Соңғы уақытта елімізде орман өрті жиі тіркеліп, қайғылы оқиғалар қабырғаны қайыстырғаны рас. Табиғаттың тосын мінезін сылтау қылу оңай. Шын мәнінде адами факторлардың салдарынан жағымсыз жағдайлар орын алғанын мойындауымыз керек. Абай облысынан жеткен қаралы хабар Павлодар облысындағы орман шаруашылығына жауапты мамандарға сабақ болса екен.

Павлодар облысы аумағында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты орналасқан. Осыдан 4 жыл бұрын Баянауыл ұлттық паркінде 96 гектар жер отқа оранып, төтеншеліктерді аяғынан тік тұрғызған еді. Былтыр 10 гектардан астам жерді қызыл жалын шарпыды. «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында да орман өрті орын алып тұрады. Мәселен, жыл басынан бері мұнда 6 өрт дерегі тіркелген. Оның үшеуі найзағайдың себебінен туындаса, біреуі тұрғынның шала әрекетінен орын алған. Ал екі өрттің себебі анықталған жоқ. Жаз енді басталғандықтан, ыстық күндер әлі алда. Бұл ретте, орман шаруашылығы қызметкерлері кез келген тосын жағдайға дайын болуы тиіс.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы жағдайдан хабардар болу үшін мекеме басшысы Арман Бектеміровке хабарласқан едік. Резерват Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұрады. Жалпы аумағы 277 мың 961 гектарға тең. 2003 жылы резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.

– Мекемеде 307 адам еңбек етеді, оның 286-ы – мемлекеттік инспекторлар. Әзірге кадр мәселесі жоқ. Орман өртін сөндіру бригадасында 300 адам бар. Оның 68-і – тұрақты. Орман өртінің алдын алу мақсатында 45 шақырымға минералды жолақ жырту жүргізілді. Барлық шаруашылықтарда және шалғай орналасқан учаскелерде су сақталатын бактар, әр шаруашылықта су ұңғымалары бар. Алдағы уақытта олардың санын арттыру көзделіп отыр. Иелігімізде 100-ден астам өрт сөндіру техникасы тіркелген. Олардың барлығы талапқа сай, жағдайы жақсы. Жуырда тағы 5 жаңа техника қатарға қосылады. Өрттің алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады, – дейді Арман Бектеміров.

Байқағандарыңыздай, мекеме басшысы «барлығы тамаша!» деген ақпарат беріп, алаңдауға негіз жоқ деген сыңай танытты. Ләйім солай болсын. Десе де, орман шаруашылығында еңбек етіп жүргендердің дені егде адамдар екені жасырын емес. Зейнетке шықса да, алмастыратын кадрдың жоқтығынан әлі де еңбек жолын жалғастырып келе жатқан азаматтар жетерлік. Мұндағы орташа еңбекақы – шамамен 90-100 мың теңге. Жас мамандардың бұл жалақыға келгісі жоқ.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының дерегінше, өңірдегі орман қорғау саласына сатып алынатын техникалардың үлесі өте аз. Былтыр небары 8 техника мен 3 агрегат сатып алынса, биыл 14 арнайы техника мен 6 соқаның құны бюджетте қарастырылып қойған. Бұл көлік құралдары облыстағы орман қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін 64 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ бұл да аздық етеді.

Қорыта айтсақ, былтыр Қостанай облысында орын алған алапат өрттен кейін Үкімет құзырлы органдарға тапсырма беріп, орман өртінің алдын алу тетіктерін пысықтауды міндеттеген еді. Өкінішке қарай, бұл салаға жауапты басшылар бұдан сабақ алғанға ұқсамайды. Енді еркінсуге жол жоқ. Абай облысындағы қайғылы жағдай көпшілікке сабақ болуы керек. Орман шаруашылығында проблема бар болса, «бар» деп айту керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, орман шаруашылықтарындағы проблеманы жасырудың соңы адам өліміне алып келмесіне кепіл жоқ. «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты басшылығы алаңдауға негіз жоқ екеніне сендіріп отыр. Құр сөз емес екеніне біздің де сенгіміз келеді.

Оралхан ҚОЖАНОВ.