Өкінішке қарай, қазіргі уақытта әлдекімнің табысын оңай олжалап, қалтасына басу жағдайлары жиілеп кетті. Әсіресе, қаржы пирамидаларының «ойыншылары» қулығына құрық байлатпай жүр. Олардың жолын кесудің түрлі амалы қолданылып жатқанымен, кей кездері пысықайлар адамдардан айласын асырып жатады. Қыруар қаржының, есепсіз байлықтың астында қалдыруды құрғақ уәдесіне айналдырған қитұрқы әрекет ететіндердің ісіне қалай тосқауыл қоюға болады? Бұл бағытта құзырлы органдар қандай ауқымды істер атқаруда?

Пайда көремін деп…

Жыл санап өркениет көшіне ілесіп, заман ағымына сай түрлі жаңашылдық енгізілген сайын қаржы пирамидаларының да түр-түрі етек алып жатыр. Бұрындары көпшілік Мавроди негізін қалаған «МММ» немесе Понцидің қаржы пирамидасын бірден білсе, бүгінгі таңда ақшаның «соры» болатын мұндай ұйымдарды бірден ажырату қиын. Олар да түпкі мақсатын барынша жасырып, өздерін мол табыстың «кілті» ретінде көрсетуге тырысады. Әсіресе, соңғы уақытта онлайн жобаларға инвестиция салу ұсыныстары әлеуметтік желілер мен ғаламтор бетінде қаптап кетті. Жарнамасы жер жаратын, «инвесторларға» табысын арттыруға кепілдік беретін мұндай жобалардың «қақпанына» түсіп жатқандар аз емес. Солардың бірі – Павлодар қаласының Әсем есімді тұрғыны. Ол жақындарының осындай жобалардан пайдаға кенеліп жатқанын байқап өзі де ақша салуды жөн көрген.

– Менің қайынапам Астана қаласында тұрады. Той-томалақтардың бірінде кірісі еселеніп, жаңа көлік алғанын айтты. Оның сырын сұрағанымда: «Мықты бір инвестициялық жобаға қаржы құйдым. Алтынды арзанға сатып алып, қымбатқа сатасың. Үстінен жақсы пайдасы бар» дегендей айтты. Бұл ой декретте отырған маған маза бермеді. Жолдасымның жалақысы балабақшадағы баланың, жақында туған тағы бір нәрестеміздің қажеттіліктеріне әрең жететін еді. Мен де айтқандай-ақ алтынмен айналысатын компанияға инвестор болуға бел будым. Қайынапам әлгі компанияның жетістікке жеткен, табысы мол екені бейнеленген видео жіберді. Онда елімізге белгілі тұлғалар бой көрсеткендіктен, бірден сендім. Жолдасымның жарты жалақысын соған салдым. Бір айдан кейін арнайы шотқа қосымша 50 мың теңге көлемінде ақша түскені туралы хабар келді. Мұның қызығына кіріп, тағы қаржы аударуды жөн деп шештім. Бірақ жолдасым қарсы болды. Соған қарамастан, отбасымызға қосымша кіріс келсін деп дегенімде тұрдым. Алайда бұл жолы ешқандай табыс түспеді. Сол кезде қаржы пирамидасы болуы мүмкін екенін түсініп, бірден байланысымды үздім, – дейді ол.

Жақын-жұрағатының жетегімен осылай күмәнді істерге қаражат құйып, бірақ соңында жер сипап қалатындар бар. Мұның соңы қаржылық қиындықтарға, отбасылық кикілжіңдерге, тіпті психологиялық күйзеліске, қылмыс пен суицидке дейін апаратыны қынжылтады. Соның салдарынан қаншама шаңырақ шайқалып, қаншама адамның тағдыры ойран болды…

Заңсыз ұйымдардың жолы кесілді

Бұл түйткілдің түйінін тарқатудың бірден-бір жолы – қаржы пирамидаларын бірден анықтап, олардың «тамыр» жаюына тосқауыл қою. Бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Айталық, биыл 600 мың адамды  қамтитын мыңға жуық қаржы пирамидасының белгілері бар сайт пен шоттың сілтемесі бұғаттауға жіберілді. Соңғы жарты жылдың өзінде интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталды. Олар бойынша WhatsApp, Telegram және Instagram әлеуметтік желілерінде 200 чат анықталған. Бүгінде 182 чат бұғатталды. Осындай шаралардың нәтижесінде 126 мың азаматтың одан әрі болуы мүмкін қаржылық шығындарының алды алынды. Сондай-ақ, 73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, бір пирамида бойынша сот үкімі шықты.

