Қазіргі таңда ел бойынша 1-сыныпқа өтініш қабылдау науқаны жүріп жатыр. Өкінішке қарай, өңірімізде орыс сыныптарына баратын қазақ балаларының қатары азаяр емес. Облыстық білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, бүгінде аймақ бойынша 20 мыңға жуық қарадомалақ орыс сыныптарының партасында отыр. Жалпы, облыс оқушыларының 40 пайыздан астамы ғана мемлекеттік тілде, ал өзгелері орысша білім алуда. Бұл жағдай ұлт болашағын ойлаған зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отырған жайы бар. Кезінде алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай да: «Баланы қай тілде тәрбиелесең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді», – деген екен.  Түсінген адам үшін аталы сөздің астарында терең ой, үлкен үрей жатыр…  

Бәрін айт та, бірін айт! Сонымен, басқасын былай қойғанда, қазақ ата-аналарының өз баласын туған тілінде оқытпауына не түрткі болуда? Мәселенің мән-жайын зерделеп көрген едік.

Статистика не дейді?

Бүгінде облыс орталығы саналатын Павлодар қаласындағы мектептердің қазақ сыныптарында барлығы 16 329 оқушы білім алса, орыс сыныптарындағы бала саны бұдан екі есе көп көрінеді. Яғни, 34 571 шәкірт орыс тілінде оқуда. Алайда, орысша оқитын осы балалардың жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда 14 161-і (41%) ұлты қазақ ұл-қыздар екен. Өкініштісі, Павлодар қаласында соңғы уақытта орыс сыныбына баратын қарадомалақтар қатарының артқаны байқалады. Мәселен, қалалық білім беру бөлімінің мәліметі бойынша 2022 жылы 1-ші орыс сыныбына 3 855 бала қабылданса, оның 1 741-і (45,2%) қазақ ұлты, ал 2023 жылы 1-ші орыс сыныбының табалдырығын аттаған 3 549 оқушының 1 851-і (45,7%) қазақ екені мәлім болды. Бұл ретте, көкейде көптеген қала қазағының туған тілінен жеріп, өз баласын өзге тілде оқытуына не себеп деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Осы жағдайға қатысты пікір білдірген Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин:

– Қазіргі ата-аналардың көбі қазақ тілін білмейді, сондықтан бүлдіршінін үйде оқытуға келгенде қиналады. Сөйтіп, олар баласын орыс сыныптарына береді. Біз өз тарапымыздан қазақ тілді сыныптар мен мектептерді көбейту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Соңғы 8 жылдың ішінде қазақ тілінде оқытатын мектеп саны 4 бірлікке ұлғайды. Атап айтар болсақ, 2017 жылы Зеленстрой шағын ауданында №37 мектеп ашылды (Ж.Тәшенов атындағы), 2018 жылы №7 мектеп және 2022 жылы №1 мектеп қазақша білім беруге көшті. Сарыарқа шағын ауданында салынған Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі де мемлекеттік тілде оқытуда. Осылайша, қазақ мектептерінің контингенті 2 300-ден астам балаға өсті, – дейді. Сондай-ақ, ол 1-ші сыныпқа қабылдау науқаны басталар сәтте балабақша ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргі-зілетінін, барлық мектепте «Ашық есік» күндері, басқа да қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар, сайыстар мен семинарлар жиі ұйымдастырылатынын айтады. Соған қарамастан, бауыр еті баласын ойланбастан орыс сыныбына беретін ата-аналар қатары әлі де азаймай тұр. Сондай жандардың бірі, павлодарлық тұрғын Ләйлә Мақсатова:

– Өзім кезінде орта мектепті де, университетті де орысша оқыдым. Сөйтіп, отбасында да орысша сөйлегендіктен, балаларым қазақ тілін білмей өсті. Сол себепті 2 баламды да орыс сыныбына беруіме тура келді. Әрине, олардың қазақша оқығанын қалаймын. Бірақ, ана тілімізді білмеген соң шарасыздан осындай шешім қабылдадым. Себебі, қазіргі мектеп бағдарламасы өте күрделі, қазақша түсінбейтін балалар оны қалай меңгереді деген қорқыныш болды. Менің қазақша білмегендігімнің кесірінен балаларымның да ана тілін білмей, орыс сыныбына барғанына жүрегім ауырады. Басқа амалым жоқ, – дейді.

