Бүгінде өз күшімен өрге жүзген кәсіп некен-саяқ. Өйткені, кез келген бизнесті ілгерілетуде қыруар қаражат қажет. Оны несие түрінде алса, еселеп өтеп, тапқаны кредитін төлеумен кетері анық. Осындай шақта отандық кәсіпкерлерге көмектің түрлі тетігі ұсынылады. Мұндай демеуді ұтымды ұқсата білгендер аз уақыт ішінде ойлаған идеясын іске асыруда. Бастамасы мемлекет демеуімен алға басқан бірқатар шағын кәсіптің тыныс-тіршілігімен таныстық.
Керек-жарағы жаңарып…
Қолда ешбір құрал-жабдықсыз арманын бүгінде нақты кәсіпке айналдырған азаматтардың бірі – Иван Косенко. Ол қазіргі таңда жиһаз өндірісінде еселі еңбек етуде. 5 жыл бұрын қазіргідей өндіріс көлемін елестете де алмаған. Бастысы, серіктесімен әрекеттене берген.
– Нөлден бастадық. Қолымызда екі бұрандалы бұрағыш құралы болды. Қазір техникалық паркіміз қалыптасты. Корпустық жиһаз жасауға қажетті барлық станоктық жабдығымыз бар. Өніміміз өңірде ғана емес, Қазақстан бойынша тұтынушыларға жеткізілуде. Маркет-плейстер арқылы тауарымызды сатуды да жолға қойдық, – дейді «DESSIN» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Иван Косенко.
Бұл кәсіпорын айына шамамен 200-ге жуық өнім түрін жасап шығарады. Тұтынушылардан жеке тапсырыстар да қабылдайды. Сонымен қатар, өзге шағын цехтар мен азаматтарға қосымша қызмет те көрсетеді. Яғни, қолдарында бар жабдықтарда өнімдерін өңдеп алу мүмкіндіктерін береді. Ал өнім құнын арзандату мақсатында жиһазды өзі құрастырып алуды қалайтындарға электронды форматта құрастыру нұсқаулығын қоса табыстайды.
Әлбетте, кәсіпті кеңейтіп, өнімділікті арттыруда озық жабдықтар алудың маңызын түсінген кәсіпкер мемлекеттік қолдауға жүгінеді. «Даму» кәсіп-керлікті дамыту қоры арқылы екінші деңгейлі банктен алған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау тетігін пайдаланады. Бұл қаражатқа қажетті станоктар сатып алып, жұмысын жеңілдету мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, тауарының сапасын арттыруды көздеді. Яғни, алғашқы шағын несиені жиһаз материалының жиегін қаптайтын станок сатып алуға бағыттаған. Одан кейін де станоктар сатып алуды тоқтатпаған. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде жиек қаптайтын, бұрғылау және тесіп өңдеу, пішімдеп кесу, вакуумды сығымдау станоктарын қолданады.
– Осылардың ішінде сандық бағдарламалық бақылауы бар станоктың көмегімен жұмысымыз біршама жеңілдеді. Мұнда бір аппаратта бірнеше операция бірден атқарылады. Яғни, бір ғана станоктан дайын өнім шығады деуге болады. Сонымен бірге, бұл бірегей станок адами факторды азайтады. Материалды да үнемдеп, кемшіліктер жіберуге жол бермейді, –
дейді кәсіпкер.
Өнімі өтімді
Қазіргі таңда кәсіпкер айына 10 млн теңгеден астам сомаға 200-ге дейін корпустық жиһаз жасайды. Кәсібіне қажетті материалдарды жергілікті жеткізушіден тікелей алады. Көрші мемлекеттерден де тапсырыспен алдырады.
