Елімізде онкологиялық сырқаттар ішінде әйелдердің сүт безінің қатерлі ісігі, өкінішке қарай, бірінші орынға шыққан. Жыл сайын Қазақстанда бұл дерт 5 мыңнан астам әйелден жаңадан анықталуда. Павлодар облысында да жыл сайын кемінде 300 әйел сүт безі қатерлі ісігі бойынша есепке алынады. Облысымызда бүгінде 3380 пациент диспансерлік есепте тұр. 2026 жылдың 8 айында 243 жаңа жағдай тіркелген. Мұндай сүреңсіз статистика Павлодар қаласының орталық жағажайында биыл екінші рет өткен кең ауқымды әлеуметтік жүгіруден жарыс алдында айтылды.
Ерте анықталса, емдеуге болады
Бұл шара арқылы ұйым-дастырушылар қоғамның маңызды мәселесіне көпшіліктің назарын аударуды мақсат еткен. Жүгіру жарысына облыстық, Павлодар қалалық әкімдіктері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсеткен. Бұлай қоғамда дабыл қағудың да жөні бар. Себебі, сүт безі қатерлі ісігінің анықталу көрсеткіші жыл өткен сайын артқаны аңғарылады.
Мұндай статистиканы облы-сымызға арнайы келіп, ауқымды шараға қатысқан Қазақстан онкологтар қауымдастығының төрағасы, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Диляра Қайдарова да тілге тиек етті.
– Қазан айы – сүт безі обырына қарсы күрес және бұл ауру туралы көпшілікті халықаралық ақпараттандыру айы. Осылайша, әйелдерді өз денсаулығына бей-жай қарамауға шақырып отырмыз. Елімізде 40-76 жас аралығындағы әйелдерге скринингтер өткізіледі. Тегін маммографиядан өтуге мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, сүт безі обыры жасарып кетті. Бүгінде 30 жасқа толмаған жастар арасында да кездеседі. Міне, осы жағдайдың алдын алу үшін әйелдерге уақытылы профилактикалық тексерістен өту қажеттігін еске саламыз. Ал анасында немесе әпкесінде сүт безі обыры, аналық безі обыры бұрын анықталып, ауырған жағдайда, тұқымқуалаушылық белгісі болуы мүмкін. Онда мұндай әйелдерге жас кезінен сүт безіне ультрадыбыстық тексеру жүргізу қажет. Осы тұқымқуалаушылық түрі, өкінішке қарай, көбейіп келеді. Жалпы, елімізде бұл дерт барлық еуропалық және америкалық қауымдастықтар тарапынан бекітілген хаттамалар бойынша емделеді. Бізде барлық гистологиялық, иммуногистохимиялық зерттеулер жүргізетін зертханалар әр облыста бар. Яғни, сырқатты ерте анықтаудың мүмкіндіктері бар, – дейді Д.Қайдарова.
Осы ретте, онколог дәрігер әйелдерге қорықпай, тексерілуге уақытылы барудың маңыздылығын атап өтті. Себебі, сүт безі қатерлі ісігі ешбір ауырсыну белгілерінсіз дамуы мүмкін. Яғни, тексерілмесе, сырқат 3-4-сатысында бір-ақ анықталуы ықтимал. Ал әйелдер өздері қандай да бір өзгерісті байқаған жағдайда қорықпай дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінсе, ауыр дерттің алдын алуға болады.
Қауымдастық төрағасының айтуынша, қазіргі таңда, өкінішке қарай, сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандардың 15 пайызы аурудың соңғы сатысында мамандар көмегіне жүгінеді. Жыл сайын, өкінішке қарай, Қазақстанда 1500 әйел сүт безі обырынан өмірден өтеді. Дерттің алдын алу, анықталған жағдайларда тиісті емін жасау бағытында озық тәсілдерді енгізуге елімізде көңіл бөлініп жатқанын да атап өтті.
– Соңғы бес жылда еуропалық және америкалық сарапшылармен бірлесіп, емдеудің барлық хаттамалары енгізілді. Халықаралық хаттамаларға сәйкес дәрі-дәрмек тағайындалады. Сүт безі обыры әртүрлі болып келеді. Алдымен ісік анықталып, ол гормонға тәуелді түрі болса, оны гормондық әдіспен емдеу қолданылады. Кейбіріне химиялық терапия, тағы біріне сәулелік терапия тағайындалады. Павлодар қаласындағы онкологиялық диспансерге біраз уақыт бұрын сәулелік терапияның жаңа аппараты орнатылды. Осы айда тағы бірі жеткізіледі. Павлодар облысы жабдықтармен қамтылуы, кәсіби мамандар жағынан алда деуге болады. Бастысы, сенім білдіріп, уақытылы тексерілу керек, – дейді Д.Қайдарова.
Ақпараттандыру аса маңызды
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков қайырымдылық жүгіру жарысы осы сырқатқа шалдыққан жандарға айтарлықтай қолдау әрі әйелдерге ауруды асқындырмай, ерте анықтауға шақыруда маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Өінішке қарай, Қазақстанда, облысымызда онкологиялық аурулар ішінде сүт безі обыры – бірінші орында. Сондықтан, сырқатты ерте анықтап, емдеудің маңызы зор. Өңірімізде жылына 300-ге жуық әйелден сүт безі рагі анықталады. Ауруды ерте анықтау мүмкіндігі барын айтқымыз келеді. Ерте анықтап, уақытылы ем қабылдаса, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік болады. «Қызғылт қазан» аталған арнайы айлық кезінде өңіріміздегі медициналық мекемелерде «Ашық есік күні» шарасы ұйымдастырылады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын көптеп жүргіземіз. Еңбек ұжымдарына барып, дәрістер өткізіледі. Әйелдер қауымын уақытылы тексерістен өтуге шақырамыз. Әйелдер тексерілуден қорықпай, скринингтен өтуді ертеңгі күнге қалдырмай, денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауы қажет, – дейді басқарма басшысы.