Міне, орыс сыныбына баласын берген ата-аналардың көбінің айтар уәжі осындай. Кезінде орысша тәлім-тәрбие алған буынның ұрпағы да бүгінде орыс сыныбындағы қазақтардың қатарын арттырып отырғаны алаңдатады.

Өкініштісі, облыстық деңгейдегі көрсеткіш те сын көтермейді. Облыстық білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, дәл қазір аймақ бойынша 116 096 оқушы бар болса, олардың жартысынан көбі, яғни 66 269-і (57%) орыс тілінде білім алуда. Бұл балалардың арасында 20 мыңға жуық қазақтың ұл-қызы отыр. Сондай-ақ, соңғы 3 жылдың ішінде 1-ші орыс сыныбына 21 мыңға жуық бала қабылданса, оның 9 мыңы қазақ ұлтының балалары екен. Салыстырмалы түрде айта кетсек, облыс бойынша 2021-2022 оқу жылы 1-ші қазақ сыныбына – 4,7 мың бала, орыс сыныбына 7,2 мың бала барған. Орыс сыныптарындағы ұлты қазақ балалар саны – 3,3 мың. Ал 2022-2023 оқу жылы 1-ші қазақ сыныбына – 4,9 мың, орыс сыныбына 6,9 мың бала қабылданған. Мұндағы орыс сыныптарындағы қазақтар саны – 3,1 мың бала. Ағымдағы 2023-2024 оқу жылы 1-ші қазақ сыныбында – 5,3 мың, орыс сыныбында 6,7 мың бала оқуда. Орыс сыныптарындағы қазақ балаларының саны  2,9 мыңды құрайды. Бұл сандарға қарап, орыс сыныптарына баратын қазақ балалары аз еместігін, әлі де көп жұмыс атқарылуы қажет екенін аңғаруға болады. Басқарма өкілдері де қазақ балаларының орыс сыныптарына баруының басты себебі – ата-анасының орысша оқуы және үй тапсырмасын орындауда қиындықтың туындауы екенін айтады. Осы жағдайға байланысты басқарма тарапынан ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде екен. Бәлкім, соның ықпалы болар, облыс деңгейінде былтырғымен салыстырғанда биыл орыс сыныбына баратын бала санының азайғаны байқалады, дейді мамандар. Десе де, жоғарыдағы көрсеткіштерге қарап, қуануға өте ерте екенін естен шығармағанымыз жөн.

Не істеу керек?

Осы сұрақ көпшілікті, әсіресе, жұдырықтай жүрегі «елім» деп соққан жандарды толғандыруда. Сонымен, не істемек керек? Қазақ тілінің тағдыры үшін қашанда ашық пікір, ұтқыр ойын бүгіп қалмайтын Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина алдымен мемлекеттік идеология мықты жұмыс істеуі қажет екенін айтады.

