1992 жылдан бері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны, Туы мен Елтаңбасы ел тәуелсіздігі мен егемендігінің айқын белгісіне айналды. Бұл рәміздер мемлекетіміздің біртұтастығы мен дербестігін бейнелейтін қасиетті нышандар болып саналады. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың ортақ парызы мен жауапкершілігі.
1992 жылдың 4 маусымында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар-баевтың Жарлығымен тәуелсіз Қазақ-станның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Бұл тарихи оқиға сол кезеңдегі баспасөз беттерінде кеңінен көрініс тапты. Солардың қата-рында облыстық «Saryarqa samaly» газеті де болды. Басылымның 1992 жылғы 9 маусымда жарық көрген «Егеменді еліміздің айшықты белгілері» атты мақаласында жаңа мемлекеттік рәміздердің таныстырылуы туралы баян-далды.
«…Шымылдық жоғары көтерілгенде сахна төріндегі республиканың алтын-көк түстес Елтаңбасы көзге түсті. Мемлекеттік Әнұранның салтанатты да ұлы әуені залды кернеп кетті. Біздің көп ұлтты халқымызбен, оның таяу кездегі күрделі тарихымен бірге болған бұрынғы рәміз енді музейден өз орнын алады. Ал Қазақстан тарихының бұрылысты кезеңінде енді ғана дүниеге келген жаңа белгілер бізді демократиялық және құқықтық мемлекет орнатудың қиын жолдарымен алға бастай бермек», – деп жазды басылым.
Уақыт өте келе мемлекеттік рәміздердің маңызы одан әрі артып, оларды ұлықтау ісі тек мерекелік күндермен шектелмей, күнделікті қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс деген пікір қалыптасты. Бүгінде қоғам белсенділері де осыны алға тартып, Ту, Елтаңба және Әнұранға деген құрметті жас ұрпақ бойына сіңіру – тәрбиенің маңызды бағыты екенін атап өтуде. Осы орайда өлкетанушы Берік Ескендіров Мемлекеттік рәміздердің тәрбиелік мәнін ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
– Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің айнасы, тәуел-сіздігіміздің биік нышандары. Сондықтан олардың мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстар үздіксіз жалғасуы тиіс. Мектептер мен жоғары оқу орындарында танымдық кездесулер, ашық сабақтар, көрмелер мен тарихи-танымдық жобаларды тұрақты ұйымдастыру маңызды, — дейді ол.
Бұл пікірді жас спортшы, еркін күрестен республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген Сұлтан Қайыржан да құптайды.
– Әр жарыс алаңына шыққан сәтте көк Тудың биікте желбірегенін көру кез келген спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Бұл тек жеке спорттық бәсеке емес, сонымен қатар, ел намысын қорғау екенін айқын сезіндіреді. Ал Әнұран орындалған кезде жүректе ерекше толқу мен мақтаныш сезімі пайда болады, – дейді спортшы.
Облыста Мемлекеттік рәміз-дерді дәріптеу бағытында да бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, өткен жылы Павлодар қаласының Орталық жағажайында Конституция күні қарсаңында ерекше оқиға орын алды. Аумағы 128 шаршы метр болатын Қазақстанның мемлекеттік Туы өнеркәсіптік дрон көмегімен аспанға көте-ріліп, елдік рухты асқақтатқан әсерлі көрініске айналды. Бұл шара қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды. Одан бөлек, жуырда Павлодар қаласын-дағы мемлекеттік рәміздер алаңы да жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтті. Бұл бастамалар тәуелсіз ел нышандарына деген құрметті арттыруға және қоғамдық сананың нығаюына бағытталған игі істердің жалғасы болып отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.
