Елімізде Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында өткен жылдың 1 шілдесінен бастап өңірлердегі жұмыспен қамту мекемелері мансап орталықтары болып қайта құрылған болатын. Павлодар қаласындағы осындай орталық халықпен қауырт жұмыс істеуде.
Десе де, олқылықтар да жоқ емес.

Аталмыш орталық дирек-торының міндетін атқарушы Лариса Нұрсейітованың айтуынша, бүгінде мансап орталығының тұрғындарға қызмет көрсету жүйесі толығымен өзгерген. Мұнда көбінесе жұмыссыз азаматтар үлкен үмітпен келетіндіктен, оларды еңбекпен қамтуға басымдық беріледі. Ол үшін жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнату ісі дұрыс жолға қойылған.

– Мәселен, бұрын жұмыссыз азаматтар үшін жалпыға ортақ бос орындар жәрмеңкелері жиі өткізілетін. Қазір жұмыс ұсынушы-ларды шақырып, оларға қажетті мамандарды табу үшін іздестіру шараларын бірге жүргіземіз. Мұның тиімді жақтары көп екенін байқадық, – дейді Лариса Нұрсейітова. Оның айтуынша, бүгінде Павлодар қаласы бойынша 3 мыңнан астам жұмыссыз адам тіркеуде тұр.

Мансап орталығының бөлім басшысы Болат Файзулин өңірі-мізде жұмыс іздеген жандар үшін барлық мүмкіндік жасалып жатқанын айтады.

– Біз тұрғындарды жайлы жұмыспен қамту үшін тиімді деген әдіс-тәсілдің бәрін қолданамыз. Соның бірі – жеке кездесулер ұйымдастыру. Мысалы, «KSP Steel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 15-20 адам керек болды делік, мансап орталығының мамандары сол қызметке лайықты деген адамдарды іріктеп, екіжақты кездесу ұйымдастырады. Бұдан кейін жұмыс іздеп келген әлгі азаматтарды ертіп, кәсіпорынға барып, цехтарын, жұмыс барысын таныстырамыз. Өзіміз олардың резюмелерін, басқа да құжаттарын жинап, көмекшісі ретінде бірге еріп жүреміз. Сөйтіп, жұмысқа орналасу үрдісі аяқталғанға дейін олардың жанынан табыламыз. Осы тәсіл өз жемісін беруде, – дейді ол. Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, өндірісті өңірімізде газэлектр дәнекерлеушісі, металлург сынды техникалық мамандықтарға сұраныс өте жоғары көрінеді. Сондықтан да жастар жағы осы мәселені ескерсе екен, дейді мансап орталығының қызметкерлері.

Орталықта атқарылып жатқан жұмыс көп болғанымен, әлі де жетілдіретін тұстар баршылық. Әсіресе, цифрландыру жағын дамыту ісін дұрыс жолға қою керек. Жақында аталмыш мекемеге бас сұққан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осылай деді.

– Орталық жұмысын цифрлан-дыруға баса мән берілуі қажет. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті құрылғыларды алып бердік, жағдай жасадық. Енді соны мансап орталықтары тиімді пайдалануы тиіс. Өңірлік жұмыспен қамту картасы цифрлық форматта жасалуы керек. Кез келген адам батырманы басып, қай аудан мен қалада қандай бос жұмыс орны бар екенін көріп отыруы қажет. Яғни, бос жұмыс орындарын бақылау жүйесі тек үйлестіру басқармасында емес, мансап орталығында да болғаны дұрыс. Жалпы, нақты жоспар жасалып, онда қандай мамандарға немесе жұмыс орнына сұраныс бар екені  көрсетілгені жөн. Айталық, жайлы мектеп салынады делік, оған қанша адам жұмысқа тартылады деген сияқты мәселелер алдын ала жоспарланып қоюы тиіс, – деп атап өтті министр. Сондай-ақ, ол өңірімізде өнеркәсіп саласында қызмет ететін жұмысшыларға арналған пилоттық жоба жүзеге асатынын да алға тартты. Жаңа жоба өндіріс орындарында еңбек еткісі келетін жастарды қолдауға бағытталмақ.

– Павлодар – ерекше өңір. Жұмыс берушілер көп. Жұмыссыздар да жоқ емес. Десе де, бір кемшілігі – жасөспірімдер облыс аумағынан басқа жаққа, өзге салаға кетіп жатыр. Яғни, жастар өнеркәсіп орындарында еңбек еткісі келмейді. Көбі бизнеспен айналысуға бейім. Осы жағдайды ескере отырып, әкімшілікпен бірге  пилоттық жобаны жүзеге асыру туралы шешімге келдік. Бұл жоба алдағы уақытта қолға алынады. Сол бойынша жастардың жалақысын көтеріп, ынталандыруға барынша басымдық беріледі, – деді Светлана Жақыпова.

Бұл бастама мансап орталы-ғында жұмыссыздар тізімінде тұрған азаматтар санының азаюына ықпал етіп, өндірісті өңіріміздің өркендеуіне мол септігін тигізбек.

Нұржайна ШОДЫР.