– Бұрын қазақ тілінде білім алуға Кеңес дәуіріндегі саясат кедергі келтірді дедік. Ал бүгінде тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі осы мәселенің орын алуына өзіміз кінәліміз. Оны жеңу үшін идеологиялық жұмыстарды жандандыру керек. Шыны керек, қазіргі қоғамда идеология деген нәрсе дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Қазақ тіліне қатысты мәселе тек таза қазақи ортада ғана көтеріледі. Жиналыс, конференция-ларда өз-өзімізге айтумен ғана шектеліп қаламыз. Бұл мәселе нағыз естіп-білуі қажет деген ортада қозғалуы тиіс. Сонымен қатар, «мемлекеттік тілді білме-гендерді мемлекеттік қызметке алмау керек» деген саясатты іс жүзінде көрсетуіміз қажет. Сонда ғана көпшілік ойланады. Әйтпегенде, орыс сыныбын бітіріп, мемлекеттік тілді білмейтіндердің де көштен қалмай өмір сүріп жатқанын көргендер бұған бас қатырмайды. Сол үшін қоғамның қолданбалы тілі 100 пайыз қазақша болса ғана мемлекеттік тілге деген көзқарас өзгереді, – дейді Айман Зейнуллина. Сондай-ақ, тіл жанашыры білім мен тәрбиенің баспалдағы – балабақша екенін ескерсек, аралас балабақшаларды жаппай жабу керек екенін айтады. Сол арқылы үлкен нәтижеге жетуге болады деген ғалым:

– Елдегі барлық мектепалды мекеме мемлекеттік тілде ғана тәлім-тәрбие бергені жөн. Яғни, аралас балабақша дегендер атымен болмауы тиіс. Сонда ғана енді ес біліп келе жатқан балғындарды, әсіресе, өзге ұлт өкілдерін қазақша тәрбиелеу арқылы Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттырып, қазақ жерінде тұрған соң болашақта осы елге қызмет етуге деген  патриоттық сезімдерін оята аламыз. Мен жоғары оқу орнында өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздарына сабақ бергенде, олардың арасында қазақша жақсы сөйлейтін балалардан қазақ балабақшасына барғанын естідім. Олар ештеңеден кем-қор болған жоқ. Өз тілдерін де, мемлекеттік тілді де жақсы білетініне қуанады, – дейді.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышев көп мәселе ата-аналардың өзіне тікелей байланысты екенін айтады.

– Баланың өз ана тілін дұрыс меңгеріп, өз тілінде білім алуы үшін ата-аналар тыным таппай еңбек етсе, алмайтын қамалы жоқ. Мәселен, мен 2 немеремді де қазақ балабақшасына бердім. Алайда балабақшада да, ойын алаңында да, яғни айналасында орысша сөйлейтін бала көбейген соң олардың тілі де бүлінді. Оны түзету үшін күні-түні жұмыс істедік. Бәрін үйреттік. Әр сөзді алдымен орысша, одан кейін қазақша түсіндірдік. Әрине, қиындықтар болды. Бастапқыда балалар жылады. Ертең жылағанша, бүгін жыласын деп аяушылық танытқан жоқпыз. Соның нәтижесінде, қазір екеуі де қазақша өте жақсы сөйлейді. Ұлттық арнадан «Балапан» каналын көреміз, Абайдың өлеңдерін оқимыз. Ең бастысы, ата-анада шынайы ниет болса, бала жас шыбық сияқты тез иіліп, жылдам бәрін меңгеріп алады, – дейді ғылым докторы.

Павлодар қалалық мәслихаттың атқарушы хатшысы Қобыланбек Қожин қазіргі бүлдіршіндер орыс тіліндегі мульт-фильмдер мен тик-ток, басқа да әлеуметтік желідегі орысша жарияланымдарды жиі көретінін, себебі, соларға қызығатынын айтады. Сол үшін қазақ тілінде баланы қызықтырып, тарта алатындай контенттерді көбейтуге қаражат бөліп, алдымен осы бағыттағы жұмыстарға баса мән беру керектігін алға тартуда. Сонымен қатар, халық қалаулысы Қазақстанда тұратын барлық бала қазақ балабақшасында тәрбие алғаны жөн деген пікірде.