– Әрине, бюджеттік жағдайдағы шикізатты да, тапсырыс берушінің қалауына қарай қымбатын да қолданамыз. Әркімнің қаржылық жағдайына байланысты таңда-лады. Корпустық жиһаздың барлық түрін шығарамыз. Әртүрлі шкафтар, асхана үстелдер мен оқушылардың жазу үстелі, асхана гарнитурын, сауда нысандарына да жиһаздар жасаймыз. Кейбір жиһаз маусымдық сипатқа ие. Мәселен, оқу жылына жақында-ғанда ата-аналар балаларына сабақ оқитын үстелге көптеп тапсырыс береді. Жазда үйлерде жөндеу жұмыстары көбейіп, нәтижесінде шкафтар мен асхана гарнитурына тапсырыстар көптер түседі, – дейді Иван Сергеевич.
Осындай жетістікке жетуде мемлекеттік демеу айтарлықтай жәрдем болғанын айтады. Нақтысы, дамуын жеделдеткен.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстық филиалының бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері Мәдина Бәденованың мәлімдеуінше, «DESSIN» ЖК 2022 жылы екінші деңгейлі банк арқылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы шеңберінде инвестициялық мақсаттарға 1 500 000 теңге көлемінде қаржы алған. Қарыз шеңберінде «Даму» қоры несие сомасының 85 пайызына немесе 1 275 000 теңге мөлшерінде кепілдік берген. Бұл қарызды кәсіпкер мерзімінен бұрын өтеп, 2024 жылы тағы да қолдау тетігіне жүгінеді. Бұл жолы 5 млн теңге көлемінде екінші деңгейлі банктен қаржыландыру тартады. Осы қарыз бойынша қор 4 250 000 теңгеге кепілдік берді. Бұл қаражат кәсіпорын қызметін дамыту және кеңейту үшін қажетті станоктар мен жабдықтар сатып алуға бағытталған.
Жиһаз өндіруші қазірдің өзінде жаңа жиһаздық бағдар-ламалармен жұмыс істейді. Алдағы уақытта әлі де жабдықтарды жаңасымен толықтыруға ниетті. Нәтижесінде жұмысқа қосымша мамандар тартуды көздеп отыр. Бүгінде кәсіпорында 5 адам жұмыс істейді. Өндірістік кезең-дердің кейбірі адамның көмегінсіз заманауи жабдық арқылы атқа-рылады. Кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен сапалы өнім шығарып, өндірістік үдерісті тағы жетілдірмек. Өнімін заманауи сауда жүйелерімен сатудың да қыр-сырын меңгеріп алған. Нақтысы, маркетплейске тауарлар каталогын жүктеп, еліміздің әр өңірінен тұтынушы табуды жолға қойған. Дайын өнім болмаса, оны аз уақыт ішінде жасап беруге қауқарлы көрінеді. Осылайша, шағын кәсібін аз уақыт ішінде дөңгелетіп алған азамат өзгелерге қолда қомақты қаржы болмаса да, сәл бір демеу арқылы бизнеске бет бұру мүмкін екенін көрсетті. Болашақта ұлттық тауар өндіруші тізіліміне тіркелуді көздеп отыр. Яғни, білім беру, өзге де сала нысандарына жиһаз жасауға араласуды мақсат еткен. Бір сөзінде ірі тапсырыстардан қалған материалдарының бөлшектерін ұқсатып, кішігірім бұйымдар жасап, балабақшаларға сыйға тартуды да әдетке айналдырыпты.
Оңаша тынығу ойластырылған
Павлодар қаласында қонақ-үйлер қатарын тағы бір нысан толықтырды. Ертіс өзені іргесіне, өзен порты маңына жайғасқан «River Stone» қонақ үйін бүгінде оңашада тынығуды қалайтындар таңдауға бейім. Бұл қонақүй өңіріміздегі туризм үшін де маңызды. Себебі, аймағымызда айтулы оқиғалар, мерекелік іс-шаралар кезінде қонақүйлік орындар тапшылығы сезіледі.
Қонақүй кешенінің иесі әрі басшысы Лариса Денцель көп жыл сұлулық индустриясында қызмет еткен.
– Әу баста бұл нысанды түрлі брендтік косметиканың орталығына айналдыру мақсатым болды. Ойлана келе, қонақүйлік бағытқа ойыстым. Оның өзінде тұжырымдамасында шағын бутик-қонақүй түрін таңдадым. Алдымен бірінші қабатына шағын дәмхана, спа-салон, массаж кабинетін, косметология кабинетін, шаштараз орналастырдық. Ал екінші, үшінші қабатына жалпы саны 16 қонақ бөлме қарастырылды, – дейді іскер әйел Лариса Валерьевна.
