Кеше Республика күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысының иегерлерін марапаттау салтанаты өтті. Игі шара барысында өңірдегі өнер, білім, спорт салаларында үздік нәтиже көрсеткен және азаматтық белсенділігімен дараланған балаларға арнайы төсбелгілер табысталып, ақшалай сыйақы берілді.
«Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысы түрлі салаларда ерекше қабілеттері мен дарындылығын танытқан, сондай-ақ, қоғамдық маңызы бар батыл іс-әрекеттер жасаған балаларды қолдау мақсатында алты жыл қатарынан табысталып келеді.
Айтулы шараға аймақ басшысы Асайын Байханов арнайы қатысып, балалар мен студенттерді жетістігімен құттықтады.
– Біз сендерді мақтан тұтамыз. Бүгінгі жеңіс – табанды еңбек пен талпыныстарыңның нәтижесі. Алда әлі талай асулар күтіп тұр. Сондықтан сендер білімді, адал, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасады деп сенеміз. Бұл байқауға қатысып, өз қабілеттерін дәлелдеген балалар мықтылардың мықтысы екенін көрсетті. Ең бастысы, аман-есен болып, ізденістеріңді жалғастырып, егемен ел дамуына өз үлестеріңді қоса беріңдер, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, ол жасөспірімдермен кездесу барысында тәуелсіздіктің қадіріне жету, бейбіт өмірдің мүмкіндіктерін бағалау, егемендікті мәңгілік сақтап қалу мәселелеріне ерекше тоқталды. Әлемнің кейбір елдеріндегі балалар білім алу мен қауіпсіз өмір сүрудің өзіне қол жеткізе алмай отырғанын еске салып, оның жанында еліміздің болашағы жарқын екенін де ерекше атап өтті.
– Біз – тәуелсіз мемлекетпіз. Ата-бабадан қалған өз жеріміз, тарихымыз, салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз бар. Осынау құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа аманат ету – бәрімізге ортақ міндет. Ал елдің ертеңі, тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі нығайтатын күш – сендерсіңдер. Біздің халқымыз ежелден жетімін жылатпаған, әлсізіне қамқор болған, адамгершілікті ту еткен. Сендер де бойларыңа осындай ізгі қасиеттерді сіңіріп, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніңдер. Білім мен ғылымға ұмтылып, ерінбей еңбек етіңдер. Қазақстанның келешегі – сендердің қолдарыңда! – деді ол.
Жарқын жүздесуде аймақ басшысы бүгінгі жас ұрпақ үшін барлық жағдай жасалып жатқанын да айтып, осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
– Біз де бала болғанбыз. Бірақ сол уақытта қазіргідей ойын алаңдары мен спорт залдары көп болған жоқ. Ал қазір балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайды жасауға басымдық беріліп келеді. Енді сендер осы жақсылықты түсініп, үмітті ақтауға тырысыңдар. Қазақстанның қуатты мемлекет екенін әлемге танытуға мол үлес қосады деп сенеміз. Бұған қабілеттерің де, мүмкіндіктерің де жетеді, – деді Асайын Байханов. Бұдан кейін ол жүзден жүйрік шыққан оқушылар мен студенттерді марапаттады.
Айта кетерлігі, «Тәуелсіздік ұланы» байқауының жеңімпаздары «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі», «Кәсіби шеберлік», «Шығармашылық шеберлік», «Спорттық шеберлік», «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» сынды 5 аталым бойынша марапаттарға ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл облыс бойынша бұл байқауға 700-ден астам өтінім келіп түскен. Олардың ішінен 331 үміткер аймақтық кезеңге жолдама алып, нәтижесінде ең үздік 100 бала «Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысының иегері атанған. Әр жеңімпазға 50 айлық есептік көрсеткіш (216 250 теңге) көлемінде ақшалай сыйақы беріліп, арнайы төсбелгі табысталды. Олжалы болған балалар облыс әкіміне алғыс білдіріп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға күш салатындықтарын жеткізді.
Әмір НАУРЫЗҒАЛИ,
«Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы:
– Мен тоғызқұмалақтан әлем чемпионымын. Республикалық және халықаралық жарыстардан да жетістіктерім баршылық. Алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғап, тәуелсіз Қазақстанның мақтан тұтар азаматы болғым келеді. «Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысы бізге бұдан да биік мақсаттар қойып, соларға жетуге жол ашады деп сенемін.
Іңкәр ЕРШАТ,
«Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы:
– Химия пәнінен республикалық олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізудемін. Болашақта отан-
дық ғылымның дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Еңбегіміздің бағаланып, жетістігіміздің еленуі ерекше шабыт береді. Бұл марапат – біз үшін үлкен құрмет!
Нұржайна ШОДЫР.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.
