Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөберелерінің ортасында жадырап жүрген қарияларды әр ауылдан табасыз. Бейнетінің зейнетін көріп отырған сүйегі асыл жандар кез келген мақтауға лайық. Тарихты тарқататын да, ақылын айтатын да, бата қайыратын да, әділ шешім шығаратындар да – солар. Биыл отау құрғандарына 65 жыл толып отырған Кәрім ата мен Үміт апаға әдемі қартаю бақыты бұйырыпты.

Павлодар ауданы Мичурин ауылында тұратын қариялар сек-сеннің сеңгірінен әрі асса да әлі күнге дейін тың. Қимылдары ширақ, таяқ ұстау ойларында жоқ. Жоғарыда сүйегі асыл деп тегін тілге тиек еткеніміз жоқ. Шаңырақтарынан аттай беріп едік, алғаш көрсе де бетімізден сүйіп жылы қарсы алды. Бұл – қонақ келсе қорадағы соңғы малын сойып беретін дархандықтың көрінісі емес пе?

Ер адамның алдын ешқашан кесіп көрмеген Үміт апамыз ақтарылғысы кеп тұрса да «әуелгі сөзді жарым айтсын» деген сыңай танытты. Түсінген адамға олардың әр қимылынан тәрбиенің лебізі есіп тұрды.

Кәрім Рамазанұлы Қалиев 1939 жылы 11 қарашада Павлодар ауданына қарасты Жаңаауыл елді мекенінде дүние есігін ашқан. 1956 жылы механизатор мамандығы бойынша бір жыл білім алған. Кейінгі жылдары Жамбыл совхозында еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласында тер төккен. Тракторды тізгіндеп, егіншілік болсын, мал шаруашылығы болсын, совхоздың барлық жұмыстарын абыройлы атқарды. Кез келген техниканың ақауын жөндегенше тыным таппаған Кәрім ата көпшіліктің ыстық ықыласына бөлене білді. «Қолы алтын» деп осындай жандарды айтса керек. Бақташы табылмағанда тракторын тастап, совхоздың малын да баққан. Сегіз жылдай шопыр болып та нәпақа айырыпты. Айтпақшы, 2,5 жыл Мәскеу қаласында Отан алдындағы борышын орындап та үлгерген. Отбасының бақытын ғана емес, ауылдың ажарлануын ойлаған іскер азамат 1993 жылы зейнеткерлікке шыққан. Одан кейін де бақташы болып, мал шаруашылығы бағытында еңбектене білді.

Үміт Кемпірбайқызы 1941 жылы Мойылды ауылында дүниеге келген. Отау құрған сәт әлі күнге дейін есінде.

– Бес сыныптық білім алғаннан кейін совхоздың тірлігіне араласып кеттік. 17 жасқа толмаған кезім. «Үлкен кісі келіп тұр» деген тұспалды түсініп, бірге еріп кеттік. Солай алып қашты. Ол кезде «жоқ» деп айтып, бет қайтару болмайтын. Оған дейін рулас бауырларыммен бірге біздің маңайға келіп жүріпті. Осылайша, тіл табысып, 65 жыл баянды ғұмыр кешіп келеміз. Ешқандай мамандық иесі болмасам да, осы уақытқа дейін шаңырағымның түтінін сөндірмей, отағасының бабын тауып, балаларды тәрбиелеп, ұрпағымның қызығына кенеліп жүрмін. Ешқандай өкінішім жоқ. Өмірдің ыстық-суығына төзіп, жарыммен бірге Тәуелсіздіктің ақ таңын бірге қарсы алдық. Бар тілегіміз – әулеттің амандығы, Отанымыздың тыныштығы, – дейді Үміт апа.

Он үш құрсақ көтерген батыр ана 6 баласын жер қойнына тапсырды. Бүгінде жеті баласы әр салада абыройлы қызмет етіп жүр. 18 немере, 26 шөбере, 1 шөпшектің қызығына кенеліп отырған қария-лардың жастарға айтары бар.

– Шаңырақты сақтап қалу үшін ауызбіршілік керек. Өзара түсіністік болса, материалдық қиындықтар оңай шешімін табады. Ажырасу арқылы барлық қиындықты жеңеміз деген – қате пікір. Қазір ұлының ажырасқанына, қызының қайта келгеніне ұялатын, өкінетін үлкендер азайып бара жатқандай. Сол себептен, балаға берер тәрбиеге осалдық танытпаған абзал. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, баланың болашағына, ертеңіне алаңдамаймыз десек тәрбиеге көп мән берілгені дұрыс. Отбасында үлкендердің ақылы біз үшін заң еді. Әрине, отбасы болған соң кикілжіңдер болады. Бірақ оның бәрін де үлкендер ақылға жеңдіріп отыратын. Отбасы болып үлкен өмірге қадам басқан соң ыстығына күйіп, суығына тоңып, кездескен қиындықты жеңе білу керек, – дейді Үміт апа.

Отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр. Осыны өмірлік ұстанымына айналдырған Кәрім ата мен Үміт апа тағдырдан бар-түйгенін сараптап, жастарға жол көрсетуден жалыққан емес. Ертең – Үміт апаның «келін» мәртебесін иеленген күні. Содан бері 65 жыл уақыт өтіпті. Бақытқа толы уақыт…

Оралхан ҚОЖАНОВ