Өңір дәмі – астаналықтар дастарқанында

Қаз 22, 2026

Өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері Астанаға жәрмеңкеге жеткізілді. Павлодарлық дәм елордалық тұрғындарды тағы да тәнті етті.

Өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері Астанаға жәрмеңкеге жеткізілді. Павлодарлық дәм елордалық тұрғындарды тағы да тәнті етті.

Жәрмеңкеге 615 тоннаға жуық өнім қойылды. 80-нен астам өндіруші өнімдерін орташа нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен сатты. Павлодар облысы елорда тұрғындарына сапалы азық-түліктің мол таңдауын және жергілікті өндірушілердің үздік өнімдерін ұсынды.

Павлодар облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 17-18 қазан күндері Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромының аумағында өтті. Жәрмеңке сөрелеріне 10 ауданның, сондай-ақ Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының 80-нен астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өңдеуші кәсіпорындары өнімдері қойылды. Ет, көкөніс, картоп, бал, сүт және балық өнімдері, шұжық өнімдері, ұн, макарон және басқа да тауарлар астаналықтарға арнайы апарылды.

Өнімнің басым бөлігін, 440 тоннасын картоп, көкөністер мен бақша дақылдары құрады. Сонымен қатар сатып алушыларға 102 тонна ет және жергілікті жерде өндірілген өнімдердің мол түрі ұсынылды. Елорда тұрғындары қолжетімді бағаға, өнімдердің сапасына және тауарларды өндірушілердің өзінен тікелей сатып алу мүмкіндігіне жоғары баға берді.

– Картоп алуға келіп, ет пен бал да сатып алдық. Өнімдер өте сапалы, таңдау мол, бағасы қолжетімді. Мұндай жәрмеңкелер өте қажет, – деді елорда тұрғындарының бірі.

– Павлодар жәрмеңкесін әрдайым асыға күтеміз. Әсіресе, ет ұнайды, ал бүгін көкө-ністер де алдық. Өнімдерді тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік болғаны жақсы, – деп атап өтті жәрмеңкеге келушілер.

Өңір өнерпаздары мәдени бағдарламасын да көпшілік назарына ұсынды. Г.Н.Потанин атындағы музей экспонаттарының көрмесі ұйымдастырылып, «Шаңырақ» мәдени-сауық орталығының өнерпаздары мен облыс аудандарының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама көрсетті.

Жәрмеңке жергілікті өндірушілердің өнімдерін кеңінен таныстыруға, өңірлік брендтерді насихаттауға және елорда тұрғындарын Ертіс-Баян өңірінің мәдениеті мен шығармашылық әлеуетімен таныстыруға мүмкіндік берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.