Мүсінші, қолөнерші Баян Қайнышева: Дәстүрдің тамырын сақтап, өз қолтаңбаңды қалдыру керек

Қаз 8, 2026

Кейде адамның өмір жолын бір ғана өнер айқындап жатады. Ал кейде сол өнер тұтас бір әулеттің тағылымынан бастау алады. Баян Құрманқызының қолөнерге деген сүйіспеншілігі де бала күнінен бойына сіңген өнегемен тамырлас. Апасының құрақ құрап, киім тігіп, тоқыма тоқығанын, ағасының темірден бесік жасағанын көріп өскен ол — бүгінде ұлттық өнерді өзінше жаңғыртып жүрген шебер. Мүсіндеу, киіз басу, тігін, тоқыма секілді бірнеше бағытты қатар алып жүрген Баян Құрманқызы үшін қолөнер – кәсіп қана емес, шығармашылық пен өмір салтының ажырамас бөлігі. Оның айтуынша, дәстүрді сақтау – өткенді қайталау емес, оның мәнін жоғалтпай, бүгінгі күннің тілімен сөйлете білу. Ұлттық өнердің қадірі, шеберліктің сыры, дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасы жайлы жуырда Баян Құрманқызымен әңгімелескен едік.

– Баян Құрманқызы, қол-өнерге деген қызығушылығыңыз қашан және қалай басталды? Өнер жолыңызға әсер еткен адам немесе ерекше оқиға болды ма?

– Қолөнерге деген қызығушылығым бала кезімнен бастау алған десем, артық айтқаным емес. Апам Ләззат – киім мен тон тігудің, тоқыма тоқып, небір ғажайып құрақ құраудың нағыз шебері еді. Сол кісінің жанашырлығы мен төзімділігінің арқасында өнерге ерте араластым. Ерінбей үйреткен өнегесін бойыма сіңіріп өстім. Ал ағам Құсайын темірден түйін түйген, қолы алтын адам еді. Көз алдымда темірді иіп, бесік жасағаны әлі күнге дейін есімде. Әулетімдегі осындай дарынды жандардың еңбегін көріп өсуім қолөнерге деген сүйіспеншілігімді одан әрі шыңдады деп ойлаймын.

Меніңше, өнерге деген алғашқы махаббат дәл осындай отбасылық ортадан басталады. Үлкендердің қолынан шыққан дүниені көріп, оның қадірін сезініп өскен бала кейін сол өнерге өзі де жақындай түседі.

– Мүсіндеу, тоқыма, тігіншілік, киіз басу секілді бірнеше бағытты қатар алып жүрсіз. Мұның себебі неде? Ал осы өнердің ішінен өзіңізге ең жақыны қайсысы?

– Жастайымнан анамның қасында жүріп, көрші-қолаңның басын қосып, киіз басқан сәттерін көріп өстім. Бүгінде сол дәстүрлі өнерді заман талабына сай жаңғыртып, киізге сурет салумен, яғни фелтингпен айналысамын. Одан бөлек, арасында іс тігіп, тоқып, құрақ құрап қоятыным да бар.

Жалпы, өнерде бөліп-жару жоқ деп ойлаймын. Қай түрімен айналыссам да, жан дүнием тынығып, ерекше демалып қаламын. Бір өнер екіншісіне жол ашып, ойыңды жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді. Десе де, маған бәрінен де мүсіндеу өнері жақын. Мүсін жасау – мен үшін мүлде басқа әлем. Сөзбен айтып жеткізгісіз ерекше сезім.

Әрине, мүсін жасау – үлкен төзімділік пен күш-жігерді талап ететін ауыр еңбек. Кейде бір ойдың өзі ұзақ уақыт бойы санаңда пісіп-жетіледі. Бірақ соңында дайын туындыны көргенде, сол еңбегіңнің нәтижесіне өзің де таңғалып, іштей толқып тұрасың.

– Қолөнер сіз үшін кәсіп пе, шығармашылық па, әлде өмір салты ма?

