Елімізде кәсіпкерлікпен айналысушыларға көрсетілетін қолдау өз жалғасын тауып келеді. «Бәйтерек» ұлттық холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын «Даму» қоры бизнес өкілдерін ынталандыратын қолдау бағдарламаларын жыл сайын кеңейтіп келеді. Павлодар облысы бойынша аталған қордан 5956 кәсіпкер 850 млрд теңге көлемінде қолдау тапқан.
Мұндағы бағдарламалар арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған 7 млрд теңге, айналым қаражатының толықтырулары үшін 3,5 млрд теңгеге дейінгі несиелер қарастырылған. Жобаларды қаржыландыру мерзімі 10 жылды құрайды. Өңірімізде мұндай қаржыландырулар арқылы әртүрлі бағыттағы кәсіпкерлік қолдау тауып, ел игілігіне жұмыс істеуде.
Солардың бірі — азық-түлік өндірісін дамытуға бағытталған «Жандос KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын ұн өндірумен айналысады. Өндірістік кешен бұрын егістік болған аумақта нөлден бастап салынған. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Компания өз қаражаты есебінен жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында азық-түлік бағытындағы екінші зауыттың құрылысы да бар. Ағымдағы жылы компания аталған қордың «Кепілдік қоры-1» бағдарламасы арқылы қолдау алған.
Кәсіпорын бірінші және жоғары сұрыпты ұн өндіреді. Өнімнің негізгі бөлігі шет ел нарығына шығары-лады. «Жандос KZ» ЖШС директоры Жанар Серімованың айтуынша, өндірілетін ұнның шамамен 85 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Негізгі серіктес елдер қатарында Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан бар.
— Біз ұнның бірінші және жоғары сұрыптарын өндіреміз. Негізгі бағытымыз — экспорт. Өніміміздің 85 пайызы шет елге шығарылады. Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстанмен жұмыс істейміз. Кәсіпорынның тәуліктік өндірістік қуаты — 120 тонна. Айына шамамен 3,5 мың тонна ұн шығарамыз. Бізбен жұмыс істейтін серіктестердің арасында өніміміздің сапасына қызығушылық танытатындар көп. Мысалы, Ауғанстаннан келген серіктесімізбен үш жылдан бері телефон және бейнебайланыс арқылы сөйлесіп келдік. Бұл жолы кәсіпорынға арнайы келіп, өндіріс орнымен жақынырақ танысты. Олар біздің ұнымызды сапалы деп бағалайды. Әрбір клиент өнімді өз талаптарына сай алғысы келеді, сондықтан біз тапсырыс берушілердің сұранысына қарай жұмыс істеуге тырысамыз, — деді Жанар Серімова.
Ал ішкі сұранысқа келсек, қазіргі таңда өндірілген ұн негізінен нан және макарон өнімдерін шығаратын кәсіпкерлерге сатылады. Өнімді бөлшек сауда дүкендерінен тұрақты түрде кездестіру қиын. Дегенмен, компания болашақта өз өнімдерін дүкен сөрелеріне шығаруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Жанар Серімова кәсіпорын үшін маңызды мәселелердің бірі ұн өндіруге қажетті шикізаттың бағасы мен қолжетім-ділігі жайлы сөз қозғады.
— Мен өңірдегі қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы ретінде шикізат мәселесін 2021 жылдан бері көтеріп келемін. Бізге ең маңыздысы — қайта өңдеушілер үшін бидайдың қолжетімді болуы. Себебі, шикізат бағасы қымбаттаған сайын ұнның өзіндік құны да өседі. Бұл біздің экспорттық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігімізге әсер етеді. Қазақстан ішкі нарықта өндірілетін ұнның барлығын толық көлемде сіңіре алмайды, сондықтан біз үшін экспорттың маңызы зор. Қазір Ресейлік астық пен ұнның бағасы төмен болғандықтан, шетелдік нарықта бәсекелесу қиындап отыр. Мысалы, Түркіменстан бұрын айына 15 вагон ұн алса, қазір бұл көлемді қысқартты. Серіктестеріміз өніміміздің сапасын жоғары бағалайды, алайда олар үшін де баға маңызды. Біз қазір бидайды негізінен Успен, Тереңкөл және Ертіс аудандарынан аламыз. Егер отандық нарықта тапшылық туындаса, Ресейден шикізат алуға мәжбүр боламыз. Сондықтан ауыл шаруашылығы өндірушілері мен қайта өңдеушілердің мүддесін қатар ескеріп, екі тарапқа да тиімді шешім қабылдау қажет деп санаймын, — деді Жанар Серімова.