– Алдыңғы жылы біз бірқатар балақшаның даярлық тобындағы ата-аналармен кездесіп, сауалнама жүргіздік. Сол кезде қаракөз қазақтар арасында баласын орыс сыныбына берем дегендер болды, керісінше, өзге ұлт өкілдерінің ішінде қазақша мектепке барамыз дегендерді де кездестірдік. Менің ойымша, қай ұлт болса да баласын алдымен қазақ бақшасына бергені дұрыс. Олар өз тілдерін ешқашан ұмытпайды. Керісінше, өз тілін де, мемлекеттік тілді де білетін болады. Ал балабақшадан мемлекеттік тілді үйреніп алған бала ары қарай да қазақша оқыса, нұр үстіне нұр болар еді. Болашақта қай салаға барса да өсіп, мемлекеттік тілде де еркін сөйлей алатын болады. Өйткені, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде! Бүгінде елдегі қазақтардың саны 70 пайыздан асты, сапасы да артты. Тіпті, түрлі олимпиада жеңімпаздарының 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқытатын мектептерден шығуда. Бұған қарап, болашақтан күтер үміт мол екенін түсінуге болады. Бастысы, бұл жерде ел ішіндегі бірлікті бұзып алмауымыз қажет, – дейді.

Барлық тәрбие балабақшадан…

Көпшілік қазақ балаларының орыс сыныптарына баруына кері әсерін тигізетін бірден-бір себеп – балабақшадағы балғындар тілінің бұзылуы екенін айтады. Мұның себебі де көп көрінеді. Соның бірі – қазақ тобында
орын жетпегендіктен ата-аналар баласын шарасыздан орысша топқа беріп, мұның соңы бала тілінің бұзылуына әкеліп соғады екен. Осы жағдайды басынан кешіп отырған Павлодар қаласының тұрғыны Катя Абылай:

– Менің ұлым былтырдан бері облыс орталығындағы №29 бала-бақшаның орыс тобына барып жүр. Қазақ тобына ауыстырайық десек, орын жоқ дейді. Біздің топта қазақ тобына ауысқысы келетін 4-5 қазақ баласы бар. Әрине, бұл жағдай баланың тіліне кесірін тигізуде. Келесі жылы мектепке баруымыз керек. Қазақ мектебіне қалай барамыз деген қорқыныш бар, – дейді.

Дәл осындай қорқынышпен екі ойлы болып жүрген қаншама қазақтың ата-анасы бар екені беймәлім… Ең өкініштісі, өз қазағымыздың өз елінде тұрып, балаларының туған тілінде тәлім-тәрбие алуына мүмкіндіктің болмауы.

Аталған жағдайға қатысты облыстық білім беру басқармасынан келген ресми жауапта:

– «Мектепке дейінгі ұйымдар, оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын топтарды ашу басым бағыт болып табылады. Қазақ тілінде оқытатын және тәрбиелейтін білім беру мекемелерінің желісін кеңейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіледі. Балабақшаларда алдын ала болжам, зерттеу жұмыстары жасалады (мектепалды даярлық топтан кеткен балалар санына, тәрбиешілердің құрамына байланысты).

Бүгінгі күні қазақ тілінде – 256 (58 балабақша, 198 шағын орталық), аралас – 111 (95 бала-бақша, 16 шағын орталық), орыс тілінде – 14 (4 балабақша, 10 шағын орталық) мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Топтарды ашу, жаңа объектілерді енгізу есебінен балаларды қазақ тілінде мектепке дейінгі біліммен қамтуды ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде», – делінген.

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин де жыл сайын сәуір айында әр шағын аудандағы мектепалды топтарды бітіретін түлектердің санына талдау жүргі-зіліп, өтініштер кезегі зерделенетінін айтады. Соған қарамастан ата-аналарды толғандырған мәселе де жоқ емес.

Қазақ топтарындағы балғындар тілін бұзатын тағы бір себеп – орыс тілді балалар қатарының көбеюі, дейді көпшілік. Оған кім кінәлі?

