Елімізде соңғы жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің құнарлығын арттыру мәселесі жиі көтеріліп, бүгінде нақты қадамдар жасала бастады. Мәселен, жердің жай-күйі ғылыми тұрғыдан зерттеліп, әбден тозғандарын қалыпқа келтіруге бағытталған шаралар қабылдануда. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 млн гектарға жуық жер бар. Соның 2022 жылдан бері 40 пайызы ғана зерттелген. Мамандар оның ішінде 18 мың гектары деградацияға ұшырағанын анықтаған.
Топырақ тозып барады
Оның ішінде 16 мың гектары жел эрозиясына ұшыраса, 2 мың гектар тұзданған. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың мәлімдеуінше, өңрдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 8 млн гектары — жайылымдық, қалғаны – егістік алқаптары. Бүгінде жайылымдық жердің 6 пайызы мал бағуға жарамайды. Олардың көбі – ауылдық елді мекендер маңындағы жер телімдері. Себебі, тұрғындар малын алысқа апармай іргеге жая бергеннен құнарлығы түгесілген.
Ереже бойынша ауылдың маңында сауылатын мал ғана қалуы тиіс. Көпшілігі алысқа апармайды. Салдарынан жайылым тапталып, құнарынан айырылады.
– Кейбір жеке шаруашылықтар өз қаражаты есебінен елді мекен тұрғында-рына көмек ретінде шөп егіп, үлес қосуда. Мемлекет тарапынан да бағдарлама қолға алынды. Құнары түскен жайылымдарға қаражат бөліп, сапасын көтеруге қадам жасалып жатыр. Халық та осы істе түсіністік танытқаны жөн. Себебі, тозған топырақтың құнарлығын қалпына келтіру үшін кемі 3 жыл қажет. Сондықтан жаңадан өскен шөпке малдарын жібермеуі керек. Бұл бағытта жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, жұмыстар жүргізілуде, – дейді
М.Хамитов.
Жыл сайын Жер ресурстарын басқару комитеті, нақтысы, «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК жайылымдық, егістік жерлерге зерттеу жүргізеді. Облыстық басқарма жыл сайын зерттелуі тиіс 200-400 мың гектар тізімін құзырлы мекемеге өткізеді. Мұның бәрі жер телімдерінің сандық көрсеткішімен бірге енді сапалық сипатын анықтау үшін аса қажет. Құзырлы органдар барынша жылдамдатып жерлердің жағдайын зерделеуге кіріскен. Сондықтан аталған мекеменің облыстағы филиалынан бөлек Астана, алматы, Қарағандыдағы филиалдары да зерттеу жұмыстарына қатысқан.
Мамандардың мәліметінше, кезінде суармалы алқап болған аумақтарда салғырттық таныту, ауыспалы егісті ескермеу салдарынан тұздану үрдісі орын алған. Кейбірі жер эрозиясына ұшыраған. Мұндай жер телімдері Май ауданында бар. Тұзданған жерлер Ертіс өзені бойындағы аудандарда кездеседі. Кейбір аудандарда қалпына келтіру жұмыстары басталып та кеткен. Мысалы, Баянауыл ауданында лимандық суару аумақта-рында жайылымдық жерлерді қалпына келтіру жұмыстары ақяталуға жақын.
– Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтірудің жол картасын әзірлеуде. Жыл соңына дейін қабылданады деп күтілуде. Зерттеу институттарының беретін ұсынымдары бар. Соның негізінде қалпына келтірілетін әр гектарға кететін шығын көлемі айқындалады. Содан кейін бюджеттік өтінім беру мүмкін болады, – дейді басқарма басшысы.
Қоғамдық меншіктегі жерлердің құнарлығын арттыру жергілікті бюджет есебінен жүргізілсе, шаруашылықтарға бекітілген жерлерді кәсіпкерлер реттеуі тиіс. Сонымен қатар, соңғы талаптарға сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге 15 жылда бір рет топырақтық зерттеу жүргізу міндеттеліп отыр. Ал суармалы алқаптарда жердің жайы 5 жыл сайын тексерілуі керек.