– Мен үшін қолөнер – жай ғана хобби емес. Бұл – кәсіп, шығармашылық және өмір салты тоғысқан үлкен арна. Кәсібім – ұстаздық. Жиған білімім мен тәжірибемді өзгелерге үйретіп, шәкірт тәрбиелеу – менің кәсіби жолым әрі жауапкершілігім. Ал шығармашылығым – мүсін мен өнер. Өз идеямды, ішкі толғанысымды мүсіндеу арқылы жеткізу – мен үшін шынайы еркіндік. Өмір салтым – ұлттық өнерді дәріптеу, отбасылық дәстүрді жалғастыру және күн сайын өзімді жетілдіру. Бұл менің өмір сүру қағидама айналған. Сондықтан қолөнер – менің тұлғалық болмысымды қалыптастырған, өміріме сән мен мағына берген басты темірқазығым.

– Ұлттық қолөнердің әр бұйымында халықтың тарихы мен дүниетанымы бар. Сіз өз шығармашылығыңызда дәстүр мен жаңашылдықты қалай ұштастырасыз?

– Ұлттық қолөнер – жай ғана заттар жиынтығы емес. Ол – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы, рухани болмысы мен эстетикалық дүниетанымының көрінісі. Шебер ретіндегі басты ұстанымым – дәстүрдің тамырын үзбей, оны заманауи өмір ырғағына үйлестіру.

Ұлттық дәстүрді мүсін өнері арқылы сақтау мен оны жаңаша танытуды бір-бірінен бөле-жара қарамаймын. Керісінше, оларды бір туындының қос қанаты сияқты ұштастыруға тырысамын. Өйткені дәстүр тек өткеннің еншісінде қалмауы керек. Мүсін өнері арқылы ұлттық мұраны мұражай жәдігері ретінде ғана сақтап қоймай, оған заманауи пластикалық тіл беріп, бүгінгі көрерменмен «тірі» диалог құратын туындылар жасауға ұмтыламын.

– Дәстүрлі өнерді заманауи талғаммен ұштастыру оңай емес шығар. Ұлттық нақышты жоғалтпай, жаңа дүние жасау үшін шеберге не қажет?

– Бұл – өте нәзік әрі күрделі процесс. Дәстүр мен жаңашылдықты жай ғана қатар қою жеткіліксіз. Терең ізденіс пен философиялық сұрыптау қажет. Заманауи ұлттық дүние жасау үшін шеберге дәстүрдің терең тамырын сезінетін сезімталдықпен қатар, жаңашылдыққа ұмтылатын батыл көркемдік көзқарас керек. Өнердегі бұл ізденіс – өткенге құрметпен қарап, келешекке батыл қадам жасау.

Шебер дәстүрдің ішкі мәнін түсінгенде ғана оған жаңа нұсқа бере алады. Сонда ғана туынды уақыт сынынан өтіп, ұлттық рухы бар дара арт-объектіге айналады.

– Шеберлік талантпен келе ме, әлде ұзақ жылғы еңбек пен төзімділіктің жемісі ме?

– Шеберлік – туа біткен таланттың ұшқыны. Бірақ оның негізгі діңгегі де, қозғаушы күші де – төзімділік пен үздіксіз ізденіс. Еңбекпен шыңдалмаған талант уақыт өте сөніп қалуы немесе әуесқойлық деңгейінде қалып қоюы мүмкін. Талант бастауға көмектессе, төзімділік пен еңбек туындыны биік өнер деңгейіне көтереді.

Өнердегі алғашқы қадамым әкемнің бюстін жасаудан басталған еді. Кейін шеберлігім шыңдала келе ірі тапсырыстар сеніп тапсырыла бастады. Бүгінде темірден соққан жұмыстарым елордамыз Астана қаласына сән қосып тұр.

Табанды еңбек пен таланттың тоғысқан сәтінде ғана нағыз туынды өмірге келетінін мойындадым. Шеберлік уақыт сынынан өтеді.

