«Жәрдемақылар қысқара ма?»

Қаз 8, 2026

Дәл осы сұрақ көпшілікті толғандыруда. Себебі, соңғы уақытта ел арасында «2027 жылдан бастап жәрдемақылар қысқарады», «әлеуметтік төлемдер азаяды» деген сияқты әңгімелер желдей есуде. Әрине, әлеуметтік қолдауға тәуелді азаматтар үшін мұндай хабардың алаңдататыны айтпаса да түсінікті. Алайда бұл – жаңсақ пікір. Сала мамандарының айтуынша, келесі жылдан бастап кейбір жәрдемақыларды есептеу тәсілін өзгерту, оларды тағайындау кезінде отбасының нақты әлеуметтік жағдайы мен мұқтаждығын көбірек ескеру ұсынылған.

Сонымен, алдағы уақытта нақты қандай әлеуметтік төлемдерге өзгеріс енгізілмек? Жәрдемақылар қалай есептелетін болады? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

  Қалай есептеледі?

Әңгімені әріден бастар болсақ, 2027 жылға қатысты талқыланып жатқан негізгі мәселелердің бірі – әлеуметтік төлемдердің жекелеген түрлерін есептеу кезінде қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері.

Өздеріңіз білесіздер, 2026 жылы АЕК мөлшері 4325 теңгені құрады. Ал 2027 жылы жалпы АЕК көлемін 4693 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бірақ әлеуметтік төлемдердің кейбір түрін есептеу үшін 2026 жылғы деңгейдегі бөлек АЕК пен күнкөріс минимумы көрсеткіштерін сақтау ұсынылуда. Бұл дегеніңіз – АЕК-тің өсуі барлық жәрдемақы автоматты түрде дәл сол мөлшерде көбейеді дегенді білдірмейді. Себебі, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің әр түрін есептеу тәртібі әртүрлі. Сондықтан «АЕК өседі екен, барлық жәрдемақы да бірден өседі» немесе керісінше «АЕК-ті есептеуде 2026 жылғы мөлшер сақталса, барлық жәрдемақы азаяды» деген қарапайым қорытынды жасау дұрыс емес, дейді мамандар.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың түсіндіруінше, кейбір әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін АЕК пен күнкөріс минимумы мөлшерін үш жылда бір рет қайта индекстеу тәсілі ұсынылып отыр. Яғни, жекелеген төлемдер бұрынғыдай жыл сайын автоматты түрде индекстеле бермеуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл өзгеріс әлеуметтік төлемдердің барлық түріне қатысты емес екенін де атап өткен жөн.

Неге үш жылда индекстеледі?

Министрлік өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік жәрдемақыны тек отбасының негізгі табыс көзі ретінде қарастыруға болмайды. Мемлекеттік төлем – белгілі бір өмірлік жағдайға тап болған азаматқа мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қорғау кепілдіктерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет әлеуметтік төлемдерді жай ғана жыл сайын көбейтумен шектелмей, азаматтардың тұрақты табысын арттыруға мүмкіндік жасайтын тетіктерге басымдық беруді көздеп отыр. Мәселен, жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін Отбасын қолдау орталықтары мен мансаптық өсу орталықтарының қызметіне көбірек көңіл бөлу жоспарланған. Мұндағы мақсат – әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға уақытша көмек көрсетумен қатар, олардың экономикалық белсенділігін арттыруға, жұмысқа орналасуына және өз табысын көбейтуіне жағдай жасау.

Вице-министрдің түсіндіруінше, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың табысының төмендеуіне алып келмеуі тиіс. Сол үшін ең маңызды өзгеріс – жәрдемақыны кім алатынын анықтау тәсілінде.

2027 жылғы әлеуметтік саясаттағы тағы бір маңызды бағыт – мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау. Яғни, келесі жылы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібін өзгерту көзделіп отыр. Жаңа тәсілдің негізгі қағидаты – атаулылық пен мұқтаждықты анықтап, шынайы қолдау көрсету. Осы мақсатта мемлекеттен көмек алуға өтініш білдірген отбасының жағдайы формалды бір ғана көрсеткішпен емес, оның жалпы әлеуметтік ахуалымен бағаланатын болады. Бұл ретте, отбасының кәмелетке толған барлық мүшелерінің деректері ескеріледі. Бағалау барысында отбасының табысы, еңбек қызметі, алып отырған әлеуметтік төлемдері, тұрғын үй жағдайы, мүлкі, денсаулығы мен білімі жөніндегі мәліметтер қаралады. Мұндай бағалау Отбасының цифрлық картасы арқылы жүргізіледі.

