Бұған дейін ел арасында қызу талқыланып келген «жәрдемақы жырының» нүктесі қойылды. Яғни, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап нақты кімдерге әлеуметтік төлемдер берілетіні белгілі болды. Бастысы, нағыз мұқтаждар назардан тыс қалмайды. Оларға бұрынғыдай тиісті жәрдемақы тағайындалып, мемлекеттік қолдау қолжетімді болады. Ал ауқатты азаматтар аталған көмектен күдерін үзгені жөн, дейді мамандар.
Не өзгереді?
Елімізде 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету тәртібіне жаңа өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов ресми түрде мәлім етті.
– Қазіргі уақытта біз әлеуметтік саладағы қамтамасыз ету бағытында ірі реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ретте, адамның санатына негізделген жүйеден қажеттілікке арналған жүйеге көшеміз. Бұл қағида келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап толықтай жұмыс істейді және қазіргі уақытта осыны кеңінен түсіндіріп жатырмыз. Мәселен, бүгінде ауқатты немесе табысы аз көпбалалы отбасылар мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алып келеді. Біздіңше, мұндай қағида әділетсіз. Өздерін қамтамасыз ете алатын ауқатты, дәулетті адамдар мемлекеттік көмек алмауы тиіс, олар өз ресурстарына сүйенуі керек, – деді Олжас Бектенов. Сондай-ақ, ол мемлекет өмірлік жағдайына байланысты өзін қамтамасыз ете алмайтын адамдарға ғана қолдау көрсетуге тиіс екенін тілге тиек етті.
– Бірақ адам мемлекет көрсететін көмекті үнемі алып, соның есебінен өмір сүруге болатын тұрақты табыс ретінде қабылдамауы керек. Олай емес. Бұл көмек адамның өз жолын тауып, өзін қамтамасыз ете бастауына және уақыт өте келе мұқтаждар санатынан шығуына серпін беруі қажет. Біздің ұстанымымыз осындай. Бұл да мемлекет қаражатын едәуір үнемдеп, оны анағұрлым маңызды мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті премьер-министр. Оның айтуынша, жаңа жүйе арқылы тек 2027 жылдың өзінде 700 млрд теңге, ал үш жылда 2,5 трлн теңге үнемделмек.
Қалай есептеледі?
Жаңа талап бойынша қазақ-стандық отбасыларының мұқтаждық деңгейін бағалау кезінде тек табыс қана емес, сонымен қатар, шығыстар да ескерілетін болады. Әр отбасының келісімі бойынша банктер отбасылық шоттар мен депозиттер туралы деректерді ұсынады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік салада қажеттілікке негізделген қағидат енгізіліп жатыр. Соған сәйкес мемлекеттік қолдау тек шын мұқтаж азаматтарға ғана көрсетіледі. Осы орайда тұрғындардың әл-ауқат деңгейін бағалау үшін «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі қолданылады. Ол мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат жинақтап, отбасының жағдайын 8 бағыт бойынша 59 көрсеткіш негізінде бағалап береді. Атап айтқанда, отбасының қаржылық жағдайы, мүлкі мен басқа да активтері, тұрғын үй жағдайы, жеңіл және коммерциялық көлігінің болуы, жер телімі мен жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, несиелері мен мерзімі өткен берешегінің болуы, кәсіпкерлікпен айналысуы және басқа да көрсеткіштер есепке алынады.
Жаңа тәртіп бойынша елдегі отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай 5 санатқа бөлінбек. Соларға тоқталар болсақ, А–әл-ауқаты жоғары, В–ауқатты, С–әл-ауқаты қанағаттанарлық, D–экономикалық тұрғыдан осал, Е–экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
Міне, жаңа жүйе аясында дәл осы санаттарға байланысты өзгерістер болады деп жоспарлануда. Алайда дерекқор жүйесі күн сайын жаңартылып отыратындықтан, отбасының қаржылық жағдайы ай сайын тексеріліп тұрады.
– Егер отбасы қазан айында «В» санатында болып, желтоқсанда белгілі бір тәуекелдерге байланысты «C» санатына ауысса, онда бұл отбасыға мемлекеттік қолдау шаралары дереу әрі проактивті түрде бекітіледі. Бұл ақпаратты жүйелі түрде жаңартуға, адамдардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын ескеруге, сондай-ақ, олардың әл-ауқат деңгейін қайта бағалау үшін уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді, – дейді Асқарбек Ертаев.
Ауқатты адам саны қанша?
Жәрдемақы нағыз мұқтаж жан-дарға берілетіні жайлы шешім қабылданғалы елдегі ауқатты азаматтардың саны да анықталып қойған екен. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 522 мың адам ауқаттылар санатына жататын көрінеді. Осы орайда «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіндегі деректер негізінде барлық отбасының санаттары нақтыланатынын атап өткен жөн. Сол бойынша «А» және «В» санатына жататын азаматтар ауқатты деп есептеледі. Оларға әлеуметтік қолдаулар берілмейді.
– Қателеспесем, елімізде 522 мың ауқатты адам бар. Оның 70 мыңнан астамы «А» санатына, қалғаны «В» санатына жатады. Қазір осы санаттарға талдау жүргізіліп жатыр. Әр адамға тиісті хабарлама жіберіледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Бірақ қателікке жол берілмеуі керек, – деді Серік Жұманғарин.
Сонымен, алдағы уақытта жағдайы жақсы, яғни «А» және «В» санатына жататын отбасыларға мемлекеттік төлемдер тағайындалмайтын болады.
Осылайша, ел Үкіметі әлеуметтік көмек әділ әрі нағыз мұқтажға ғана берілуі қажет деген шешім қабылдады.
Нұржайна ШОДЫР.
