Өндірісте өнімділікті арттырып, барынша технологиялық үдерісті үдетуді көздейтін кәсіпорындар бүгінде цифрландырудың мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге тырысуда. Мұндай іргелі жаңашылдықтар Павлодар мұнай-химия зауытында да орын алуда.
Мәселен, кәсіпорынның электрмен жабдықтаудың диспетчерлік орталығына енсеңіз, бүкіл өндірісте өнім шығаруға жаратылатын электр қуатының көлемі мен жиілігі, қозғалысы көз алдыңызда тұрады. Орталықтың бір қабырғасын алып тұрған мониторда электр желісінің әрбір бөлігіндегі өзгерісті диспетчер алақанындай бақылап отырады. Зауыттың бас энергетигі Самалбек Жарасовтың айтуынша, дәл осы автоматтандыру арқылы кәсіпорынның электрмен жабдықталуы жақсарып, сенімді, кідіріссіз жұмыс істеуіне қамтылып отыр. Кәсіпорын бір-біріне тәуелсіз екі бағыттан электр қуатымен жабдықталған. Еліміздегі заңнама мұндай аса қауіпті нысандардың осылай тәуелсіз қуат көздерінен электрмен жабдықталуын талап етеді.
– Бұл мониторингте бүкіл зауыттың электр қуатын тұтынуын автоматты режимде көріп тұрамыз. Қанша қуат қай электр көзінен келіп тұрғаны да анық аңғарылады. Электрмен жабдықтауды диспетчерлік басқарудың автоматты жүйесі кәсіпорынның сенімді жұмыс істеуін, тиімділігін арттыру мақсатында енгізілген. Жүйе арқылы мамандарымыз желіде онлайн режимде қандай ақау, ауытқу барын бірден байқайды да, жедел әрекет ете алады. Қазіргі таңда осы жүйенің көмегімен зауыттың өндірістік қондырғылары бойынша электр энергия тұтыну көрсеткіші автоматты түрде қалыптасады. Күнде таңертең ол мәліметтер өндіріс басшыларына жолданып отырады. Яғни, әрқайсысы бір тәулікте қанша электр қуатын жұмсағандарын көреді. Олардың әрқайсысына шекті көлем белгіленген. Бір тұста тұтыну көрсеткіші артқаны аңғарылса, оның себебін анықтау жұмыстарына кіріседі. Алдағы уақытта зауыттың бүкіл отын-энергетикалық ресурстарын есепке алуды егжей-тегжейлі ету жоспарымызда бар, – дейді Самалбек Жарасов.
Мониторда желінің негізгі өлшемдері көрініп тұрады. Яғни, токтың кернеуі, жиілігі, станциялық қорытындысын диспетчер бақылайды. Сол көрсеткіштерге қарай желінің жағдайын бағамдайды. Мәселен, кернеуі түссе немесе жоғарыласа, желіде қандай да бір ақаудың орын алғанын біледі. Жоғары жақпен байланысып, желіде қандай ауытқулар орын алып жатқанын анықтайды. Қондырғыларды қажет болса, бірден электр қуатының басқа көзіне қоса қояды. Осылайша, өндірістің іркілісінің алдын алады. Зауыт өкілі автоматтандырылған жүйе кәсіпорынға айтарлықтай оң өзгеріс әкелгенін айтады. Себебі, бұрын өндірістік технологиялық режимде ауытқу аңғарылған соң іске кірісетін. Цехта ауытқу байқалса, олар электрикке, электрик зауыттың диспетчеріне, ал ол қаланың диспетчерімен байланысып әрекет ететін. Осы аралықта қондырғының жұмысы жарты сағат, бір сағатқа кідіріс табатын. Технологиялық режим бұзылатын. Цифрландыру элементтері дәл осындай олқылықтардың бүгінде алдын алып отыр. Одан бөлек, бұрын диспетчерлер ауысымды тапсырар кезде он шақты параққа бір тәулікте болған оқиғаларды өзгерістерді тізіп әлек болатын. Қазіргі таңда бәрі онлайн режимде көрініп тұрады. Қағазға түсірудің қажеті жоқ.
Ал кәсіпорынның орталық өндірістік-диспетчерлік басқару орталығында MES және Aspen Hysys жүйелері де бүгінде кәсіпорынның жұмысына оң нәтиже әкелуде. Бұл – кәсіпорынның IT-орталығы. Зауыттың цифрландыру, ақпараттық технологиялар және телекоммуникация департаментінің директоры Дмитрий Осадчийдің айтуынша, мұнда технологиялық жабдықтың, зертхана және корпоративтік ақпараттық жүйелерінің деректері шоғырланған. Яғни, өндірісті басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасқан.
– MES жүйесі – өнді-рісті орталықтан басқаратын бірыңғай терезе. Өндіріс осыннан басқарылады, талдау жүргізіледі әрі шешім қабылданады. Мұнда 900-ден астам мнемосұлба бар. Жүйе трендтерді және көрсеткіштер арасындағы өзара байланысты талдауға мүмкіндік береді. Жалпы, ол өндірістік режимнің тиімді, қауіпсіз жұмыс істеуіне, дайын өнім көлемін арттыруға бағытталған, – дейді Д.Осадчий.
Бұрын автоматтандырылмаған кезде мамандар деректерді әрбір арнайы шкафтан жазып алып, содан кейін талдауға мәжбүр болған. Қазір бәрі бір компьютерден көрініп тұр. Кәсіпорынның IT-командасы өндіріс қызметкерлерінің қалауы, қажетіне қарай жүйені жетілдіріп, жаңа модульдер қосып отыратын көрінеді.
Өндірісті жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы Сергей Халатов Aspen Hysys жүйесінің артықшылықтарын таныстырды. Аталмыш жүйе шикізат пен нарықтық сұранысты ескере отырып, өндірістік жоспарларды оңтайландыру үшін пайдаланылады. Яғни, желілік бағдарламалау көмегімен өндірістің айлық жоспары түзіледі.
– Бұдан бөлек, жүйе «цифрлық егіз» қызметін атқарады. Ол өнім шығымын болжауға және өндірістік үдерісті оңтайландыру жолдарын іздеуге көмектеседі. Мәселен, қандай да бір технологиялық режимді ауыстыруды қаласақ, оны нағыз қондырғыларда өзгертіп, әлекке түспейміз. Алдымен технологиялық қондырғылардың моделіндегі өлшемдерді өзгертіп, қараймыз. Ақаудың бар-жоғын бақылаймыз. Басшылыққа көрсетіп, оң бағасын алса, іс жүзінде технологиялық режимде қолданылады, – дейді бөлім басшысы С.Халатов.
Зауыт өкілдерінің мәлімдеуінше, қондырғылардың «цифрлық егіздері» өндірістің энергетикалық көрсеткіштерін, қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартып, нәтижесінде экономикалық тиімділігін көрсетуде.
Жалпы, Павлодар мұнай-химия зауытындағы цифрландыру бүгінде нақты деректер, зияткерлік бақылау және технологиялық үдерістерді барынша автоматтандыру негізінде басқаруға бағытталған. Мұндағы жоғарыда аталған үш жүйенің үйлесімі жабдықтардың сенімділігін арттырып, адами фактордың әсерін азайтқан, зауыттың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыр.
Айта кету керек, қазіргі таңда кәсіпорында жаңа нысандар салынуда. Мәселен, мұнайды бастапқы өңдеу кешенінде дизельді отынды гепарафинациялау қолға алынбақ. Бұл алдағы уақытта арктикалық қысқы дизель отынын өндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ сутегі өндірісінің жаңа қондырғысы салынады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
