ұйымға жіберілуі тиіс. Осылайша, нақты медициналық ұйымда маманның, қажетті жабдықтың немесе бос орынның болмауы пациентті ақылы ем алуға жіберуге негіз болмайды, – деді филиал басшысы.
Қордың өкілдері медициналық қызмет үшін ақы төлеуді талап етсе, тұрғындарды заңсыздыққа жол бермеуге шақырады. Яғни, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС жүйесі шеңберінде көрсе-тілетін медициналық көмек ақылы болмауы тиіс. Бұл Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 202-бабы 9-тармағында көзделген. Мұндай оқиғаға тап болған пациенттер медициналық ұйымның пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне немесе қорға хабарласуы керек. Содан кейін мұндай өтініштер бойынша тексеру жүргізіледі. Бұзушылық фактісі расталған жағдайда пациенттің құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылданады, ал медициналық ұйымға заңнамада және шарт талаптарында көзделген қаржылық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.
Кейінгі уақытта медициналық ақпараттық жүйеде пациент іс жүзінде алмаған қызметтің көрсетілу деректері аракідік анықталып тұрады. Дәл осындай жағдай кездесе қалса, азаматтар алдымен жазбада көрсетілген медициналық ұйымға жүгініп, енгізілген деректердің дұрыстығын тексеру қажет. Егер қызметті алмағаны расталса немесе пациентке 1414 нөмірінен іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызмет туралы SMS-хабарлама келсе, қорға жүгіну керек.
Тексеру жүргізу үшін өтінішке қызмет көрсетілген күн мен кезең, сондай-ақ тиісті ақпаратты енгізген медицина қызметкерінің деректері көрсетілген скриншоттарды қоса берген жөн.
Қордың мәліметінше, жүйені цифрландыру көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Қаржыландыруды басқарудың бірыңғай цифрлық ортасы — Qalqan жүйесін қалыптастыру аясында пациенттер көрсетілген медициналық қызметтер мен олар бойынша жүргізілген төлемдер туралы ақпаратты eGov Mobile және пациенттің бірыңғай жеке кабинеті арқылы көре алады. Пациент тіркелген медициналық қызметтерді қарап, олардың нақты көрсетілгенін растай алады және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда тиісті өтініш жолдауына жол ашық.
Ал егер пациенттің құқықтары бұзылған жағдайда тұрғындар өз медициналық ұйымыңдағы пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну керек. Мәселе медициналық ұйым деңгейінде шешілмесе, азамат қорға msqory.kz ресми сайты арқылы өтініш түсіре алады. Қор олқылықты анықтаса, өз өкілеттігі шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Яғни, өтінішті тіркеп қана қоймай, анықталған бұзушылықты жоюға және пациенттің уақытылы, қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алу құқығын қалпына келтіруге ықпал ету көзделген.
Гүлжайна Түгелбай.