Осы орайда біздің өңірде де қаржы пирамидасының белгілері бар ұйымдардың жолын кесу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, биыл өндірісте екі қылмыстық іс бар. Алғашқы жағдай 2018-2022 жылдар аралығында Екібастұз қаласының аумағында қаржы (инвестиция) пирамидасының белгілері бар «Q-NET» компаниясының заңсыз жұмысын ұйымдастырған екі азаматшаға қатысты болып отыр. Олар 28 тұрғынға барлығы 33 млн теңгеден астам шығын келтірген. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот қарауына жолданды.

Тағы бір азамат қаржы пирамидасын құрып, оны басқарған. Аталмыш ұйым 5 мыңнан астам салымшымен 7,6 млрд теңге болатын 18 мыңға жуық келісімшарт жасасқан. Сот салымшылардың жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге тең болатын мүлкі мен ақшалай қаражатына арест қойылды. Бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іспен танысу жұмыстары жүріп жатыр.

Департамент өкілдері «Кибернадзор» және «Aimap» құралдары арқылы заңсыз контенттердің таралуына да тосқауыл қоюда. Жыл басынан бері «Кибернадзор» ақпараттық базасына қаржы пирамидасы, онлайн-казино, жалған криптовалюта белгілері бойынша 193 сілтеме енгізіліп, бүгінде оның 93-і бұғатталды. Сол сияқты қаржы пирамидасын жарнамалаған, 780 жазылушысы бар бір әлеуметтік парақша өшірілді.

«Қақпанға» түспеңіз!

Қалың бұқараға осындай күмәнді мекемелердің арбауына ілікпеу керек екені талай рет ескертіліп жатқанымен, кей кездері бәз біреулер аңғалдығының, енді бірі оңай олжаға кенелу туралы ойдың салдарынан пирамидалардың құрбаны болып жатады. Мамандардың саралауынша, олардың «қақпанына» бұрынғыдай тек зейнеткерлер емес, ірі кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де түсіп жатады. Декреттік демалысқа шығып, тұрақты табыссыз қалған нәзік жандылар да осындай ұйымдарға алданатын азаматтардың қатарында. Демек, бүгінде күмәнді мекемелердің кесірінен тақырға отыру жас та, әлеуметтік жағдайды да талғамайтын болды.

Олардың құрығына ілікпес үшін бірқатар жайтты басты назарға алу керек. Айталық, қандай да бір ұйым инвестициялық жобаға қаржы салуға шақырса, сол мекеменің лицензиясы бар-жоғын сұрап алу керек. Екіншіден, егер компания сауда, қор нарығы, акция, облигация, алтын, криптовалюта сынды дүниелерге қатысты көп көлемдегі табысқа кенелуді уәде етсе, көңіліңіз күпті болуы керек. Себебі дәл мұндай нарықта қандай да бір кепілдік беру мүмкін емес. Үшіншіден, ұйым басқа тұлғалардың банк картасына қаржы аударуды сұраса, бұл – секем алатын жағдай. Инвестициялық компания қолма-қол ақшаны немесе криптовалютаны талап етпейді.

Бастысы, тек ресми дереккөзіне сенім білдірген жөн. Айталық, тұрғындар әп-сәтте қандай да бір компанияның қаржы пирамидасына қатысы бар-жоғын біле алады. Ол үшін Қаржылық мониторинг агенттігі әзірлеген Telegram мессенджеріндегі @BAIQApiramidaBOT боты жұмыс істейді. Сол жерде табыс ұсынатын компанияның БСН нөмірін енгізіп, тексеруге мүмкіндік бар. Оған қоса, аталмыш агенттік ресми сайтта қаржы пирамидасы ретінде қызмет көрсетеді деген күдікке ілініп, сот үкімі шыққан ұйымдардың кеңейтілген тізімін жариялады.

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті де тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі істі атқаруда. Мәселен, жыл басынан бері облыс орталығындағы негізгі көшелер мен әуежай, вокзал сынды көпшілік орындардағы 6 LED экранда, халыққа қызмет көрсету орталығы, банктер мен пошта бөлімшелері, сауда орталықтары мен емханаларда, сондай-ақ «АФМ-insider» Telegram-ботында қаржы пирамидаларына қатысты видеороликтер көрсетіліп келеді. Тұрғындардың басым бөлігін дәйекті ақпаратпен қамту үшін биыл Instagram желісінде @afm_pavlodar парақшасы ашылды. «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Екібастұз қаласы, Май және Аққулы аудандарында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған дәрістер өтті. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы қоғамдық көліктерде қаржы пирамидалары туралы мәліметтер орналастырылды.

Осы және өзге де шаралар қаржы пирамидаларының «тұзағына» түсудің алдын алады деп сенеміз. Әйтпегенде, пайда көремін деп шығынға ұшырауыңыз, табысқа кенелудің орнына берешекке батуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан күмәнді ұйымдардан аулақ болған абзал. Бастысы, адал жолмен келген кіріс қана берекелі болатынын естен шығармаңыздар.

Құндыз Қабылденова.