Жаңа аударма-жинақ жарық көрді

Қаз 8, 2026

Торайғыров кітапханасында Павел Васильев атындағы әдеби бірлестіктің 70 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Мерейтойлық шара барысында «А мир огромен и красив» –
«Кең дүние, көркем әлем» атты жаңа жинақтың тұсаукесері өтіп, оқырман қауымға таныстырылды.

Жаңа басылымға 45-тен астам автордың поэзиялық және прозалық шығармаларының аудармалары енгізілген. Жинақта Павлодар, Астана, Екібастұз қалаларындағы қаламгерлермен қатар, шетел авторларының да шығармалары топтастырылған. Бұл басылым әдебиеттер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, әртүрлі тілдегі туындыларды оқырманға жақын-дата түскен.

Кеш барысында Павел Васильев атындағы әдеби бірлестіктің жетпіс жылдық тарихына арналған бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, Ертіс өңірінің әдеби өміріне елеулі үлес қосқан қаламгерлердің шығармашылық жолы айтылды. Ал жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы, Торайғыров атындағы облыстық кітапхана басшысы Шолпан Шахметова және  осы жобаның авторы әрі құрастырушысы Людмила Бевз орындап, кітаптың жарыққа шығу тарихы, оны әзірлеу барысы және шығармашылық ізденістері жайында әңгімеледі.

Әдеби кеште Рафаэль Мухамеджанов Павел Васильевтің «Мой Павлодар» өлеңін оқып, ақын шығармашылығына құрмет көрсетті. Әдеби бірлестік мүшелері өз туындыларын оқырман назарына ұсынды. Ал Константин Симонов гитараның сүйемелдеуімен удмурт тілінде ән орындап, кештің музыкалық мазмұнын байыта түсті.

Поэзия мен әуен тоғысқан тағылымды кеш әдеби дәстүрдің сабақтастығын танытып, көркем сөздің тіл мен шекараға бағынбайтын ортақ рухани құндылық екенін тағы бір мәрте айқындады.

Т.САХАБА.