Биыл шілде айынан бастап елімізде «Ата жолы» картасы іске қосылады деп жоспарлануда. Яғни, алдағы уақытта әлемнің әр бұрышында тұратын этникалық қазақтар аталмыш карта арқылы Қазақстанға оңай жолмен келіп-кетуге мүмкіндік алмақ.

Мамандардың айтуынша, «Ата жолы» картасын енгізудегі басты мақсат – шеттегі қазақтардың тарихи Отанымен байланысын нығайту, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау және Қазақстанның өсіп-өркендеуіне олардың да үлес қосуына жол ашу. Бұл карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі. Осы құжатты алғандарға біздің елде 10 жыл мерзімге дейін тұрып, кәсібін жандандыруға рұқсат етілмек.

Айта кетерлігі, «Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтардың қандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және кандастарымен тең құқыққа ие. Сонымен қатар, оларға кепілдендірілген медициналық көмек алуға, «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес ел аумағында жұмысқа орналасуға, тегін және ақылы білім алуға, заңгерлік көмекпен қамтылуға толық мүмкіндік беріледі. Алайда, «Ата жолы» картасы бар адамдардың азаматтығы болмағандықтан, олар ҚР мемлекеттік мекемелері мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Мемлекеттік қызметке де кіре алмайды. Сондай-ақ, «Ата жолы» картасының иегерлері еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін өз еркімен таңдайды. Мұндай қолдау аймағымызға келушілерге де жан-жақты көрсетілмек.

– Әсіресе, ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT саласындағы этникалық мамандар үшін мемлекет тарапынан жеңілдіктер енгізіліп, олардың осында тұруына ықтиярхат алу құқығы мен визалар берілетін болады, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.

Елге келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын алған жағдайда картасы жарамсыз деп танылады.

 

Нұржайна ШОДЫР.