Кәсіпорында өндірістік қажет-тілікке арналған астық сақтау қоймалары бар. Атап айтқанда, мұнда сүрлемдер орналасқан. Олардың жалпы сақтау сыйымдылығы шамамен 4500 тоннаны құрайды. «Жандос KZ» ЖШС өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Компанияның жаңа өндірістік кешені әлі де құрылыс кезеңінде. Сонымен қатар азық-түлік бағытындағы екінші зауыттың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын басшылығы бұл жобаларды өз қаражаты есебінен іске асырып жатқанын атап өтті.
Кәсіпорын үшін шикізатпен қатар білікті мамандардың жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып отыр. «Жандос KZ» ЖШС директоры Жанар Серімованың айтуынша, өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарында элеватор, ұн және құрамажем өндірісі бағытындағы мамандарға сұраныс жоғары. Осыған байланысты компания мен Павлодар облысының қайта өңдеушілер қауымдастығы аталған мамандықтарды қайта даярлау мәселесін көтерген.
Жаңа мамандықтарға жас-тардың қызығушылығы да зор. Кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп жүргендердің қатарында бұрын басқа салада білім алған мамандар да кездеседі. Солардың бірі — кәсіпорын технологы Данат Өмірбаев. Ол алғашында банк саласында білім алып, төрт жыл қаржы ұймында жұмыс істеген. Кейін өндіріс саласына қызығушылық танытып, ұн тарту кәсіпорнына жұмысқа орналасқан. Сол жерде тәжірибелі технологтың көмегімен өндірістің қыр-сырын меңгеріп, жаңа мамандықты игерген.
— Бастапқыда банкир мамандығын оқып, төрт жыл банк саласында жұмыс істедім. Кейін басқа бағытқа ауысқым келіп, ұн тарту кәсіпорнына жұмысқа орналастым. Сол жерде түркиялық технолог болды. Ол маған өндіріс барысын үйренуге кеңес беріп, жұмыс барысында көп нәрсе үйрендім. Осы сала маған ұнады. Біріншіден, өндіріс үдерісі қызық. Екіншіден, бұл тамақ өнеркәсібіне қатысты, сондықтан әрдайым қажет мамандық деп ойлаймын. Ұн нан өнімдерінен бастап көптеген тағамның құрамында қолданылады. Сондықтан бұл саланың болашағы бар. Өзіміз өндіретін өнім арқылы мемлекет пен халыққа пайда әкеліп жүргеніміз де қуантады, — деді ол.
Бұдан бөлек арнайы қордың демеуімен кәсібін жаңғыртқан жандар да бар. Павлодарда балалар мен ересектерге кавказ биін үйрететін «ЭХОГОР» студиясы жаңа ғимаратта жұмысын бастады. Студия 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде жалға алынған ғимараттарда сабақ өткізген ұжым 2025 жылы жеке ғимарат салу үшін жер телімін алып, құрылыс жұмыстарын бастаған. Жобаны жүзеге асыру барысында кәсіп иесі «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, қаржылай қолдауға ие болған.
Студия жетекшісі Иман Салихановтың айтуынша, жаңа ғимаратта балалардың жаттығуы үшін қажетті мүмкіндіктер толық қарастырылған. Мұнда топтық дайындыққа арналған кең үш зал және бір адамдық дайындықтарға арналған бір зал бар. Сондай-ақ заманауи желдету жүйесі және хореографияға арналған арнайы еден төсемі орнатылған. Оның сөзінше, мұндай еден балалардың омыртқасы мен буындарына түсетін салмақты азайтып, жарақат алу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
— «ЭХОГОР» кавказ биі студиясына үш жастан бастап балаларды және кез келген жастағы ересектерді қабылдаймыз. Бұл бағытта 11 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Басты мақсатымыз балалардың өзімізге тиесілі, талапқа сай студияда жаттығуы еді. 2025 жылы жер алып, жеке ғимараттың құрылысын бастадық. Құрылыс кезінде жоспарланбаған шығындар мен қиындықтар болды. Сол кезде «Даму» қорына жүгініп, «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алдық. Бұл жобаға 33 миллион теңге көлемінде қолдау алдық. Соның нәтижесінде ғимарат құрылысын аяқтадық. Бұрын жалға алынған орындарда болмаған жағдайларды осы жерде жасадық. Қазір жаңа оқу маусымын осы студияда бастап жатырмыз, — деді ол.
