Алаяқтарға алданба!

Қаз 9, 2026

Қазіргі таңда күн сайын цифрлық технологиялар дамып, ақпаратқа қолжетімділік артуда. Алайда осынау заманауи жетістіктердің салдарынан қарапайым халық зиян шегіп жатқан жағдайлар да жиі орын алуда. Мысалы, бірнеше минуттың ішінде банк операциясын жасап, тиісті қызметті онлайн оңай алуға мүмкіндік туғанымен, мұны алаяқтар өз пайдасына шебер пайдаланып, айлаларын асыруда. Бұған жол бермеу үшін нені білу керек? Интернет-алаяқтықтың алдын алуға бола ма? Бұл сұрақтарға сала маманы жауап берді.

Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанатұлының айтуынша, интернет-алаяқтардың тәсілдері үнемі өзгеріп, құбылып отыратын көрінеді. Олар бірде өздерін банк қызметкері ретінде таныстырса, келесі жолы мемлекеттік органның, танымал компанияның немесе таныс адамның атын жамылуы мүмкін. Сондықтан цифрлық ортада қауіпсіздік ережелерін білу – тек мамандарға емес, интернет пен смартфонды пайдаланатын әрбір адам үшін маңызды, дейді маман.

– Бірінші ереже – бөгде адамдарға жеке және банк деректерін бермеу керек. Яғни, құпия сөздерді, PIN-кодтарды, SMS арқылы келген кодтарды, банк карталарының деректерін және басқа да жеке ақпаратты ешкімге айтуға болмайды. Егер адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, осындай мәліметтерді сұраса, әңгімені дереу тоқтатып, банктің ресми нөміріне хабарласып мән-жайды анықтаған дұрыс. Сондай-ақ, хабарламалар мен электрондық хаттардың кімнен келгенін тексеру керек. Егер хабарлама банк, дүкен, мемлекеттік орган немесе таныс адамның атынан келген болса, онда көрсетілген сілтемеге бірден өтпеу және жіберушінің талаптарын орындамау қажет. Сонымен қатар, аталған ұйымның ресми нөмірін іздеп тауып, онымен тікелей байланысып, көз жеткізіңіз. Бастысы, әрдайым күмәнді сілтемелерге абай болған жөн, – дейді Ризабек Жанатұлы. Оның айтуынша, алаяқтар сыртқы көрінісі шынайы сайттарға ұқсас интернет-ресурстар жасаумен де айналысып, адамдарды құрығына түсіреді екен. Сондықтан мұндай сайттарға өтпес бұрын оның мекенжайын мұқият тексеріп, ресми ресурс екеніне көз жеткізу қажет.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары тұрғындарға тым тиімді көрінетін ұсыныстарға өте сақтықпен қарау керектігін де қатаң ескертті. Өйткені, үлкен жеңілдіктер, күтпеген ұтыстар, оңай табыс табу немесе жоғары пайда туралы уәделер алаяқтық схемаларда жиі қолданылатын әдіс көрінеді. Сол үшін кез келген мекеме мен адамның есепшотына ақша аудармас бұрын немесе қандай да бір деректерді бермей тұрып аталған ақпараттарды мұқият тексеріп көрген дұрыс.

– Интернет арқылы сауда жасаған кезде дүкенді немесе сатушыны тексеру маңызды. Ресми байланыс деректеріне, ресурстың рейтінгіне және оны пайдаланушылардың пікірлеріне назар аудару керек. Сонымен қатар, операциялық жүйе мен бағдарламаларды үнемі жаңартып отыру, қорғаныс құралдарын пайдалану және бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымшалар орнатпау қажет. Басқа адамға құрылғыға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды орнатқан кезде де ерекше сақ болған жөн, – дейді Ризабек Жанатұлы. Ол сондай-ақ, маңызды қаржылық операцияларды белгісіз Wi-Fi желілері арқылы жасамаған дұрыс екенін де ескертті. Ал егерде білместіктің салдарынан ақшаңыз алаяқтарға аударылып қойған болса, дереу банкке хабарласып, болған жағдай туралы мәлімдеп, құзырлы органдардың көмегіне де жүгіну керектігі айтылды.

Ескере кететін тағы бір жайт, балалар мен егде жастағы адамдардың қауіпсіздігіне де көңіл бөліп, оларға кең таралған алаяқтық схемаларын және интернетте қауіпсіз әрекет етудің қарапайым ережелерін түсіндірудің маңызы зор, деді маман.

– Қай жастағы адам болсын, ең басты ереже – асықпау. Алаяқтар көбіне адамды қысым көрсету арқылы шешім қабылдауға мәжбүрлеуге тырысады. Яғни, қорқытады, ақшаны шұғыл аударуды немесе кодты айтуды талап етеді. Егер әңгімелесуші қысым көрсетсе, әңгімені қорықпай тоқтатып, алынған ақпаратты ресми арна арқылы өзіңіз тексеріп көрген дұрыс. Интернет-алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді қорғаныс шарасы – үнемі мұқият болу және ақпаратты тексеру. Интернет сервистері күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналғандықтан, цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтап, асығыс шешім қабылдамауды үйренген абзал. Сонда ғана алаяқтарға алданбайсыздар, – деп атап өтті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың алғашқы 9 айында аймағымызда интернет-алаяқтық санаты бойынша 1230 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Аталған деректер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 472 қылмысқа азайған.

Бұл – құқық қорғау органдары өкілдерінің алаяқтыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарының жемісі екені сөзсіз.

Нұржайна ШОДЫР.