Мемлекет экономикасын жан-жақты дамытудың ұтымды әрі тиімді жолдарының бірі – кәсіпкерлік саласын дамыту. Қазіргі кезде елді мекендерде жаңа кәсіп түрін қолға алып, ерінбей еңбек етіп, көптің қажеттілігін өтеп жүрген кәсіпкерлер саны едәуір артып келеді. Бұл бір жағынан жеке тұлғаның еңбекке араласып, қалаған ісімен айналысуына мүмкіндік болса, ал екіншіден тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, қажеттілік-терін өтеудің бірден-бір жолы.

 

Отбасының берекесін келтіріп, бала өсіріп, жар күтетін әйел – бүгінде ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бақтары мен іскерлігін ұштауда әйел адамдар тартынып жатқан жоқ. Бұған мысал ретінде Ақтоғай ауданының тұрғыны Жанаргүл Жұмашты мысалға келтіруге болады.

Өзінің еңбегімен берекелі кәсіп түрін табысқа айналдырып отырған кәсіпкер Жанаргүл Жұмаш алғашқы кәсібін
Қытай елінде тұрғанда-ақ қолға алған. Кейін жолдасымен «Ата жұртым, қайдасың?» деп Қазақстанға қоныс аударып, ісін одан әрі дамыта бастаған.

– 2005 жылдың желтоқсан айында Қытай елінен Алматы облысының Сарқан ауданына табан тіредік. Онда асхананы жалға алып, аспаз болып қызмет еттім. Біраз жыл өткен соң оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы бойынша жанұямызбен 2021 жылдың сәуір айында Ақтоғай ауданына көшіп келдік. Кейін бастаған кәсібімді жалғастыру керек екенін түсіндім. Сөйтіп, Сарқан ауданындағы үйімізді сатып, сол қаржыға аудандағы бос тұрған ғимаратты сатып алып, асхана аштым. Алғашында келушілер аз болғанмен, кәсібіміз күнделікті жүріп тұрды. Қазір біздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. Ауылдағы ағайынға өте ұнайды және олар өз ризашылықтарын білдіруде, – деді кәсіпкер.

Жанаргүл Жұмаш араға екі жыл салып аудан орталығындағы тағы бос тұрған ғимаратты өз қаржысына сатып алды. Кез келген кәсіпте кездесетін қиындық кейде Жанаргүлдің бастаған ісінде де туындайды. Мәселен, құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтар алуда қаржының аздығы қолбайлау болған. Қалтасындағы қаражаты жобаны жолға қойып, тасын өрге өрлетуге жеткіліксіз екенін түсінген ол несие алуға байлам жасайды.

– Тойхана ашу мәселесін отбасыммен шешіп, жауапкершілігі мол жұмысты атқарудың бүге-шігесіне дейін талқыладық. Өйткені ауыл тұрғындары шілдехана, үйлену тойы, қыз ұзату, туған күн секілді қуаныштарын атап өтуге арналған орындар саусақпен санарлық. Сөйтіп, бұл кәсіп өте тиімді екеніне көз жеткіздік, – деп сол оқиғаны есіне алады ол.

Кейін кәсібін одан әрі дөңгелетуді жөн санаған Жанаргүл өткен жылдың тамыз айында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 8,2 млн теңге несие алып, мал басын көбейткен.

– Қазақтардың негізгі шаруашылық кәсібі мал өсіру болғандықтан, өзіміз де осы шаруашылықпен бұрыннан айналысамыз. Қолымызда азын-аулақ төрт түлігіміз болды. Ақтоғай ауданы мал бағуға қолайлы жерлердің бірі болғандықтан, малдың санын көбейту үшін тағы да қара мал сатып алдық. Бүгінде зейнетін көріп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Бала кезінен әкесінің әрбір істеген ісіне қарап, өзіне өнеге алған Жанаргүлдің жары Ілежан Бақай да кәсіпкер болуға жастайынан бейім болды. Ол да кәсіптің бірнеше түрін ашып, дамытуда. Жалпы, бұл әулетте кәсіп ету әкеден балаға мирас болып келе жатқан дүние десек, артық айтқандық емес. Өйткені ерлі-зайыптылардың отбасындағы тұңғыш қызы Минар да кәсіптің қыры мен сырына кішкентайынан қанық болып өсіп, ата-анадан үлгі алып келе жатқан жайы бар.

– Жолдасым да кәсіпкер. Одан бөлек, бір мекеменің күзетшісі болып еңбек етеді. Қолы қалт еткенде ғимараттың техникалық жұмыстарына қол ұшын созады. Балаларым да көмектеседі. Кәсіп ашу қиын болға-нымен, оның қиыншылығы жылдар өте ұмытылады екен. Расында да, алғашқы кездері қатты қиналдым. Бірақ жолдасымның қолдауымен басымнан өткерген қиыншылықты ұмытып кеттім. Шаңырақта бастысы өзара түсіністік, сыйластық, бір-біріне деген жанашыр жүрек, мейірімді пейіл болса, барлық жақсылық өзі-ақ келеді. Отбасының бақыты бар жерде, өмірі берекелі болса, адам тез қартаймайды. «Еңбек – түбі береке» деген. Бүгінде сол бейнетті жылдардың зейнетін көрудемін. Балаларым өсіп, қолқанатым болуда. Бірақ осы жеткенімізге тоқмейілсіп отырмаймыз. Кәсіпті одан әрі дамытқым келеді. Бұйырса, қаржылық мәселе шешілсе, автокөлік жуатын орын ашу ойда бар. Өйткені ауданның орталығында ондай орын жоқ, – деп жоспарларымен бөлісті ол.

Түйін:

Кәсіпкерлік саласы көп еңбекті және тәуекелді талап етеді. Десе де, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға зор мүмкіндік бар. Тек кәсіп ашуға ниетті азаматтар мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалана білсе, еліміздегі кәсіпкерлік саласын бұдан да жоғары деңгейге көтерілері анық.

Айдана БОРАНБАЕВА, Ақтоғай ауданы.