Павлодар ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша бірінші орынға ие. Ауданға облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемінің 16,8 пайызы тиесілі. Оның ішінде ет өндірісінің көлемі 23,3 пайызды және сүт өндірісі 15,8 пайызды құрайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар ауданының әкімі Николай Дычко ағымдағы жылдың 4 айында ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 10,9 млрд теңгеге жеткенін мәлім етті. Бұл өткен жылдың деңгейінен 9 пайызға артық. Бұдан бөлек, биыл ауданда 9,6 млрд теңге сомасына бірқатар инвестициялық жоба іске асырылуда. Мәселен, Григорьев ауылдық округінде 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы басталды. Инвестиция сомасы шамамен 7 млрд теңгені құрайды.

– Биыл жаздық егіс алаңы көктемгі дала жұмыстарын өткізу кезінде 89,0 мың гектарды құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен 5 пайызға жоғары. Оның ішінде дәнді дақылдар 52,7 мың гектар, майлы дақылдар 13,6 мың гектар, картоп 4,1 мың гектар, көкөністер 3,8 мың гектар. Ауданда көкөністер мен картопты сақтау үшін жалпы көлемі 143,7 мың тонна болатын 59 көкөніс қоймасы бар. Сонымен қатар, биыл жалпы сыйымдылығы 32,6 мың тонна болатын климаттық бақылаумен жабдықталған 4 көкөніс қоймасын салу жоспарлануда, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Павлодар ауданында аграрлық саланың негізгі бағыттарының бірі өсімдік шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда аудан бойынша суармалы алқаптардың жалпы ауданы 15,3 мың гектарды құрайды.

– Суармалы алқаптарды ұлғайту шеңберінде ауданда кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда суарудың жалпы алаңына 2279,3 гектар бекітілген жобалық сметалық құжаттама бар. Сондай-ақ, ауданда Ертіс-Успен каналында тұрақты суаруды қайта құру және қалпына келтіру бойынша ірі жоба іске асырылуда. Бұл суармалы жерлердің ауданын іс жүзінде 2 есеге немесе 10 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Н.Дычко.

А.МҰҚЫШЕВ.