Білімсіз оқушыны келесі сыныпқа көшірмеген жөн бе?

Қаз 22, 2026

Бұдан былай елімізде оқу үлгерімі төмен оқушылар келесі сыныпқа көшпей қалуы мүмкін. ҚР Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың білімін бағалау тәртібін күшейтуді көздеп отырған жайы бар. Жаңа талап бойынша 1-сыныпта баға мүлдем қойылмайды, 2-4-сыныптарда 10 балдық шкала сақталады. Ал 5-11-сынып аралығындағы оқушылар бір немесе екі пәннен «2» деген жылдық баға алса, жазда қайтадан жиынтық бағалау тапсырады. Одан сүрінгендер жаңа оқу жылы басталмас бұрын тағы бір рет білімін сынап көреді. Осы жолы да мүмкіндікті мүлт жіберіп алса, қайтадан екінші жылға қалдырылатын болады.

Міне, бүгінде бұл мәселе қоғамда қызу талқылануда. Біреулер мұны бала мен ата-ана үшін үлкен жаза десе, енді біреулер білімге деген талапты күшейтудің тиімді тәсіліне балауда. Сонымен, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Көпшіліке қатысты маңызды мәселені «Алаң» айдарында да ортаға салып көрген едік.

Болат АЙҒОЖИН,

«Павлодар қаласының С.Торайғыров атындағы ЖОББМ» КММ басшысы:

– Оқу үлгерімі төмен оқушыны келесі сыныпқа көшірмеу туралы мәселеге біржақты қарауға болмайды. Себебі, әр баланың жағдайы әртүрлі. Мысалы, бір бала сабаққа дұрыс көңіл бөлмегендіктен, бағасы нашарлап кетсе, екіншісінің оқуына денсаулық жағдайы, психологиялық қиындықтар әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, қазір мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала саны артуда. Олардың мүмкіндігін, жағдайын да ойлау қажет. Сондықтан төмен баға алған оқушыларды келесі сыныпқа көшірмей қалдыра беру мәселені шешпейді деп ойлаймын. Сондай-ақ, кейбір балалар бірнеше пәннен нашар оқығанымен, өзге пәндерді жақсы меңгереді. Егер осындай оқушы келесі жылы тәуір баға алып жүрген сабақтарды тағы да оқыса, оның ынтасы мен өзіне деген сеніміне селкеу түспей ме? Осы жағын да ойлау керек. Қысқасы, оқушының алған бағасына қарап келесі сыныпқа көшірмеу туралы шешім шығару дұрыс емес. Одан да баланың даму ерекшеліктері, педагогикалық көмектің нәтижесі және ата-анамен жүргізілген жұмыстарды терең талқылап, қай жерден кемшілік кеткенін анықтап, сонымен жұмыс істеген жөн деген ойдамын.

 

Рахима ТАБАШЕВА,
ардагер ұстаз:

– Біздің кезімізде оқу үлгерімі төмен оқушыны келесі сыныпқа көшірмеу тәжірибесі болды. Яғни, бала оқу бағдарламасын қажетті деңгейде меңгермесе, оның білімін қайта толықтыруға басымдық берілетін. Бірақ бұрынғы тәртіпті бүгінгі күнге сол күйінде көшіре салуға болмайды. Заман өзгерді, қазіргі балалардың психологиялық ерекшелігі де, білім алу жағдайы да басқаша екенін ескеру керек. Сол үшін алдымен мұндай шәкірттің неліктен оқымай жүргенін анықтау қажет. Мәселен, мұғалім қосымша сабақ ұйымдастырды ма? Ата-анамен сөйлесті ме? Балаға түсінікті басқа әдісті қолданып көрді ме? Осындай сұрақтарға жауап берілмей тұрып, бүкіл жауапкершілікті оқушының мойнына арту әділетсіз. Алайда баланы келесі сыныпқа тек жаны ашығандықтан көшіре салуға да болмайды. Егер оқушы негізгі білімді меңгермесе, оған нақты көмек көрсетілуі керек. Білімдегі олқылықты жасыру баланың ертеңіне көмектеспейді.

Меніңше, бұрынғы тәжірибеден алатын басты сабақ – білімге талап қою. Бірақ сол талап баланы тұйыққа тіреу үшін емес, оны білімге жетелеу үшін қолданылуы керек.

 

Мақсұт ЗАКИРОВ,   
Павлодар қаласының тұрғыны, әке:

– Шыны керек, қазіргі ата-аналардың көбі таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Кейбіреуі несиесін төлеп, отбасын асырау үшін бірнеше жерде еңбек етеді. Соның салдарынан баласын үнемі қадағалап, әр тапсырмасын тексеріп, мұғалімнің түсіндіре алмағанын қайта қайталап отыруға уақыты жете бермеуі мүмкін. Әрине, әр ата-ана жауапкершіліктен бас тартуға болмайды. Десе де, бұл жерде мектеп үлкен рөл атқарады. Мұғалім тек тақырыпты түсіндіріп, баға қоюмен ғана айналыспай, баланың нені түсінбей қалғанын анықтап, оған көмектесудің жолын іздеуі керек. Ұстаздың кәсіби шеберлігі де осындай сәтте көрінеді. Нағыз білімді мұғалім әр шәкіртінің жағдайы үшін алаңдап, оны қатарға қосудың басқа әдіс-тәсілдерін іздеп, ата-анасымен де байланыс орнатады. Егер бірнеше ай бойы оқушының үлгерімі төмен болса, оның себебін ертерек зерттеп, тығырықтан шығар жол іздеу керек. Бірақ мұның шешімі – баланы келесі сыныпқа қалдыру емес, басқаша болуы тиіс. Қалай десек те, білікті маман білімді шәкірт тәрбиелеп шығаратыны сөзсіз. Ал білімсіз шәкірт – ұстазға сын!

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.