– Бүгінде балабақшаға баратын бүлдіршіндердің басым бөлігі орысша сөйлейді. Өйткені, олардың ата-аналары шүлдірлейді. Баласымен қоштасарда кейбір аналар «Пока, до свиданиясын» айтып жатады. Міне, солардың баласы таза қазақша сөйлейтін өзге баланың тілін бүлдіреді. Сондықтан тәрбиешілер ата-аналардан қатаң түрде қазақша сөйлеуін талап етуі керек. Өкінішке қарай, олардың өздері ата-аналар түсінбейді деп орысша сөйлеп кетеді. Сонда орыс және қазақ топтарының қандай айырмашылығы бар? – дейді Айман Зейнуллина. Балабақша мамандары да көп мәселе ата-аналарға тікелей қатысты екенін айтады. Осылай деген Павлодар қаласындағы №121 балабақшаның тіл маманы Сандуғаш Серікқызы:

– Менің ойымша, қазақ тіліне деген құрметті ата-аналар алдымен өздерінен бастауы керек. Ең алғашқы тәлім-тәрбие отбасынан басталады. Үлкендер үйде жүріп орысша шүлдірлесе, бала да көргенін істейді. Ата-аналар ана тілімізді қадірлесе, бала да құрметтейді. Әрине, қазақ тобының тәрбиешілері ата-аналардан қазақша сөйлеуді талап етіп жатады. Өйткені, олар қазақ топтарына балаларын әкеліп отыр ғой. Алайда бұған барлық ата-ана құлақ аса бермейді, – дейді.

Айта кетерлігі, бір кездері қазақ топтарында әдістемелік оқу-құралдары жетіспейтіні жиі сөз болатын. Облыстық білім беру басқармасы бүгінде мұндай мәселе мүлдем жоқ екенін, яғни қазақ топтарындағы балалар үшін оқу-әдістемелік құралдар жеткілікті екенін айтады.

Демек, барлық жағдай жасалса да, қаны қазақ бүлдіршіндердің басқа тілде шүлдірлеуі көңілге кірбің ұялатады.

«Тіл тағдыры – ел тағдыры!». Ендеше, еліміздің ертеңі жарқын, тәуелсіздігіміз берік, төртеуіміз түгел, төрт құбыламыз тең болсын десек, ұрпағымыздың бойына ұлттық рухты сіңіріп, қазақ тілінің қадір-қасиетін арттыра білуіміз керек. Ол үшін ұлт болашағы болар ұл-қызды қазақ мектебіне берудің маңызы зор. Бұл мәселеге ата-аналар да, ұстаздар мен мемлекет те мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана туған тілдің көсегесі көгеріп, мемлекеттік тіл мәртебесі өсе бермек. Қарадомалақтарымыз қазақша тәлім-тәрбие мен білім алғанда ғана «нағыз қазақ» болып қалыптаспақ.

Қалай десек те, таңдау жасау – әркімнің өз қалауы. Біздің мақсат – ай мен күннің аманында ана тілінен жеріп, бауыр еті баласын қазақша оқытудан қашқақтайтын ата-аналарға ой салу.

 

Дерек пен дәйек:

  • Облыс бойынша 360 мектеп бар. Оның ішінде қазақ тілінде оқытатын 136 (38%), орыс тілінде оқытатын 50 (13,8%), аралас тілде оқытатын 174 (48,2%) мектеп бар;
  • Аймақ көлемінде 381 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 368 мемлекеттік (146 балабақша, 222 шағын орталық), 13 жеке меншік (11 балабақша, 2 шағын орталық) мекеме бар. Мұндағы 256 мектепалды мекеме қазақ тілінде тәлім-тәрбие береді;
  • Өңірімізде мектепке дейінгі тәрбиемен және қазақ тілінде оқытумен қамтылған балалардың жалпы саны – 21 243. Ал 12 099 балғын орыс тілінде тәрбиеленеді;
  • Облыс бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 4 381 педагог жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік ұйымдарда – 4 230, жеке меншік ұйымдарда – 151 адам бар;
  • Павлодар қаласында барлығы 43 мектеп бар болса, оның 10-ы – қазақ, 33-і аралас мектеп болып табылады;
  • Павлодар қаласында 85 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 26 қазақ тілінде оқытатын және 57 аралас мектепалды мекеме бар.

 

Нұржайна ШОДЫР.