Сан қилы тағдыры бар өмірде неше түрлі жағдай орын алып жатады. Айталық, адам жарық дүниемен қош айтысқан кезде үйі, көлігі, зейнетақы жинақтау шотындағы қаржысы жақын-жұрағатына мұраға қалады. Дәл сол сияқты банктердің алдындағы берешек те туыс-туғанына өтеді. Яғни, қарыздан құтыла алмайды. Одан бас тартудың жалғыз жолы бар. Осы тақырыпты тарқатып көрелік.

Қарызды талап етуі – заңды

Бүгінде банк алдында берешегі жоқ адам некен-саяқ. Тұрмыстық техникалар, киім-кешектің өзін несиеге ресімдейтін заман туды, өкінішке қарай. Оны уақытылы әрі толық көлемде өтеу – міндет. Әйтпегенде, өсімпұл қосылып, қарыз көбейіп, берешекке одан әрі батуы мүмкін. Сондықтан адамдар несиелерін жабу үшін күнделікті жанталас- пен жүріп, нәпақа табудың амалын жасайды.

Алайда өмірде түрлі жағдай орын алуы ықтимал. Сондай жайттардың бірі туралы таяуда редакциямызға хабарласқан Әсем есімді тұрғын айтып берді.

– Жақында телефоныма бейтаныс нөмірден қоңырау түсті. Телефон тұтқасының ар жағындағы жас қыз өзін коллекторлық ұйымның қызметкері деп таныстырып, осыдан бірнеше ай бұрын жол апатынан қайтыс болған ағам несиені төлемей жүргенін айтты. Жағдайды түсіндіруге тырысқаныммен құлақ аспады. Негізгі қарыз, пайыздық мөлшерлеме мен өсімпұлды қосқан кезде микроқаржы ұйымына 500 мың теңгеден астам сома берешек екенін айтып, қарызды тез арада қайтаруды талап етті. Мұны естіп, абдырап қалдым. Осындай жағдай орын алған кезде қайда барып, кімге хабарласу керек екенін де білмеймін. Өмірден өткен адамның қарызы жақын-жұрағатына қалғаны ма сонда? – дейді оқырман.

Иә, қаржы ұйымдарының тарапынан қарыз алған кезде бұл жағы жан-жақты түсіндіріле бермейтіні рас. Сондықтан кей тұрғындардың мұндайда қалай әрекет етуді білмейтіні де – заңдылық. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Павлодар қаласы бойынша өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Толқын Нұрмахиннің айтуынша, мұндайда барлығы заң аясында жүргізілуі керек.

– Өкінішке қарай, қайғылы жағдай орын алып жатқан кезде осындай қиындықтар да қатар келуі мүмкін. Қан жұтып отырған ағайын-туыстың банк, микроқаржы ұйымдарына қарайтын мұршасы болмайтыны да түсінікті. Дей тұрғанмен, заңды түрде мұрагері атанатын азамат нотариустан бақилық болған адамның берешегі бар-жоғын анықтап алғаны дұрыс. Егер қаржы институттарына қарыз болса, сол мекемеге барып, қайтыс болғаны туралы куәлікті көрсетуі тиіс. Бұл ретте қарыз берушілер адамның өмірден өткен күнінен немесе бұл туралы куәлікті алған мерзімінен бастап пайыз, өсімпұл қоспайды. Егер құжат банк өкілдеріне кеш көрсетіліп, бұл аралықта уақытылы төленбеген несиеге өсімпұл қосылса, мұрагер қайта есептеуді талап етуге құқылы. Себебі өлім-жітім қарыз бойынша міндетті уақытылы орындамаған жағдай болып саналмайды, – деп түсіндірді Т.Нұрмахин.

Яғни, қайтыс болғаны туралы куәлікті алған тұста қаржы мекемелері алдындағы өтелмеген қарыздың барын немесе жоғын анықтап алған жөн. Банк ұйымдары адам мұрагер ретінде заңды құқық берілгенге дейін несиеге қосымша ақы қосуға құқығы жоқ. Ол үшін қарыз берушіге уақытылы әрі заңды түрде хабар берген дұрыс. Кейін бақилық болған адамның мұрагері белгіленген соң берешекті қайтаруға міндеттеледі. Бұл тұста бастапқыда келісімшартта белгіленген уақыт пен көрсетілген соманы төлейді. Егер қарызды қайтару кестесі мен берешек сомасы көңілінен шықпаса, екі тарап өзара келісіп, түзетулер енгізе алады.

Берешекті төлемеуге бола ма?

Бірақ басқа біреудің қарызын өтеуге бәрінің бірдей құлықты бола қоймасы анық. Берешектің көлемі көп болса, тіпті қиын. Оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні тағы бар. Бұл жағдайда несиені өтемеудің жалғыз жолы – мұрагерліктен толығымен бас тарту.

– Өмірден өткен адамның барлық берешегін бір сәтте мойнына артып алу оңай емес екенін түсінеміз. Дей тұрғанмен, заң мұрагердің «еншісіне» қалған дүние-мүліктің барлығы, оның ішінде банктер алдындағы несиені де өтеуі керек екенін көрсетеді. Бұл ретте мұрагер қарызды қайтаруға бейілді емес екенін білдіреді. Тек ол үшін үйі, пәтері, көлігі сынды басқа да мұраларын алмауы тиіс. Мұраның пайдалы тұсын алып қалып, қалтасын қағатын жағынан бас тартуға заң бойынша жол берілмейді. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, пәтерді мұраға алып, бірақ оның бұрынғы иесінің қарызын төлеуден бас тартуға болмайды, – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері.

Яғни, мұрагер о дүниелік болған жақынының барлық дүниесіне басы байлы ие болуы керек не болмаса түбегейлі алмауы тиіс. Бірақ көпшілігі бұл туралы да біле бермейді. Тек мүлкін иеленіп қалуды көздейтіндері кездеседі. Баспанасымен бірге берешегі де өтетінін білген соң ғана мұраны алудан айнып жататындары бар.

Агенттік мамандарының айтуынша, білместіктен мұраны алу туралы өтініш беріп, кейін ойын өзгертіп жатса, тиісті мұраға құқық туралы куәлік алғанға дейін нотариусқа мұрадан бас тарту туралы өтініш беруі тиіс. Ал куәлікті алған жағдайда мұрадан тек сот арқылы бас тартуға болады.

Сол сияқты кейбір туыстары мұрадан мүлде дәмеленбейді де. Мұндайда қандай да бір мекемеге барып, қайтыс болған азаматтың құқықтарын өзіне алу туралы мәлімдеуінің қажеті жоқ. Бірақ басқа әрекеттерді жасауына да рұқсат берілмейді. Мәселен, мұраны қалдырған адамның мүлкін пайдалануына, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге, жөндеу жасауға болмайды.

Егер өмірден өткен адамның мұрагері болмаса немесе олардың барлығы мұрадан бас тартса, онда мүлкі коммуналдық меншікке өтеді.

Әлбетте, ертеңгі күні не боларын ешкім болжай алмайды. Бұл жағдайда жақын туыстан қалған қарызды ары қарай өтеу немесе өтемеу – мұрагердің өз еркі. Егер міндеттерді мойнына алса, оны уақытылы әрі толық көлемде орындау қажет екенін ескерген жөн. Жалпы, осындай жайттарда түсініспеушіліктер орын алмас үшін заң талаптарын біле жүрген артық болмайды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.