Күлтөбенің басында күнде жиын. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары пәленше жерде форум өтті, пәленше жерде мәжіліс өтті деп жарыса жазып жатады. Бірақ саны көп жиындардың елге берер пайдасы қаншалықты?! Кейде осы мемлекет қаражатын босқа шығындау, текке төгу емес пе деген заңды сауал туатыны –шындық. Оңды-солды шашылған шығынды есепке алып, етек-жеңді жинайтын кез келген сыңайлы. Көпшіліктің пікірі «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» жиын-форумдардың шығынын азайтып, қаржыны нақты жұмысқа жұмсаған жөн дегенге саяды. Ел Үкіметі назарында тұрған мәселені «Алаңның» талқысына салуды жөн көрдік.

 

Нұрлан БАЙБАЗАРОВ, Ұлттық экономика министрі, (пікір интернеттен алынды):

– Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің форумдары мен іссапарларына жұмсалатын шығындарды қысқарту қажет. Жобаны іске асыруды қаржыландыру шарттарын өзгерту есебінен шығыстарды оңтайландыру жоспарлануда. Бұл ретте департаментте қосымша тексеру жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша 300 млрд теңгеден астам оңтайландыру ұсынылады. Ол мақұлданған жағдайда бұл қаражат тапсырмаларды, сондай-ақ, наурыз айында экономиканың басым секторларын кейіннен қаржыландыру үшін республикалық бюджетті түзету жолымен Үкімет резервіне шоғырландырылатын болады. Осылайша мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығындарын қысқарту ұсынылады. Бұл іссапар шығындары, форумдар, зерттеулер жүргізу және т.б.

Сондай-ақ, бірінші кезектегі маңызы жоқ жобаларды, іс-шара-ларды, оның ішінде олардың орындалу мерзімдерін қайта қарау қажет. Мысалы, әкімшілік ғимараттардың құрылысы, ағымдағы жөндеу, сатып алу, күрделі шығындар және т.б. қайта қаралуы керек. Себебі бұған дейін Қазақстан бюджеті миллиондаған шығынға ұшыраған болатын.

 

Самат МӘНЕНОВ, Ертіс аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:

– Қазіргі таңда елімізде саны көп, сапасы жоқ форумдар көбейіп кетті. Еліміздің ұтарынан ұтылары көп мәнсіз жиындардың орнына нақты шараларды қолға алу қажет. Мәселен, егемендік алғанымызға отыз жылдан асса да, тұғырына қона алмай тұрған мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттырып, қолдану аясын кеңейтуге күш салу керек. Осы орайда жергілікті жерлерде ашылған «Қазақ тілі» қоғамдарының жұмысын жандандыру керек. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу үшін белгілі деңгейде қаржыландыру керек.

Тағы бір мәселе, елімізді жетпіс жыл билеп-төстеген Кеңес өкіметінің сарқыны – Жаңа жыл тойлау дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Оған өңірлерде жыл сайын миллиондаған, миллиардтаған қаржы құйылып, желге ұшып жатыр. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халық даналығы. Түптеп келгенде, бұл – қазақтың таным-түсінігіне жат, өзге ұлттың діни мейрамы. Сондықтан оның есесіне ұлттық мерекеміз – жыл басы Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтуге көбірек мән беруіміз керек. Жас ұрпақты ұлтымыздың құндылықтарын дәріптеуге баулу арқылы елдігімізді нығайтатын істерді қолға алу қажет. Сонда ғана еліміздің болашағы жарқын болмақ.

 

Гүлнар ЖАНБОЛАТОВА,

Аққулы ауданы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы: – Мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік қызметшілердің алатын орны ерекше. Олар осы саланың жұмысын жүзеге асыратын қозғаушы күш десем, артық айтқандық болмас. Қатардағы маман ретінде форум және одан басқа да шараларға қатысу арқылы адамның ойы сергіп, күнделікті атқарылатын қызметтерін басқа қырынан таниды деп ойлаймын. Әрине, бұл ретте өткізілетін шаралардың мәнді де мазмұнды болуы маңызды.

Бүгінгі күнге дейін әр ауданнан жиналған мамандармен көзбе-көз кездесіп, пікірлесу арқылы да тәжірибе алмасып келдік. Заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы басқа аудандар мен облыстардың тәжірибелерін қадағалап, әріптестеріміздің өздеріне жүктелген жұмыстарын қалай атқарып жатқанынан хабардар боламыз.

Әркім қызмет сатысымен жоғарылай өсіп, қызметінде жақсы жетістікке жетуді көздейді. Сондықтан осы салада көбірек тәжірибе жинақтау үшін, облыстың ғана емес, өзге облыстардың және Астананың озық тәжірибелерін бойға сіңіріп, жаңаша қуат алған да пайдалы деп ойлаймын. Осы орайда әр іссапар шығыны да бөлек қарастырылғаны абзал.

«Алаңды» үйлестірген – Торғын  ОРАЗАЛЫ.