Дарынды жастар – ел үміті

Қаз 22, 2026

Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» аймағымыздың білімді де білікті, талантты да талапты жастарын қолдауға бағытталған дәстүрлі облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» жүлдесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын ел болашағына өзіндік үлесін қосып жүрген жастардың басын қосатын бұл байқау биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр.

Биылғы байқауға 100-ден астам өтінім келіп түскен. Олардың қатарында халықаралық және республикалық байқаулардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, түрлі додаларда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар, ғылым мен өндірісте жаңашылдығымен көзге түскен мамандар, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, туған өңірінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген жастар бар.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, үздіктерді жеңістерімен құттықтап, жастарға ақжолтай тілегін жеткізді.

— Бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген жас мамандар өздерінің адал еңбегімен, білімімен және біліктілігімен өңіріміздің дамуына айрықша үлес қосып келеді. Әрбір жетістіктің артында табанды еңбек, маңдай тер және тынымсыз ізденіс жататыны белгілі. Бастысы, алдыға нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында үнемі талпынып, өздеріңізді жетілдіруден жалықпаңыздар, – деді аймақ басшысы.

Байқау биыл 10 аталым бойынша өткізілді. Атап айтқанда, жастар «Ақпараттық технологиялар», «Ғылым»,
«Ауыл шаруашылығы қызметкері», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Медицина», «Өндіріс қызметкері», «Кәсіпкерлік», «Медиа» және «Мәдениет» бағыттары бойынша бақ сынады. Әр аталымда екі жеңімпаздан анықталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2 станциясының өндірісті дайындау цехында инженер болып еңбек етіп жүрген Самал Ермұханқызы. Кәсіби салада 14 жылдық еңбек өтілі бар маман өзінің негізгі қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Ол кәсіпорындағы белсенді жастар активі орталығының төрағасы ретінде жастардың басын біріктіріп, түрлі әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына атсалысып келеді. Сонымен қатар, еріктілік бағытында да тұрақты түрде қызмет атқарады.

— «Тәуелсіздік ұрпақтары» премиясының «Қоғамдық қызмет» аталымында жеңімпаз атануым – мен үшін зор мәртебе. Бұл марапат менің осы уақытқа дейін атқарып келген еңбегіме берілген баға деп қабылдаймын. Еңбегімді елеп, қолдау көрсеткен жандарға шын жүрегімнен алғыс айтамын. Бұл марапат алдағы уақытта да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға жігер береді, — деді С.Ермұханқызы.

Айдана БОРАНБАЕВА.