Павлодар қаласында «Ертіс жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында баспаналы болатын 38 азаматты комиссия іріктеп алды. Енді олар Павлодар қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінен жолдама алып, төлем қабілеттерін тексерту үшін он жұмыс күні ішінде «Отбасы банк»-ке баруы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, бағдарламаның шарттары бойынша үміткерлердің жасы 35-тен аспауы, облыс орталығында тіркеуде тұрған мерзімі 2 жылдан кем болмауы тиіс. Некесі тіркелген әрі балалы жас отбасыларға басымдық беріледі. Дұрысы, олар балл жинау кезінде басы бос жастарға қарағанда ұтады. Өтініштер ақпан айының басында қабылданған болатын. Бес күн ішінде 288 павлодарлық азамат бағдарламаға қатысуға ниет танытқан. Құжаттарды қабылдағаннан кейін комиссия шешім шығарды. 38 азамат негізгі тізімге алынды. Павлодар қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсинованың мәліметінше, қатысушылардың көбі – денсаулық сақтау және білім салаларының мамандары. Әрбір өтінішті, әрбір қатысушының мәліметтерін мамандар тыңғылықты тексеріп шыққан.

Үміткерлерді іріктеу балдық жүйемен жүргізілді. Яғни, әрбір бала, өтініш берушінің еңбек өтілінің, ресми тіркелген некенің әрбір жылы үшін балл қойылды. Мәселен, некенің әр жылы үшін бір балл, әр бала үшін екі балдан, өзі таңдаған саладағы еңбек өтілінің әр жылына екі балдан беріледі. Осылайша, үміткерлердің ішінен көп балалы әке, мұғалім 46 балл жинап, негізгі тізімнің бірінші орнына жайғасыпты. Ал негізгі тізімді 24 балл алған азамат түйіндеп тұр. Жоғарыда атап өткеніміздей, тізімге іліккендер он жұмыс күні ішінде төлем қабілетін тексертеді. Егер қатысушы төлем қабілетін растап алса, оған пәтер тауып, оны рәсімдеуге 60 күн беріледі.

«Ертіс жастары» бағдарламасының шарттарын да еске сала кетейік, бастапқы жарна 10 пайыз көлемінде, несиенің мөлшерлемесі 5 пайыз, 19 жылға дейін беріледі. Берілетін несиенің мөлшері 18 млн теңгеден аспауы тиіс. Егер банк қатысушыға несиені мақұлдамаса, онда мүмкіндік резервтік тізімге енген 128 азаматқа кезегіне қарай беріледі.

Айта кетейік, жастарға арналған мұндай өңірлік тұрғын үй бағдарламасы болған емес. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, әлеуметтік сала, төтенше жағдай қызметкерлерінің қатысуына мүмкіндік берілді. Осылайша, жас мамандарға жеңілдетілген несиемен баспаналы болуға жағдай жасалып отыр.

Г.МАҒЖАН.