Цифрлық жүйеге көшті

Сәу 30, 2026

Өңірдегі ірі мұнай-химия кәсіпорындарының бірі – «Компания Нефтехим LTD» ЖШС соңғы жылдары цифрландыру бағытын қарқынды дамытып келеді. Кәсіпорында өндірістік және әкімшілік үдерістерді автоматтандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

«Компания Нефтехим LTD» – елімізде полипропилен мен метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіретін алғашқы кәсіпорындардың бірі. Зауыт құрылысы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2005 жылы басталып, жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылған.

Бүгінде жиналыстар бірыңғай стандартқа сай онлайн форматта өткізіліп, Zoom платформасы кеңінен қолданылады. Ал құжат айналымы «Келісім 24» жүйесі арқылы жүргізіліп, қағазбастылықты азайтуға мүмкіндік туған. Қызметкерлерді оқыту Indigo платформасы негізінде ұйымдастырылып, кадрлардың біліктілігін арттыру жүйелі жолға қойылған.

— Кәсіпорында ішкі коммуникацияны жетілдіру мақсатында Telegram-бот іске қосылып, қызметкерлер арасындағы ақпарат алмасу жеделдеген. Тапсырмаларды жоспарлау мен бақылау Pyrus жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл шешімдер жұмыс үдерісін оңтайландырып, уақыт үнемдеуге ықпал етіп отыр. Цифрландыру – өндірісті жаңғыртудың басты тетіктерінің бірі. Ол — тек технологиялық жаңару емес, сонымен қатар басқару мәдениетін өзгертуге бағытталған маңызды қадам, —
деді кәсіпорынның кадр саясаты жөніндегі директоры Александр Скрипник.

Қазіргі таңда кәсіпорын Павлодар мұнай-химия зауытының шикізатын өңдеп, метил-трет-бутил, пропилен және полипропилен өнімдерін шығарады. Бұл өнімдер ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресей мен Қырғызстан елдеріне экспортталады. Соңғы жылдары кәсіпорында өндірісті әртараптандыруға басымдық беріліп, полипропиленді қаптама өндірісі қолға алынған. Бірнеше жаңа цех іске қосылып, инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде зауыт 800 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын ұжымы өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, инновациялық шешімдерді енгізу арқылы саланың дамуына өз үлесін қосып келеді.

Цифрлық технологияларды кеңінен қолдану «Компания Нефтехим LTD» кәсіпорнына өндіріс сапасын жақсартып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде өңір өнеркәсібінің тұрақты дамуына негіз болмақ.

Нұрайым  ҚАЛЫБЕК.