Бүгінгі таңда Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, тауарлардың бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде бірқатар ірі сауда орындарымен келісімдер жасалған. Сондай-ақ, өңірлік тұрақтандыру қорына 2,8 млрд теңге сомасына 14,8 мың тонна өнім сатып алынды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында «Павлодар ӘКК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов облыста сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында арнайы комиссия құрылып, ішкі нарықты отандық тауар өндірушілердің өнімдерімен қамтамасыз ету үшін кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.

– Павлодар облысында ҚР-ның 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары іске асырылуда. Сонымен қатар, тұрақтандыру қоры өндірушілермен 6635,9 тонна көлемінде картоп, 1081 тонна сәбіз, 671,3 тонна пияз, 1300 тонна қырық-қабат, 419,5 тонна 1 санаттағы жұмыртқа, 476 тонна күріш жеткізуге форвардтық шарттар жасасты. Жалпы, облыс бойынша қаңтар-қараша айларында азық-түлік өндірісінің көлемі 144 млрд теңгені құрады, – деді ол. Сондай-ақ, Бек Оразғұловтың айтуынша, ағымдағы жылдың қыркүйек айында нан бағасын тұрақтандыру үшін облыс әкімдігі, ауыл шаруашылығы министрлігі және «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арасында 1-сұрыпты бидай ұнынан, 1-сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нан бағасын тұрақтан-дыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.

– Меморандум аясында «Азық-түлік корпорациясы» АҚ 3,796 мың тонна бидай бөлді (тоннасына 90 мың теңге). Ал субсидияларды төлеу сомасы 90 млн теңгені құрады. Бұдан әрі Павлодар қаласының наубайханаларымен меморандумдар жасалды, онда 1-сұрыпты ұннан жасалған нан 93 теңгеден/орамнан аспайтын бағамен босатылады, әлеуметтік дүкендердегі нанның бағасы бір орамға 95 теңгені құрайды, – деді Б.Оразғұлов. Сонымен қатар, брифинг барысында Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Көшербаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар-ларының кең көлемін ұсына алатын «JAILAU» фермерлік базары апта сайын қала тұрғындарына нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен бағамен 70-тен астам ауыл шаруашылығы тауарын саудалайтынын еске салды.

– Фермерлік нарығының аумағында апта сайын облыстың қалалары мен аудандарының тауар өндірушілерінің қатысуымен сенбілік ауыл шаруашылығы жәрмеңке-лері өткізіледі. Жыл басынан бері 3211,5 млн теңге сомасына 141 жәрмеңке өткізілді. Оның ішінде Павлодар қаласында 2851,8 млн теңге сомасына 48 жәрмеңке өтті. Жалпы, фермерлік нарық ашылғаннан бері 2,2 млрд теңге сомасына 2,8 мың тоннадан астам азық-түлік тауарларын сату жүргізілді, – деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.