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану және қорғау мәселесі басты назарға алынды. Облыс үшін негізгі міндеттердің бірі жердің одан әрі тозуының алдын алу және қазірдің өзінде тозған ауыл шаруашылығы алқаптарын қалпына келтіру болып қала береді. Жайылымдар ерекше назар аударуды қажет етеді, өйткені, олардың жай-күйі жер жүктемесіне, жайылым айналымының сақталуына, суарумен қамтамасыз етілуіне және нақты пайдаланудың белгіленген талаптарға сәйкестігіне тікелей байланысты, – дейді басқарма өкілі.
Цифрлық форматқа көшеді
Алдағы жылы елімізде жер телімдерін бөлу шешімдері тұтас электрондық конкурстар негізінде цифрлық форматта қабылданады. Мұны Мемлекет басшысы тапсырған еді.
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрлық форматта беру кезінде электрондық конкурсты заңнамамен бекіту үшін Жер кодексіне түзетулер әзірленді. Түзетулер жер комиссиясының конкурс жеңімпазын анықтау жөніндегі функциясын алып тастайды, бұл көп сатылы келісу, хаттамалық рәсімдер сияқты әкімшілік кедергілерді жояды. Өтінім беруден бастап жеңімпазды анықтауға дейінгі барлық процесс ақпараттық жүйелерді мемлекеттік дерекқорлармен интегра-циялай отырып және жаңа критерийлер бойынша конкурсанттарға балл бере отырып, электрондық форматта жүзеге асырылатын болады. Алдын ала есептеулер бойынша конкурстарды өткізу мерзімі екі есеге қысқарады, – дейді М.Хамитов.
Бүгінде елімізде бүкіл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер цифрлық платформаға өткен. Енді жерді бөлудің ережесі, онда қарастырылатын ережелер, индикаторлар әзірленуде. Дайын болған соң халық, құзырлы органдар талқысына беріледі. Ұсыныстар негізінде жетілдіріліп, іске қосылмақ.
– Бұл электрондық жүйеде сандық көрсеткішпен қатар сапасы да көрініс табуы тиіс. Мәселен, қазір бізде бос жатқан жерлердің әлі сапалық көрсеткіші болмауы мүмкін. Ал жер бөлудің цифрлық жүйесіне көшкенде жер телімі конкурсында жеңімпаз атанған азаматпен шарт жасау кезінде жергілікті билік бұл телімнің сапалық картасын беруге міндетті. Бұрын біз тек аумағы мен жер жобасын ғана ұсынатынбыз. Енді тиісті зерттеуден өткеніне 15 жыл толмаған жер телімдері конкурсқа қойылады. Онда топырақтың бонитеті, геоботаникасы, топырақтың сапалық жағдайы көрсетіледі. Бүгінде жылына 70 мың гектар ауыл шаруашылығы жері конкурсқа шығарылады. Аталған талаптар жер телімдерін конкурсқа шығаруда кедергі болуы мүмкін, – дейді басқарма басшысы.
Осы ретте, жердің сапалық сипат-тамасының әзіленуін күткісі келмейтін азаматтар өздері зерттеп, конкрусқа шығаруды сұрай алады. Бірақ бұл жерде конкурста дәл сол азаматтың жеңіп алуына кепілдік жоқ екенін ескеру керек. Бәрі электрондық түрде іске асады. Қатысушының барлық индикаторлары – мамандарының біліктілігі, әр гектарына жоспарлаған инвестиция көлемі, мал басы, техникасы саны сияқты көрсеткіштер ескеріледі.
Аталмыш жүйе жер телімдері конкурстарын өткізу мерзімін екі есеге дейін қысқартады деп күтілуде. Бүгінде азамат өтініш білдіріп, жер зерттеліп, жобасы жасалып, шекарасы бекітіліп, геоботаникасына тапсырыс берілгенше, бір жарым айдай уақыт кетеді. Одан кейін конкурсқа қойылған соң сайтта ол 45 күн тұруы тиіс. Осылайша, 90 күн жұмсалады. Енді бұл жұмыстары бір ай ішінде іске асады деген үміт бар. Себебі, жер телімі туралы ақпарат толығымен цифрлық жүйеде тұрады.
Бүгінде ҚР Жер кодексіне сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері 10 жылдан 49 жылға дейінгі жалдау құқығымен конкурстарда беріледі. Облыста бүгінде 35 конкурс өткізіліп, жалпы ауданы 214 мың гектар болатын 343 жер учаскесі үлестірілген.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
