Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігі еліміздің бірқатар өңірінде орын алған төтенше жағдайға байланысты соңғы қоңырау шарасы жылдағыдай салтанатты түрде болмайтыны жайлы ақпарат таратқан болатын. Бұдан кейін редакциямызға ата-аналар мен түлектер хабарласып, мәселенің мән-жайын нақтылап беруімізді өтінген еді. Сонымен, соңғы қоңырау бола ма?

 

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, 11-сынып түлектеріне арналған соңғы қоңырау 25 мамыр күні өтетін болады.

– Алайда, аталмыш іс-шара алғаш рет жаңа форматта, яғни, салтанатты мерекелерсіз, рухани-адамгершілік мазмұнда ұйымдастырылады. 24 мамыр, жұма күні 1-10-сынып оқушылары үшін «Отан игілігі үшін білім» тақырыбы бойынша бірыңғай сынып сағаттарын өткізу жоспарлануда, ал мектеп бітірушілерге арналған соңғы қоңырау мерекесі 25 мамыр, сенбі күні өткізіледі, – дейді Роза Ақанова.

Атап өтерлігі, ағымдағы оқу жылында 3,8 миллионнан астам қазақстандық оқушы мектеп аяқтайды, оның 186 мыңы – түлектер.

Жалпы, 25 мамыр күні барлық мектепте сабақ аяқталады. Ал 11 (12)-сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау рәсімі 19-22 маусым аралығында, яғни барлық емтихан аяқталғаннан кейін ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, министрлік өкілдері 9-11-сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынатанын ескертуде.

 

Нұржайна ШОДЫР.