Өкінішке қарай, өңірімізде қаржы пирамидасының жүйесіне алданып, ақшасынан айырылып, жер сипап қалғандардың қатары азаймай тұр. Әсіресе, бюджет саласының өкілдері, яғни мұғалімдер мен дәрігерлер оңай олжа табамын деп опық жейтін көрінеді. Соңғы уақытта ауылдағы ағайын да алаяқтарға барын беріп, сан соғып қалып жүр. Мұндай жағдайлардың алдын қалай алуға болады?

Былтыр облыстық экономикалық тергеу департаменті «QNET» қаржы пирамидасының ұйымдастыру-шысына қатысты қылмыстық іс қозғап, сотқа жолдаған еді. Нәтижесінде оның кінәсі толығымен дәлелденіп, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл былтыр департамент мамандары жүргізген жалғыз іс еді. Ал биыл тағы да осы «QNET» пен «Has Holding» қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық іс аяқталды. Бұл ретте «QNET» пирамидасының бір ұйымдастырушысы сотталып, басқалары шығып, қайта «тірлігі» жанданды деген сөз емес. Белгілі болғандай, аталмыш компанияға 2018-2019 жылдары қаржы салған кей тұрғындар енді ғана шағымдарын түсіріп жатыр. Облыстық экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ербол Кәрімов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында биыл аталмыш ұйымға қатысты 30 адамнан шағым тіркелгенін мәлімдеді. Олар барлығы 28 млн теңгесінен айырылған. Ал «Has Holding» компаниясына өңір бойынша 3 мыңнан астам адам тартылған. Қаржы пирамидасының «құрбандарына» айналған азаматтар 3,5 млрд теңгесін салған. Бірақ соңында табыс таппақ түгілі қолында барынан қағылды. Ал «Has Holding» ұйымдастырушыларының 1,5 млрд теңгесі бұғатталды. Оның ішінде 300 млн теңге қаржы, үш жер учаскесі, 20 көлік, Павлодар мен Астана қалаларындағы қымбат пәтерлер, тұрақ орындары бар.

— Біз бұған дейін тұрғындарды «қармағына» түсірген қаржы пирамидаларын анықтаумен қатар, олардың жолын кесумен де айналысамыз. Әлеуметтік желілер, ғаламтордан күмәнді жарнамалар, сілтемелерді байқаған кезде олардың ары қарай таралмауына мән береміз. Айталық, биыл 665 сілтеме бұғатталды. Сонымен қатар, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында түрлі шара ұйымдастырылады. Пирамидаға қаржы құятындардың дені мұғалімдер мен дәрігерлер болғандықтан, бюджеттік ұйымдарда, өндірістік орындарда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, еріктілер қозғалысы жұмыс істейді, — дейді Е.Кәрімов. Оның айтуынша, қаржы пирамидаларының «өмірі» негізгі төрт кезеңнен тұрады. Өсу мен дамудан соң, яғни алғашқы салымшыларға қандай да бір көлемдегі кіріс келгеннен кейін тоқырау басталып, жағдайы нашарлайды. Сөйтіп, бір жылдың аралығында жарнамалары жер жарған ұйымдардың «өмірі» үзіледі. Еске сала кетсек, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оны жарнамалаушылар да жазасыз қалмайды. Әсіресе, блогерлер, танымал адамдар әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды қандай да бір ұйымға қаржы құюға шақыруға әуес. Мұндай жағдайда оларға да әкімшілік жауапкершіліктен бастап, қылмыстық жауапкершілікке дейінгі шаралар қолданылады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.