– Жүрегіңізге ерекше жақын, белгілі бір оқиғамен байланысты туындыңыз бар ма?

– Әрбір туындым – ерекше ішкі толғаныс пен жүрек тебіренісінен туған дүние. Бірақ солардың ішінде жанымды ерекше тебіренткен бір жұмысым бар.

Бала күнімде «адам қайтыс болғанда, оның жаны айға барып қонады» деп сенетінмін. Ағам өмірден өткенде, көңіліме ағамның бейнесі мүсін болып келе берді. Содан туған туындымда жанның мына жалғанмен қоштасу сәтін бейнеледім. Оң қолын беймәлім бір тылсым күш жоғарыға, биікке тартып әкетіп бара жатқандай. Ал сол қолы жерді қимай, артта қалған тіршілікпен қоштасқандай.

Бұл – фәнидің келте өмірімен қимай қоштасып, жанның мәңгілік тыныштыққа бет алған сәті. Кейде өнерде сөз айта алмайтын нәрсені мүсін айтып береді. Бұл жұмысымның да мен үшін орны бөлек.

– Бүгінде дайын дүниені сатып алу оңай. Соған қарамастан, қолдан жасалған бұйымдарға қызығушы-лық артып келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазіргі цифрлық технология мен зауыттық өндіріс дамыған заманда адамдардың қолөнерге қайта ұмтылуы – заңды құбылыс. Қолдан жасалған заттың ең басты ерекшелігі – оның бірегейлігінде. Адамдар өздерін өзгеше сезінгісі келеді. Ал қолөнер бұйымы иесіне ерекше даралық сыйлайды.

Жаһандану дәуірінде адам өз болмысын, өз тамырын іздей бастайды. Қолөнер туындысы қайталанбайды. Тіпті, шебердің өзі оның дәл көшірмесін жасай алмайды. Сондықтан бүгінгі таңда өз мәдениетімізді, тарихымызды, ұлттық нақышымызды сақтап, оны заманауи сипатта жаңғыртудың маңызы артып келеді.

Экологиялық сананың өсуі, табиғи материалдарға деген сұраныс, адамның өзіндік шығармашылығын жүзеге асыруға деген қажеттілігі де адамдарды қолөнерге жақындатып отыр. Өйткені әрбір қолөнер бұйымының артында шебердің тарихы, сезімі, ізденісі мен төккен тері бар.

– Материал таңдау, түс-терді үйлестіру, пішін мен композицияны табу қаншалықты маңызды? Туынды жасағанда алдымен нені басшылыққа аласыз?

– Материал таңдау – туындының мінезі дер едім. Әр материалдың – темірдің, ағаштың, тастың, саздың өзіндік энергетикасы, пластикасы мен шегі бар. Металл – беріктік пен айбындылықты, ағаш – жылулықты, ал тас – мәңгілікті сипаттайды.

«Материалдың қасиетін терең түсінбейінше, идеяны толық ашу мүмкін емес» деп павлодарлық мүсінші, марқұм Бота Машрапов көп ақылын айтушы еді.

Пішін мен композиция – жұмыстың қаңқасы. Тіпті, қымбат немесе сирек материалдың өзі нашар композицияны құтқара алмайды. Композиция көрерменнің назарын аударып, оны туындымен диалогқа шақырады. Ал түстер үйлесімі – эмоциялық тіл. Түс бұйымға жан бітіреді, көңіл күйді жеткізеді, белгілі бір атмосфера қалыптастырады. Кез келген бұйым немесе мүсін жай ғана форма болып қалмауына көңіл бөлемін. Оның артында белгілі бір сюжет, философия немесе оқиға тұрса деп көп толғанамын. Әсіресе, тарихи немесе ұлттық тақырыптағы жұмыста әрбір деталь мағыналық жүк арқалауы керек. Сондықтан ойға алған идеяны қай материал ең шынайы әрі әсерлі жеткізе алады деген сұраққа жауап іздеймін. Тұжырымдама мен материал бір-бірін толықтырып, қайшылыққа түспеуі шарт.

