Агроөнеркәсіп кешенінің салаларын дамытуда суармалы алқаптарды ұлғайту мәселесі маңызды міндеттер қатарында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
2025 жылға қарай суармалы алқаптарды 2,2 миллион гектарға жеткізу туралы Үкіметке тапсырма жүктеген еді. Ал, 2030 жылы бұл көрсеткіш 3 миллион гектарды еңсеруі тиіс. Бүгінде Павлодар облысында аталған бағыттағы жұмыстар қарқын алып, суармалы алқаптардың аумағы кеңеюде.

Жыл сайын Павлодар облысында суармалы жерлер көлемі ұлғаюда. Бүгінгі күні облыс бойынша суармалы жерлер көлемі 150,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 132 мың гектары ауыл- шаруашылық тауарын өндірушілерге бекітілген. Бекітілген 132 мың гектар суармалы жердің 77,4 мың гектары іс жүзінде суарылады және пайдаланылады, оның ішінде 694 мың гектары тамшылатып суару әдісімен жүзеге асуда. Суармалы алқаптарда негізінен картоп және көкөніс дақылдары өсіріледі. Сондай-ақ, айналым схемасына сай дәнді, бұршақты, майлы және мал азықтық дақылдар да егіледі. Бұл өз кезегінде азық–түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, баға саясатын реттеуге мүмкіндік береді. Облыстық ауыл шаруашылығы бас-
қармасының баспасөз қызметінің мәлі-метінше, өткен жылы суармалы жерлердің көлемі 13,1 мың гектарға ұлғайды. Бұдан басқа, былтыр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз қаражаты есебінен ауданы 2,4 мың гектар болатын 3 суару жобасы пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда облыста суару алаңы 3,3 мың гектарға кеңейді. Атап айтсақ, Екібастұз қаласында суармалы егістікке көшіру есебінен 1,6 мың гектар, Ақсу қаласында 0,5 мың гектар, Павлодар ауданында 6 мың гектар және Ақтоғай ауданында 6 мың гектар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығындарының бір бөлігін өтеу» бойынша субсидиялау қағидаларының, «Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту» жобасына сәйкес суару машиналарын сатып алу, суару жүйелерін құру кезінде шыққан шығынның 50 пайызын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау» қағидасының 6-тармағына сай су беру жөнiндегi қызметтердiң құны да субсидияланады. Бұдан бөлек, қосымша, суармалы жерлерді қолданысқа енгізу бойынша инвес-тициялық жобаларды қолдау мақсатында өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы төмен пайызбен және кепілдікке сатып алынатын мүлікті алу есебінен жеңілдетілген несие беру бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Павлодар облысында суармалы егіншілікті дамыту үшін 22,4 млрд теңге сомасына жалпы ауданы 21,6 мың гектар суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бойынша ауыл шаруа-шылығы тауарын өндірушілердің өз қаражаты есебінен әзірленген жобалау- сметалық құжаттамасы дайын 23 жоба бар. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 18 жоба қаралды. Бүгінгі таңда ғылымға негізделген технологияларды енгізе келе, заманауи суару машиналарын пайдаланып, суармалы жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен өндіріс көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, бүгінгі күні облыс бойынша суармалы алқаптарда барлығы 551 жаңбырлатқыш машина жұмыс істеп тұр. Оның ішінде дисперсті суаруды 476 бірлік техника қолданады. Сондай-ақ, 2023 жылдың басынан бері қосымша 52 бірлік техника сатып алынды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанның су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде магистралдық каналдары енгізілген су шаруашылығы нысандарын, сондай-ақ, гидротехникалық құрылыстарды қаржыландырудың кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Мамандардың пайымдауынша, облыстың магистралдық арналары мен гидротехникалық құрылыстарын қайта жөндеуге қаржы бөлу пайдаланылмай жатқан суармалы алқаптарды айналымға тарту арқылы олардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін көрінеді. Сонымен қатар, су ресурстарының тапшылығы артып келе жатқан жағдайда су жинайтын технологияларды енгізу арқылы суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері оң шешілмек.

Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.