Бүгінде егін даласында жұмыс қызу. Күн райының қабағына қарай диқандар өскен егінін шашпай-төкпей жинаудың қамында. Күзгі жиын-терім, малдың қысқы азығын дайындау жұмыстарының барысы облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында қаралды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбектің мәлімдеуінше, биыл егін жинау науқаны өткен жылмен салыстырғанда екі аптаға ерте басталған. Ал жинау қарқыны былтырғы деңгейден 23 пайызға жоғары. Биыл 1,5 млн гектардан егін жиналады. Өткен жылғыдан 7 пайызға артық.
– Бүгін егін алқабының 74 пайызынан өнім жиналды. Дәнді дақылдарды жинау жұмыстары 98 пайызға аяқталды. Успен, Тереңкөл, Железин аудандарында қарақұмық жинау жалғасуда. Жалпы, 773,4 мың гектардан дақыл жиналды. 707 мың тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарынан 9,1 центнерді құрады. Алынған астықтың сапасы бойынша шамамен 60 пайызы 3 класқа жатады, – дейді басқарма басшысы.
Картоп егістігінің 97 пайызы, көкөністің 99 пайызы жиналған, ал бақша өнімдері толығымен терілді. 292,2 мың гектар алқаптан майлы дақыл орылып, 434,3 мың тонна өнім алынған. Орташа өнімділік гектарынан 10 центнерді құрайды.
Диқандар егін жинаумен қатар алдағы егін науқанына дайындықты да қатар жүргізуде. Бүгінде 189,9 мың гектар сүрі жер өңделген. 212 мың гектар алқапта күзгі жер жырту жұмыстары атқарылған.Сапалы тұқым қорын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. 2027 жылы егуге жоспарланған 172,3 мың тонна көлемнің 168,6 мың тонна тұқым дайындалған.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жалғасуда. Жыл басынан бері 37 млрд теңгеге 1222 техника сатып алынған. Оның ішінде 22 млрд теңгеге 575 техника алынған. Бұл техникалардың 409-ы – трактор, 55-і – астық жинау комбайндары. Облыста 2 жалпы сыйымдылығы 75 мың тонна болатын 6 лицензиялы астық қабылдау кәсіпорны, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тиесілі сыйымдылығы 912 мың тонна болатын 263 қойма бар. Яғни, астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 1,2 млн тоннаны құрап отыр.
Басқарманың мәліметінше, облыста картоп пен көкөніс сақтайтын жалпы сыйымдылығы 628 мың тонналық 160 қойма бар. Биыл үш көкөніс қоймасы пайдалануға берілген.
Күзгі жиын-терім жұмыстарына 31,7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Осы ретте, облыс әкімі биыл астық жинау кезеңі жауын-шашынсыз құрғақ болғандықтан дәнді дақылдарды кептіру қажеттілігі төмен екенін еске салды. Сәйкесінше, осы мақсатқа бөлінген жанар-жағармайдың бір бөлігін игеру мәселесіне мән беруді тапсырды. Басқарма басшысы жанар-жағармайды қайта бөлу жұмыстары қолға алынғанын атап өтті. Алынбаған көлемнің 2 мың тоннасын қажеттілігі бар қожалықтарға қайта бөлген. Яғни, игерілмеген көлем шаруашылықтарға топырақты күзгі дайындау жұмыстарына бағытталмақ.
Биыл егін шаруашылығын қолдауға субсидия түрінде 9,4 млрд теңге бөлінген. Сала мамандары уақытылы несиелендіру жиын-терім жұмыстарын сапалы өткізуге септігін тигізгенін айтады. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында облыс шаруаларына 30,1 млрд теңге көлемінде 339 несие үлестірілген. Осы ретте, облыс әкімі диқандар алған несиенің уақытылы өтелуіне де маңыз беруді тапсырды.
Астық жинаумен қатар, облыста малдың азығы дайындалуда. Алдағы қысқа жоспарға сәйкес 1,3 млн тонна мал азығы әзірленген. Оның 70 пайызы сақтау орындарына жеткізілген.
Облыс әкімі Асайын Байханов майлы дақылдардың тек жартысы орылғанына назар аударып, қалғанын уақытылы жинау қажеттігін атап өтті. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, ауа райы қолайлы болса, қалған 350 мың гектар алқаптан егін жинауға орташа тәуліктік 31 мың гектар еңбек өнімділігімен 12-15 күн керек болады.
Аймақ басшысы картоп жинау, қоймаға сақтаудан асқанын өткізу мәселесіне де тоқталды. Яғни, облыста 900 мың тоннадан астам «екінші нан» жиналса, оның шамамен 600 мың тоннадан жоғары бөлігі қоймаларға сақтауға салынады. Қалғанын уақытылы жинап, сату қажет. Облыс әкімі былтыр аяз түсіп, Ақсу қаласының ауылдық аймақтарында бірқатар шаруашылықтың өнімі үсіп қалғанын еске салды. Осындай олқылыққа жол бермеуді тапсырды. Басқарма басшысы қалған 1 мың гектар алқаптан картоп жинауға 6 күн керектігін мәлімдеді. Әрине, бұл жерде ауа райының қалай болатыны маңызды. «Қазгидромет» облыстық филиалының басшысы Маржан Құсайынованың ақпаратына сәйкес, бірнеше күн жаңбырлы болғанымен, 20 қазанға дейін түнде әлі де нөлден жоғары температура сақталады. Кейін күндіз +2, +7 шамасында болғанымен, түнде нөлден төмен температура күтілуде. Диқандар мұны да ескеруі тиіс.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
