Қазіргі таңда елімізде ерекше күтімді қажет ететін, яғни мүгедектігі бар балалар саны артуда. Олармен жұмыс істеу – кәсіби біліктілікпен қатар, шексіз мейірім мен төзімділікті талап ететін әрі кез келгеннің қолынан келе бермейтін жауапты іс. Себебі, мұндай баланың жүрегіне жол табу үшін сабыр керек, ал тағдырына бейжай қарамау үшін үлкен жүрек керек.
Міне, сондай жандардың бірі — жүрегі мейірімге толы әлеуметтік қызметкер Анар Амантайқызы Рамазанова.
Ол 1980 жылы Ақсу қаласына қарасты Қанаш Қамзин ауылының Қаракөл бөлімшесінде дүниеге келген. Ерте тұрмысқа шығып, балалы болып, ұл-қызын өсіріп, аяқтандырғаннан кейін білім алу арманын қайта жалғастырады.
Сөйтіп, алдымен колледж, кейін әлеуметтік қызметкер мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдайды. Одан кейін осы салаға жұмысқа орналасады.
Осылайша, ол 13 жыл бойы Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» қарасты мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінде тынымсыз еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде талай баланың тағдырына куә болып, олардың аяққа тұрып, дамуы, қоғамға бейімделуі үшін аянбай тер төгуде. Қазіргі уақытта оның қарауына 1,5–18 жас аралығындағы 6 жарымжан бала берілген. Олардың арасында қимыл-қозғалысы шектелген, сал ауруына шалдыққан, психологиялық дамуы тежелген және аутизм спектріндегі балалар бар. Әлеуметтік қызметкер әр баланың мүмкіндігі мен қажеттілігі әртүрлі болғандықтан, әрқайсысына жеке бағдарлама әзірлеп, деңгейіне сай жұмыс жүргізетінін айтады.
– Балалардың тілін табу оңай емес. Олар бізге әбден бауыр басып, сенім артқаннан кейін ғана ашыла бастайды. Сондықтан әр баланың ерекшелігін ескеріп, ата-анасымен ақылдаса отырып жұмыс істейміз. Бала өзін қауіпсіз сезініп, өмірлік дағдыларды меңгеруіне көмектесеміз, – дейді әлеуметтік қызметкер. Оның айтуынша, маман белгіленген кесте бойынша бір күнде бірнеше баланың үйіне барып, әрқайсысының көңіл күйі мен мүмкіндігіне қарай қызмет көрсетеді. Мәселен, саусақтарының икемділігін дамыту, ұсақ моториканы жетілдіру, серуендеу, өздігінен киінуге, қол жууға, жеке заттарын жинауға үйрету – күнделікті еңбектің бір бөлігі. Бұл жұмыстар сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында үздіксіз ізденіс пен маңдай тер жатыр. Мұндай еңбектің нәтижесі жылдар өте байқалуда. Осынау 13 жыл ішінде көз алдында өскен балалардың бірі жүре алмай келіп, кейін аяққа тұрып, бүгінде студент атанса, енді бірі тілі шығып, қоғамға бейімделіп, ел қатарына қосылуда екен. Бұл – жылдар бойғы еңбектің ең үлкен жемісі десек, артық айтқандық болмас.
Жүрегі мейірімге толы кейіпкеріміз қамқорлығындағы балалардың осылай ер жеткенін, кейін олармен қоштасу сәті оңай болмағанын айтады.
– Біз балаларды 18 жасқа дейін ғана қараймыз. Осы жылдар бойы бір-бірімізге бауыр басып қалғандықтан қимай жылап қоштасамыз. Әрине, кейін хабарласып, туған күндер мен мерекелерде ізгі тілектерімізді білдіріп тұрамыз, – дейді Анар Рамазанова.
Кейіпкеріміз алғашқы жылдары түрлі тағдырлы балаларды көріп, үйіне жылап қайтатын кездері болғанын да жасырмайды. Бірақ уақыт өте тәжірибе жинақтағанымен, жүрегіндегі жанашырлық сезімі әлі өзгермегенін байқауға болады. Балалардың бақыты үшін бар уақытын арнаған әлеуметтік қызметкер мереке кезінде де оларды қуантуға ерекше көңіл бөлетінін айтады. Осы мақсатта қамқорлық айлығы, балаларды қорғау күні, басқа да мерекелер қарсаңында әріптестерімен бірге демеушілер іздеп, қызықты шаралар ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Нәтижесінде, қайырымды азаматтар мен кәсіпкерлердің көмегі арқылы балаларға сыйлықтар табысталып, олардың көңілі бір көтеріліп қалатын көрінеді.
– Біз үшін балалардың шат күлкісі мен қуанған сәттерін көру – үлкен бақыт, – дейді ол.
Атап өтерлігі, әлеуметтік қызметкердің міндеті балалармен жұмыс істеумен ғана шектелмейді. Ол ата-аналармен де тығыз байланыста болып, олардың сенімін ақтауға тырысады. Балаға қараған уақытта ата-аналар өз шаруаларын реттеп, қажетті құжаттарын рәсімдеуге мүмкіндік алады. Сондықтан маманның көмегі – балаға қолдау ғана емес, ата-анаға да демеу екенін атап өткен жөн. Бұған қарап, бұл мамандықты меңгеру үшін адамға мейірім, сабыр, жауапкершілік және өзгенің тағдырына бейжай қарай алмайтын жүрек қажет екенін түсінуге болады. Ал мұндай болу тек әлеуметтік қызметкерлердің қолынан ғана келетіні сөзсіз. Сол үшін де Анар Рамазановаға осы жолдағы еңбегіңіздің жемісін көріп, ел алғысына бөлене беріңіз дегіміз келеді.
Нұржайна ШОДЫР.