Материал жағынан қиындық туып жатса, тапсырысымды кәсіби мүсіншілерге беремін. Өйткені кез келген тапсырыстың артында үлкен жауапкершілік пен сапа тұр.

– Қазақтың дәстүрлі қол-өнерінің бүгінгі ұрпаққа жетуінде қандай мәселе бар? Қандай өнер түрлері мен технологияларды жоғалтып алуымыз мүмкін?

– Меніңше, үлкен мәселе – өнердің өзінде емес, оны үйрететін орта мен шеберлердің аздығында. Дәстүрлі қолөнердің әр түрі – жай ғана бұйым жасау технологиясы емес. Оның ішінде ұрпақтан- ұрпаққа берілетін дүниетаным, тәрбие, эстетика және ұлттық жады жатыр. Қазір жастардың бұл салаға қызығушылығы төмендегендіктен, сабақтастық үзіліп бара жатыр.

Арзан, сапасыз, сырттай ғана ұлттық нақыштағы зауыттық бұйымдар нарықты жаулап, уақыт пен сүйіспеншілік жұмсалған түпнұсқа туындыларды ығыстырып жатыр. Алаңдататыны – ұлттық оюды сақтап, оның мағынасын жоғалтып алуымыз мүмкін. Ою сәндік элементке ғана айналып, оның шығу тарихы, символикасы, қандай бұйымға және не үшін салынғаны ұмытылуы ықтимал.

Жоғалып кету қаупі бар өнер түрлері мен технологиялар да бар. Дәстүрлі зергерліктегі сирек тәсілдер, табиғи бояулар дайындау, тері өңдеу, металл қорыту, сүйек пен мүйіз өңдеу, өрмек тоқу, ши ораудың күрделі түрлері – соның бір парасы.

Олардың кейбірі кітаптарда, ғылыми еңбектерде толық жазылмаған. Тек қария шеберлердің жадында немесе қолында сақталған. Сондықтан қолөнерді тек музей жәдігері ретінде сақтап қою жеткіліксіз. Оны заманауи дизайнмен, архитектурамен және тұрмыстық қажеттіліктермен ұштастыру қажет. Этно-дизайн мен креативті индустрия арқылы ғана бұл технологияларды заманға бейімдеп, аман алып қалуға болады.

– Жастардың қолөнерге қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек? Бұл ретте отбасы, мектеп пен мәдениет ошақтарының қайсысының рөлі басым?

– Жастардың қолөнерге қызығушылығын арттыру – ұлттық мұраны сақтап қалудың басты кепілі. Жастарға қолөнердің тек бос уақытты өткізудің бір түрі емес, сұранысқа ие, табысты кәсіпке айнала алатынын көрсетуіміз керек. Оның коммерциялық және монетизациялық мүмкіндігін түсіндіру маңызды. Ал отбасы, мектеп пен мәдениет ошақтарының қайсысының рөлі басым дегенге келсек, мен бұл үш буынды бір-бірінен бөліп қарамас едім.

Отбасы ықылас пен сүйіспеншілікті дарытады. Мектеп базалық дағды мен жүйе береді. Ал мәдениет ошақтары кәсіби орта мен шабыт сыйлайды. Сондықтан іргетасы үйде қаланып, мектеп пен мәдениет ошақтарында шыңдалған өнер ғана өміршең болады.

– Өзіңізден кейінгі жас шеберлерге бір ғана өсиет қалдыру мүмкіндігі берілсе, қандай сөз айтар едіңіз?

– Дәстүрдің тамырын терең сақта, бірақ өз қолтаңбаңды қалдырудан қорықпа. Әрбір жасаған бұйымыңа жүрегіңнің жылуын бере біл. Сабыр мен төзімділікті әрқашан серік ет дер едім.

— Мәнді де мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Шығармашылығыңызға тек толағай табыстар тілейміз!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.