«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде облыста қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері аймақта 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, жастардың табиғатқа жанашырлығын арттыруға және экологиялық жауапкершілігін нығайтуға басымдық берілген.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру тұрақты бақылауда. Бұл бағыттағы жұмыстар қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға, жас буынның табиғатты қорғау бастамаларына қатысуын арттыруға және экологиялық жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.
— Облыстық «Жасыл ел» штабының ұйымдастыруымен «Таза ел – ортақ жауапкершілік» дөңгелек үстелі, «Өзіңнен баста» челленджі, «Тазару күні» және «Таза ел – таза жүрек» акциялары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 1 маусымда «Таза Қазақстан: Жасыл әлемге саяхат» экологиялық-танымдық іс-шарасы, ал 29 маусымда Торайғыров университетінде жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға арналған «Эко-Movie» интерактивті шарасы ұйымдастырылды. Ал 1 шілдеде «Ertis Promenade» сахнасында «Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының XXII еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды. Маусым барысында жасақ мүшелері тазалық акцияларына, қаланы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына және қоғамдық маңызы бар бастамаларға қатысуда, — деді Ж.Ахметжанова.
Жастардың экологиялық сауатын арттыру бағытында танымдық жобалар да жүзеге асырылуда. Соның бірі – «ЭКО Volunteer» жобасы аясында ұйымдастырылған «Eco-серпін» квесті. Ал «Taza Sana» экологиялық ойыны мен «Эко-прогулка» үстел ойыны табиғатты қорғау, ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелерін қамтыған.
Экологиялық тақырып шығармашылық жобалар арқылы да насихатталуда. Мәселен, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Волонтерлік орталықтың ұйымдастыруымен «RE:FASHION» жастар дефилесі өтті. Шара барысында қатысушылар қайта өңделген және қалдық материалдардан тігілген киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Осылайша, жоба қажетсіз заттарды қайта пайдаланудың тиімділігін көрсетіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шығармашылық тұрғыдан үлес қосқан.
Айдана БОРАНБАЕВА.