Қонақүйге кірген әрбір азамат мұндағы әдемілік, әрбір бөлшегін сондай сүйіспеншілікпен ойластырып жасағанын аңғарады. Себебі, 23 сұлулық саласында жүрген жан меймандарының да жайлы жерде жақсы көңіл күй кешкенін қалады. Айта кетейік, жалпы бутик-қонақүй дегеніміз – авторлық дизайнмен, атмосферасы айрықша, әрбір мейманға көбірек көңіл бөлу сервисі бар шағын қонақжай. Кәсіп иесі дәл осы бағытты қатты ұстанады.
Кәсіпкер өңірімізде қонақүй орындарының тапшылығы барын айтады. Жұмыс күндері іс-сапармен келген азаматтар жайғасса, демалыс күндері түрлі іс-шараларға, той-томалаққа алыстан жеткен ағайын орналасады. Лариса Валерьевна олардың әрбіріне барынша көңіл бөлуге тырысады. Сондықтан да қонақүйде орын санын аз етіп ойластырған.
Лариса Денцель күйеуі екеуі жиған-тергені, ірі бірқатар мүлкін сатқаннан түскен қаражат жетеді деп, іске кірісіп кетеді. Алайда, мемлекеттің қолдауынсыз идеясын толық жүзеге асыру мүмкін болмайтынын байқайды. Сөйтіп, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына жүгінеді.
– Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық бағдарламасына қатыстық. 50 миллион теңге көлемінде екінші деңгейлі банктен 20 пайыздық мөлшер-лемемен несие алдық. Осы пайыздық мөлшерлеменің 12 пайызы мемлекет тара-пынан бағдарлама аясында субсидияланып отыр. Бұл бізге айтарлықтай көмек болды, – дейді кәсіпкер әйел.
Жеті ай бұрын іске қосылған қонақүйдің бүгінде тұрақты клиенттері де қалыптасып үлгерген. Еліміздің әр өңірінен бөлек алыс және жақын шетелдерден келіп, жайғасатын азаматтар легі үзілмейтін көрінеді. Мұнда де-люкс және комфорт санатына жататын нөмірлер қарастырылған. Алғашқысының тәуліктік құны 50 мың болса, комфорт деңгейлі бөлменің бағасы – 40 мың теңге.
– Әр мейманға жайлы болғанына мән береміз. Тұрақты клиенттеріміздің қалауын да жақсы білеміз. Бөлмелер еден астындағы жылыту жүйесі арқылы жылытылады. Әр бөлме жылыту жүйесіне жеке қосылған. Сондықтан бір мейманға бөлме ыстық сезілсе, сол бөлменің ғана жылуын жеке ажыратып қою мүмкіндігі бар. бұдан бөлек, кондиционерлер де қарастырдық. Әркімнің сұранысына қарай жайлылық жасап береміз, – дейді Лариса Валерьевна.
Ол қонақүй кәсібінен бұрын дәмханасына келгенде күрделі тұстар көп болған. Оны да жанжақтан оқып, қыр-сырын меңгеріпті. Инженерлік коммуникация тарту кезінде де қиындықтар туындаған. Нысан толығымен электермен жылытылады. Алдағы уақытта техникалық шарт беріліп, орталық-тандырылған жылу жүйесіне қосылу мүмкіндігі пайда болғанын
тілейді.
Бүгінде мұнда 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тағы алты азамат кейбір жұмыстарға қажет кезінде сырттан тартылады. Кәсіпкер бизнесін жетілдіру тұстарын да ойластырып қойыпты. Мәселен, жаз кезінде кешкілік меймандардың ашық аспан астында тамақтануына жағдай жасамақ. Ол үшін қонақүйдің алдына жазғы дәмханалық орындар жасақтамақ. Одан бөлек, серуендеу үшін велосипедтер сатып алып, жалға беруді жоспарлап отыр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