Цифрлық карта қалай жұмыс істейді?

Отбасының цифрлық картасы – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді біріктіретін дерек қоры. Қазіргі уақытта онда 6,2 миллионнан астам отбасының шамамен 20 миллион мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Жүйе 30-ға жуық мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Соның негізінде отбасының әлеуметтік саламаттылық деңгейі автоматты түрде анықталады.

Әдістеме бойынша отбасылар әлеуметтік саламаттылық деңгейіне қарай 5 санаттың біріне жатқызылады. Оның ішінде әлеуметтік саламаттылық деңгейі жоғары «А» және «Б» санаттарына жататын отбасыларға жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау көзделмейді. Егер жүйе әлеуметтік төлем алушының отбасының табысы жоғары екенін анықтаса, оған 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарламада отбасының кәмелетке толған мүшелерінің деректерін қоса алғанда, қажетті дербес деректерді өңдеуге келісім беру туралы ақпарат көрсетіледі. Сонымен қатар, табысы жоғары алушы әлеуметтік қолдау шараларынан өз еркімен бас тарта алады. Мұндай тәсілдің мақсаты – мемлекеттік көмекті шын мәнінде қажет ететін азаматтарға бағыттау екенін айта кеткен жөн.

Ал керісінше, көмекке құқығы бар азаматтарға оны алуды жеңілдету көзделген. Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – мемлекеттік қызметтерді проактивті, яғни азаматтың өзі бірнеше мекемеге барып өтініш бермей-ақ алу мүмкіндігін кеңейту. Егер Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер азаматтың белгілі бір мемлекеттік қолдауға құқығы бар екенін көрсетсе, оған 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Азамат келісім бергеннен кейін мемлекеттік қызмет автоматты түрде рәсімделеді.

Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түріне өтініш беруге мүмкіндік бар. Олардың қатарында бала тууына және оны күтуге байланысты төлемдер, жұмысынан немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер, мүгедектік бойынша жәрдемақылар және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер бар.

Министрлік мәліметінше, азаматтардың мемлекеттік қызмет алуға келісімін алу үшін 2 миллионнан астам SMS-хабарлама жіберілген. Ал проактивті форматта 935 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қызметтер мен төлемдер тағайындалған.

Басты мақсат – мұқтажды қолдау

Әлеуметтік саясаттағы жаңа тәсілдің түпкі мақсаты – мемлекеттік қолдауды тоқтату емес, оны нақты қажет ететін азаматтарға бағыттау. Бұл ретте, мемлекет үшін екі міндет қатар тұр. Бірінші – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажетті әлеуметтік көмекті сақтау болса, екінші – азаматтардың тек жәрдемақыға тәуелді болып қалмай, тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасау. Сол себепті жұмыспен қамту, кәсіби даму, мансаптық өсу және отбасының экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған шараларға басымдық берілмек.

Вице-министр Виктория Шегайдың айтуынша, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау жалғаса бермек. Негізгі міндет – оларға жүйелі қолдау көрсету, мұқтаждық жағдайынан шығуына көмектесу және өз бетінше жұмыспен қамтылуына жағдай жасау. Сондықтан ел азаматтары әлеуметтік желідегі жаңсақ пікірлерге ермей, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Үкімет ұсынған сенімді ақпараттарға құлақ асқаны жөн, дейді мамандар.

Осылайша, әлеуметтік төлемдердің қысқаратыны жайлы қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелер шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар, «басыңда пәтерің болса, жәрдемақыдан қағыласың» деген әңгіме де жалған. Тек әлеуметтік қолдауды тағайындауда отбасының нақты мұқтаждығын бағалау тетігі күшейтілмек. Бала тууға байланысты берілетін төлемдер де толығымен жойылмайды. Қысқасы, келесі жылы да әлеуметтік төлемдер өз иесін табатын болады.

Нұржайна ШОДЫР.