«Халық бухгалтері» тегін кеңес береді

Сәу 23, 2026

2026 жыл басталғалы қаржы саласында көптеген өзгеріс орын алып, салық жүйесі жаңа режимге көш-кені белгілі. Осы ретте қарапайым халық, соның ішінде жаңа кәсіп бастаған азаматтар мен шағын және орта бизнес өкілдері көп өзгерісті жете түсіне алмағаны анық. Сондықтан Павлодар қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы «Халық бухгалтері» акциясын іске қосып, салықтағы өзгерістер мен жаңа төлемдер жүйесін әрбір адамға жеке-жеке түсіндіруді қолға алды. Басқарманың бөлім басшысы Сәуле Ахтанованы әңгімеге тартып, акцияның мақсат-міндеті туралы толығырақ білдік.

– Сәуле Акрамқызы, «Халық бухгалтері» акциясының мақ-саты қандай және кеңес беру қашанға дейін жалғасады?

–  Басты мақсатымыз – жеке кәсіпкерлерді, соның ішінде шағын бизнес өкілдерін қолдау. Толығырақ айтар болсам, олардың бухгалтерлік пен салықтық есепті жүргізу сауатын арттыру. Бұл жоба негізі ҚР Қаржы Министрлігінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Акция осы жылдың шілде айына дейін жалғасады. Сондықтан осы кеңес беру орталығын бизнеске енді бет бұрған жандар мүмкіндігінше көбірек көріп-білуі керек. Сондай-ақ, біздің мамандар салық жүйесіндегі қандай сұраққа да жауап беруге дайын екенін айтқым келеді.

– Ендеше халық бухгалтеріне жолығу үшін тұрғындар қай мекенжайға және қай уақытта баруы керек?

–  Біздің мамандар тұрғындарды аптасына екі күн – сейсенбі және бейсенбі күндері қабылдайды. Уақыты –
10.00-13.00-ге дейін. Біздің мекен- жайымыз – Павлодар қаласы Жеңіс алаңы көшесі, 5А мекенжайы. Мемлекеттік кірістер басқармасының бірінші қабатында арнайы кеңес беру алаңы құрылған. Онда кәсіби бухгалтерлер мен аудитор мамандары отырады, барлығы тегін кеңес береді. Алғаш ашылған кезде күніне 50-60 адамға дейін келіп, кеңес алатын еді. Қазір де кеңес алушылардың қатары сиреген жоқ. Соған қарағанда бұл тұрғындар үшін өте пайдалы әрі тиімді бастама болды деп санаймыз.

–  Тұрғындар көбінде қандай сұрақтармен, қандай мәселелермен жүгінеді? Осыған тоқталсаңыз…

– Биыл Қазақстан халқы, соның ішінде жеке кәсіп иелері жаңа салық режиміне көшті деуге болады. Себебі, жыл басынан бері көптеген өзгерістер орын алды. Біздің орталыққа көбінде жеке кәсіпкерлікке енді келгендер мен бұрынғы шағын және орта бизнес өкілдері көп жүгінеді. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін кеңінен түсіндіріп жатырмыз. Олардың қатарында жеке кәсіпкерлікті тіркеу жолдары, жұмыс беруші ретінде жұмыскерлермен тиімді келісімшарт орнату, жаңа тіркелген ЖК алдында қандай салықтық міндеттемелер бар деген секілді мәселелері көп қозғалады. Одан бөлек, қандай жағдайда жеке кәсіпкерлік ашуға болады, немесе ЖК ашпай-ақ кәсіп жүргізу жолдары да түсіндіріледі. Себебі, кейбір кәсіптерге ол міндетті емес. Өздеріңіз білесіздер, Павлодар қаласында 2026 жылдан бастап салық режимі бойынша салық мөлшерлемесі төмендетілді ғой. Яғни, мәслихаттың шешімімен кәсіпкерлер үшін қолданылатын мөлшер 4 пайыздан 3 пайызға дейін азайтылды. Міне, осы өзгеріс бойынша көп сұраққа жауап берілді.

– Жалпы, тұрғындардың қаржылық сауаты мен салыққа деген жауапкершілігі қандай деңгейде? Осы акция аясында не байқадыңыздар?

–  Әрине, тұрғындардың қар-жылық сауаты, салыққа қатысты жауапкершілігі артып келеді. Дегенмен, жаңа тараған ақпаратты, жаңа енгізілген өзгерістерді оқымайтындар да көп. Осыған да көзіміз жетті. Біздің мамандар бетпе-бет қабылдаудан бөлек, кәсіпкерлер үшін ресми интернет-ресурстар арқылы онлайн консультациялар беріп, сұрақтарға жауап беріп келеді. Сондықтан салықтық сауаттылығын арттырамын деген адамға барлық мүмкіндік бар.

–  Ақпаратыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен  — Тілеуберді САХАБА.