Осыдан үш жыл бұрын елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы жүйесі енгізілгені мәлім. Соған сәйкес, банктен алған берешегін уақытылы қайтара алмаған азамат құзырлы органдарға жүгініп, өзін банкрот деп тануға өтініш бере алады. Ендігі ретте бұл тетікті пайдалану тағы жеңілдей түспек. Сонда кімнің қарызы «кешіріледі»? Банкрот болудың салдары қандай?
Бұған дейін де хабарлағанымыздай, елімізде 10 миллионға жуық азаматтың несиесі бар. Оның ішінде 1,5 млн адам берешегін уақытылы қайтара алмай жүр. Қайбір жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен берешекке белшесінен батқан кей жандарға несиелік амнистия жарияланып, жүгі едәуір жеңілдеген еді. Бірақ бүгінде мұндай жеңілдік жоқ. Ешбір банк қарызын «жылы» жауып қоя алмайды.
Есесіне 2023 жылы бастау алған жеке тұлғалардың банкроттығы тетігін пайдалануға мүмкіндік бар. Елімізде тиісті заң да қабылданды. Соған сәйкес заң рәсімнің үш түрін қамтиды: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Оның әр түрінің қарыз алушыға қатысты шарттары бар.
Соттан тыс банкроттыққа өтінім беру үшін қарыз алушының жалпы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 5 млн 520 мың теңгеден аспауы тиіс. Сонымен қатар, соңғы бір жыл ішінде берешектер бойынша өтем жасалмауы, борышкерге қатысты берешекті өндіріп алу рәсімі мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде жүргізілген болуы керек.
Сот арқылы банкроттыққа жүгіну үшін барлық несиелер, микрозаймдар бойынша қарыздың көлемі 1600 айлық есептік көрсеткіштен асуы қажет. Сол кезде ғана істі сот қарайды. Бірақ бұл ретте борышкердің жалғыз баспанасын қоспағанда басқа мүлкі сауда-саттыққа шығарылуы мүмкін екенін ескеру керек. Сондай-ақ рәсімді қолдану кезінде мүлікті иеліктен шығаруға, жаңа қарыздар алуға, шет елге шығуға тыйым салынады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тұрақты табысы бар, бірақ кредит төлеуді 5 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруды қажет ететін азаматтар үшін қолайлы. Қарыз алушыға қойылатын басты шарт — құны берешек сомасынан асатын мүліктің болуы. Мұндай жағдайда оған банкрот мәртебесі берілмейді, тек қарызын толық көлемде қайтармаудың тәсілдері қарастырылады.
Бұл ретте мұндай тетіктерді пайдаланудың салдары барын ескеру керек. Банкроттық – несиелік амнистия емес. Банк берешектің барлығын кешіріп, ертеңгі күні оп-оңай жаңа несие бере салмайды. Банкрот деп танылған азаматтарға алдағы
5 жыл аралығында несие беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, 3 жыл аралығында қаржылық жағдайы тексеріледі.
Банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қарыз алып, оны уақытылы төлей алмай, амалы таусылған тұрғындардың дені соттан тыс банкроттыққа өтінімді жиі береді. Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, аталмыш тетік іске қосылғалы, яғни 2023 жылдан бастап өңір азаматтарынан банкрот деп тануға қатысты 14 951 өтініш түскен. Оның ішінде 11 232 өтініш талаптарға сай болмауына байланысты кері қайтарылған. Тағы 455 өтініш қызмет алушы немесе қызмет көрсетушінің тарапынан тоқтатылған. Ал 950 өтініш соттан тыс банкроттықты қолдануға қабылданып, бүгінде 10 өтініш қаралуда. Бастысы, 2304 өтініш бойынша тиісті рәсімдер аяқталып, тұрғын банкрот деп танылды. Олардың жалпы қарыз көлемі 3 304,6 миллион теңгені құрады. Бірақ төрт жағдайдың сот шешімі бойынша күші жойылды.
Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова банкроттыққа қатысты жаңашылдықпен бөлісті. Соған сәйкес, егер азаматтың несиесі 5 жыл немесе одан да көп уақыт аралығында мүлде өтелмеген болса, ол соттан тыс банкрот-тыққа өтінім бере алады. Бұл ретте осы рәсімге қатысты талаптар қолданылмайды.
— Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін тұрғынның атында мүліктің болмауы және оның табысы ең төменгі жалақы деңгейінің екі еселенген көлемінен, яғни 170 мың теңгеден аспауы керек. Көп жағдайда азаматтар бұл талапқа сай келмей жатады. Сол себепті былтыр өтелмеген берешек мерзімі бес жылдан асса, мүлік пен табысқа қатысты осы екі талапты ескермеуге болады деген норма енгіздік. Оған қоса, мұндай борышкерлерді мемлекеттің өзі іздейді. Қарызын уақытылы төлемеген және осы талаптарға сәйкес келетін тұрғындарға SMS-хабарламалар жолданады. Бұл хабарламаларда аталмыш тетікті пайдалану ұсынылады. Мұндай шешімге азаматтардың басым бөлігі қарызын не қайтаруға, не есептен шығаруға асықпайтындықтан барып отырмыз, — деді М.Әбілқасымова.
Бірақ кейбір сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары мұндай шешімді құптамайтынын білдіріп жатыр. Айтуларынша, осы іспетті жеңілдіктерді жасау адамдарды ынталандырудың орнына масылдыққа жетелейді.
— Әр адам банктен немесе микроқаржы ұйымынан берешек алар тұста алдағы уақытын саралап, есептеуі тиіс. Қазақ «Көрпеңе қарай көсіл» деп тегін айтпаған ғой. Қалтасы көтере алмайтын қаржылық жүктемені міндетке алмау керек. Ал алған соң оны уақытылы төлеуі шарт. Әу баста жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты рәсімдер қолданыла бастағанда құптаған едім. Себебі, ол әбден тығырыққа тірелген тұрғындарға түйінді тарқатар тетік еді. Бірақ бүгінде кей адамдар қомақты қарыз алып алып, оны қасақана бір жыл бойы төлемей, банкрот болуға көшіп жатыр. Мұндай «жеңілдікті» бес жыл бойы берешегінен бас ала қашып жүргендерге де қарастырар болсақ, халықтың төлем жасауға деген қадамы мүлде азаяры анық. Осындай әрекеттердің соңы «Аларымды алдым, қайтарымды мемлекет білсін» дегенге әкелетін болады. Халықтың төлем қабілетін жақсарту үшін керісінше қарызын уақытылы төлеп жүрген жандарға оңтайлы мүмкіндіктер қарастырған жөн деп санаймын. Айталық, бір жыл бойы несиесін бір күнге болсын кешіктірмеген азаматқа екінші жылы пайыздық мөлшерлемесі азайтылса, әлдеқайда жақсы болар еді, — дейді қаржыгер Мақсат Оспанов.
Бір қарасаң, қаржыгердің сөзінің «жаны» бар сияқты. Несиесін өтей алмай жүрген немесе қарызын қайтаруға құлықсыз азаматтарға оңтайлы мүмкіндіктер қарастырғаннан гөрі берешекті төлеу кестесін мүлтіксіз орындайтын тұрғындарды ынталандырған тиімді сыңайлы. Қалай болғанда да банкрот болмауға, берешекті оған дейін жеткізбеуге баса мән берген жөн. Алмақтың да салмағы бар екенін естен шығармау керек.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