Жаңа ғимараттың іске қосылуы студияның оқу жағдайын жақсартып қана қоймай, алдағы уақытта қатысушылар санын арттыруға да мүмкіндік бермек. Қазіргі таңда жаңа оқу жылы басталып, студияға балаларды қабылдау жалғасып жатыр.
Бүлдіршіндердің қабілеттерін ашуға жәрдемдесетін тағы бір мекеме де осы қолдаумен өз ісін алға жылжытып келеді. «ДеТвоРа» оқу кешені 2018 жылдан бері балаларға білім беру қызметін көрсетіп келеді. Кәсіпорын алғашында балаларға арналған білім беру орталығы ретінде жұмысын бастаған. Ата-аналардың сұранысына қарай кейін балабақша ашылып, балалардың өсуіне байланысты бастауыш мектеп құру қажеттілігі туындаған.
2021 жылы «ДеТвоРа» оқу кешені «Даму» қорының қолдауымен ғимарат сатып алып, оны мектеп талаптарына бейімдеу үшін толық реконструкциядан өткізген. Қазіргі таңда мұнда 1-4-сынып оқушылары білім алады. Мектептің ерекшеліктерінің бірі — сыныптардың шағын жинақталуы. Әр сыныпта 20 оқушыдан оқиды. Сонымен қатар әр сыныпқа мұғалімге көмектесетін тьютор бекітілген. Ол оқушылардың күнделікті ұйымдастыру мәселелеріне жауап беріп, үй тапсырмасын орындауға, балалар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге және қажет болған жағдайда басқа да мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Осы арқылы мұғалім негізінен оқу процесіне және ата-аналармен білім беру мәселелері бойынша байланысқа көңіл бөледі.
Қазіргі таңда оқу кешенінің балабақшасында 300-ден астам бала тәрбиеленсе, мектепте шамамен 350 оқушы білім алады.
Кәсіпорынның алдағы жоспары білім беру жүйесін кеңейтіп, толық циклді мектеп ашу. Бұл бағыттағы жобаны жүзеге асыруда «Даму» қорының қолдауы маңызды рөл атқарып отыр.
— Мектеп толық күн тәртібі бойынша жұмыс істейді. Оқушылар таңертеңнен кешке дейін мектепте болып, бес мезгіл тамақтанады. Мемлекеттік стандартқа сәйкес негізгі пәндермен қатар, білім алушыларға түрлі қосымша бағыттар ұсынылады. Олардың қатарында жылдам оқу, менталды арифметика, таэквондо, дұрыс дене қалпын қалыптастыру, театр және би үйірмелері, қытай және ағылшын тілдері бар. Цифрлық сауаттылық та бірінші сыныптан бастап оқытылады. Биыл жасанды интеллект бағыты бойынша сабақтар енгізіліп, оқушылар бағдарламалар мен ойындар әзірлеуге қатысып жүр. Болашақта мұнда 1-11-сынып аралығындағы толықциклді мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны жүзеге асыруға «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген қаржыландыруы мүмкіндік берді. Жоспарымыз ауқымды, келесі жылы балаларымыз жаңа мектеп ғимаратына көшіп, білім алады деп сенемін, — деді «ДеТвоРа» білім беру кешенінің негізін қалаушы Елена Яровенко.
Жаңа білім беру нысаны іске қосылғаннан кейін оқушыларға бастауыштан бастап орта және жоғары сыныптарға дейін бір білім беру кеңістігінде оқу мүмкіндігі жасалады. Кәсіпорынның бұл жобасы білім беру қызметтерін кеңейтуге және балаларға арналған оқу жағдайларын жақсартуға бағытталған.
«Даму» қорының қолдауы өңірдегі кәсіпкерлерге өндірісті кеңейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Қаржылай қолдаудың арқасында кәсіпорындар өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа қажетті тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынуда. Бұл тек кәсіпкерлерді қолдау емес, ел игілігіне атқарылып жатқан істердің бірі.
Сара ӘБДОЛ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
