Жерге қолы неге жетпеді?

Қаз 8, 2026
Foto Valeriy BUGAYEV

Аққулы ауданының тұрғыны, кәсіпкер Талғатбек Ахметжанов редакциямызға хабарласып, ауылдан жер телімін алу мәселесі бойынша көмек сұрады. Нақтырақ айтқанда, ол Ямышев ауылдық округінің Тілектес ауылынан жайылымға арналған жер телімін алуға ниетті болғанымен, осы уақытқа дейін бұл мәселе өз шешімін таппай келеді.

Әңгіменің әлқиссасы былай. Жеке кәсіпкер Талғатбек Ахметжанов Аққулы ауданына қарасты Ямышев ауылдық округінің Тілектес ауылында мал шаруашылығын жүргізеді. Бүгінгі күнде шаруашылықта 80 бас қара мал бар, бірақ одан ары көбейтуге жайылым жердің тапшылығы қолбайлау болып келген.

Биыл ауылдан бос жайылым жері шықты дегенді естіп, соны алуға әрекеттенеді. Жерді алу үшін арнайы конкурсқа да қатысып, барлық заңды құжаттарын ұсынғанымен комиссия өкілдері жайылым алқабын атындағы шаруашылығы да, кәсібі де жоқ адамдарға берді дейді.

– Атап айтсақ, 2025 жылы дәл осы елді мекен аумағынан 2011 гектар бос жер табылып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Аққулы аудандық жер қатынастары бөлімі 2026 жылы әлгі жайылым алқабын қайта конкурсқа шығарып, жаңа иесін іздейді. Одан біз де үміткер болып, конкурсқа қатыстық. Барлық талаптарға сәйкес құжаттарын тапсырып, нәтижесін күттік. Тіпті, осы аралықта облыс әкімі Асайын Байхановқа дейін барып, мәселемді жеткіздім. Не керек, конкурс нәтижесі осы жылдың 14 қыркүйегінде шықты, бірақ қорытынды біз ойлағандай болған жоқ. Конкурс комиссиясының шешімі бойынша, Тілектес ауылының тұрғыны Ержан Жүнісов есімді азамат жеңімпаз атаныпты. Шын мәнінде ол кісінің атында ешқандай шаруашылық жоқ, өзі ұзақ жыл жұмыс істемеген адам. Конкурс талабына сай келетіндей ауыл шаруашылығы техникалары да, жұмысшылары да жоқ. Сондықтан, конкурстық комиссияның жерді осы кісіге бергенін түсінбей, тиісті мекемелерге өз арыз-шағымымды білдірудемін, — деді Талғатбек Камалұлы.

Конкурс нәтижесіне қанағаттанбаған ауыл тұрғыны ҚР ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаментіне, Аққулы аудандық прокурорына шағымданып, арыз жолдаған. Осы ақпаратты естісімен Аққулы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Биболовпен хабарластық. Ол конкурс барлық талап бойынша өткенін, конкурс нәтижесі комиссия мүшелерінің  шешімімен шыққанын алға тартты. Сонымен қатар, кәсіп-кердің арыз-шағымы бойынша тиісті органдар зерттеу жүргізіп жатқанын, мәселенің ақ-қарасын сол зерттеу анықтайтынын да атап өтті.

Тілеуберді САХАБА.