50 жыл онкология саласында еңбек етіп келе жатқан облыстық онкологиялық диспансер директоры Мұрат Сүлейменов те соңғы жылдары сүт безі обырының күрт көбейгенін растап отыр.
– Қазан айында сүт безі обырымен күрес мақсатында халықты кеңінен ақпараттандыру мақсатында жүгіруден жарыс екінші жыл өткізудеміз. Елу жыл еңбек етіп келемін. Бұрын сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулар арасында 7-8-орында болса, бүгінде бірінші орынға шыққаны алаңдатады. Мұндай көрсеткіш бүкіл әлемде көрініс тапқан. Оның себебі көп. Тұқымқуалаушылық та, табиғат та, радиобелсенділік, әйелдердің созылмалы қабыну аурулары да осы дертке жетелеуі мүмкін. Облыста жыл сайын 300 әйел сүт безі обырымен есепке алынады. Екінші орында – колоректальді рак. Жатыр мойны қатерлі ісі бойынша да жағдай өзгерді. Бұрын 8-9-орында болса, қазір 4-5-орынға көтерілді. Сондықтан, әйелдерде негізгі онкологиялық аурулар ретінде сүт безі және жатыр мойны қатерлі ісіктері болып отыр, – деді Мұрат Сүлейменов.
Сондай-ақ, ол жылына елімізде 5 мыңнан астам әйел сүт безі қатерлі ісігіне шалдығатынын, бірақ, қазақстандық дәрігерлер бұл аурудан емдеуді үйренгенін атап өтті. Нәтижесінде мыңдаған әйел қалыпты өміріне оралып, бірі анасымен, бірі баласымен, бірі немересімен қайта қауышқан. Мұрат Сүлейменовтің айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу, емдеу мақсатында әлемде 1990 жылы қызғылт таспа тарату, дерт жайында көпшілікті құлақтандыру басталған. Бұл қызғылт таспа сүт безі обырымен күрестің белгісіне айналған көрінеді.
Диспансер директоры алдын алу мақсатында қыздарға 11-12 жаста адамның папиллома вирусына қарсы екпе салудың маңызын түсіндірді.
– Австралияда 20-25 жыл бұрын адамның папиллома вирусына қарсы екпе жасау басталған. Қазір бұл елде бүгінде әйелдерде жатыр мойны қатерлі ісігі тіркелмейді. Былтыр қыздарға екпе жасау басталса, келесі жылы ұлдарды вакцинациялау жоспарланып отыр. Уақыт өте бұл шаралар өз нәтижесін береді деп күтілуде, – дейді Мұрат Құснұлұлы.
Айта кетерлігі, жүгіруге Павлодар, Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай және елдің басқа қалаларынан 500-ге жуық азамат қатысты. Қатысушылар
3 және 5 шақырымдық қашықтықта жарысты. Жүгіруге келген медицина қызметкерлері, қоғам өкілдері және маңызды әлеуметтік бастаманы қолдауға дайын барлық жандар маңызды шараға үн қосуға асықты.
Сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан жандарды қолдауға Павлодар қаласының 72 жастағы тұрғыны да арнайы келіпті.
– Маңызды шараны қолдауға келдім. «Нұржаусын» қауым-дастығының құрамындамын. Бұл қауымдастық бізге әрі қарай өмір сүруге, қиындықтарымызбен күресуге көмектеседі. Жүгіру жобасына қатысу арқылы сүт безі рагына шалдыққандарды қолдауды, қоғамның назарын аударуды мақсат еттім. Экология да нашарлап барады. Сондықтан жасыма қарамастан жүгіруден қалмай, жастарға үлгі болуды жөн көрдім. Жастарға еш қорықпай тексеріліп, емді уақытылы бастаса, бәрі жақсы болатынын айтқым келеді. Медицина да дамып келеді. Өз басымнан өткеннен кейін айтып отырмын. Мен өзім биыл төртінші жыл ремиссиядамын, – дейді Валентина есімді 72 жастағы қала тұрғыны.
Ер азаматтар да жүгіруден қалмай, спорт арқылы азаматтарды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Солардың бірі –
Дамир Данияров. 13 жасынан бері спортпен айналысатын ол шетелде білім алып келсе де, спортты бір сәт қалдырмағанын айтады.
– Бүгінгі жүгіруден жарыс әрбір адамның өз денсаулығына қамқорлық танытуын білдіреді. Күнделікті өмірде ең қажеті, басты байлығымыз – денсаулық. Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, дер кезінде емдеудің маңызын көпшілік түсінуі керек. Ол үшін тексерілумен қатар салауатты өмір салтын ұстанып, күнделікті физикалық қимыл-қозғалысты қосуы қажет. Жарыс өте жақсы ұйымдастырылып, мәселеге қоғам назарын аудартқаны анық, – дейді Дамир Тұрарұлы.
Қатерлі дерттің алдын алуға үн қосу, көпшілікті барынша кеңінен ақпараттандыруды мақсат етіп келгендер арасында жасы да, жасамысы да болды. Әркім өз шамасынша мәреге жетуге тырысты. Ал жүйріктерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Павлодар қаласы.
