Үндестігі жарасқан

Қаз 22, 2026

18 қазан — Қазақстанда Рухани келісім күні. Бұл күн өзара түсіністіктің, түрлі діни көзқарастарға құрметпен қараудың және қоғамдағы келісімді сақтаудың маңызын еске салады. Павлодар облысында 13 конфессияны қамтитын 167 діни бірлестік тіркелген. Барлық дін өкілдері жақсы қарым-қатынаста, тату-тәтті өмір кешуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қыз-метінде өткен брифингте айтылды. Брифингке Павлодар облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Байбәкіров, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілі, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жұманазар Өсерханұлы, Павлодар және Екібастұз епархиясы епархиялық басқармасының хатшысы Протоиерей Алексей Вениаминович Степанов қатысты.

Бұл мереке 1992 жылы қазанда Алматыда өткен Дүниежүзілік рухани келісім конгресінің алғашқы сессиясында бекітілген.  Сол кезде түрлі дін өкілдері, қоғамдық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері рухани-адамгершілік және мәдени мәселелерді талқылау үшін бір алаңға жиналған болатын. Содан бастап осы мереке қарсаңында әр ұлт пен әрбір діни конфессия өкілдері бір шаңырақта бас қосып, татулықтың көк байрағын желбіретуде.

— Павлодар облысында 13 конфессияны қамтитын 167 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде: 111 — исламдық, 26 — православтық, 8 — католиктік, 1 — Евангелия-Лютерандық шіркеу, 3 — Евангелиялық христиан-баптистер шіркеуінің одағы, 2 — Методистік шіркеу, 7 — Елуіншілер шіркеуі, 4 — Жетінші күн адвентистері, 1 — Жаңа апостолдық шіркеу, 2 — Ехоба Куәгерлері, 1 — Иудейлік, 1 — Кришна санасы қоғамы, — деп атап өтті Нұрлан Жұмабекұлы.

Діни ғибадат ұйымының басшылары да өзара қарым-қатынастың тұрақты екенін және бірлескен шараларда жиі бас қосатынын жеткізді. Биылғы іс-шаралардың бірі 13 қазанда «Колос» жастардың бос уақытын өткізу орталығында өткен рухани әндер фестивалі болды. Оған өңірдегі түрлі конфессия өкілдері қатысты.

Тілеуберді САХАБА.