Павлодарда «Jasyl El Awards 2026» атты XXII еңбек маусымының облыстық қорытынды кеші өтті. Салтанатты жиында аймақтың көркеюіне, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының жүзеге асуына үлес қосқан белсенді жастар марапатталды. Олардың қатарында үздік сарбаздар, командирлер, еңбек жасақтары мен эковолонтерлер бар.
Биылғы еңбек маусымы павлодарлық жастар үшін айтулы жетістікпен есте қалды. Семей қаласында өткен республикалық еңбек маусымының жабылу салтанатында Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабы 2026 жылдың үздік штабы деп танылды.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Айгүл
Мәлікова жастарды еңбек маусымының сәтті аяқталуымен құттықтап, олардың туған өлкенің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» — бір жылмен немесе бір маусыммен шектелмейтін, сенбілік өткізуден әлдеқайда ауқымды, барша қазақ-
стандықты біріктіретін жалпыұлттық идеологиялық акция. Бұл бастама қоршаған ортаны аялауға, туған жерді құрметтеуге, тазалық пен тәртіпті сақтауға үндейді. Ал сіздердің еңбектеріңіз — патриотизмнің нақты көрінісі. Жастарымыздың бір мақсат жолында бірігіп, топ болып жұмыс істей алатынын және үлкен нәтижелерге қол жеткізуге қабілетті екенін көрсеттіңіздер, —
деді А.Мәлікова.
Жиын барысында облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Арина Краскова еңбек маусымының қорытындысын шығарып, сарбаздарға белсенділігі мен атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, биыл «Таза Қазақстан» идеологиясы аясында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жасылелдіктер көптеген экологиялық іс-шара мен игі бастамалардың ұйытқысы болған. Маусым барысында аймақта 100-ден астам экологиялық акция мен сенбілік ұйымдастырылып, түрлі бағыттағы 120-дан астам желілік еңбек жасағы жұмыс істеген.
Кештің маңызды сәттерінің бірі еңбек маусымында ерекше көзге түскен жастарды марапаттау рәсімі болды. Белсенді қатысушылар «Үздік сарбаз», «Үздік командир», «Үздік еңбек жасағы», «Үздік штаб» және «Үздік эко-волонтер» аталымдары бойынша марапат-тарға ие болды.
«Jasyl El Awards 2026» салтанатты шарасы музыкалық қойылымдармен, еңбек маусымының жарқын сәттерін қамтыған бейнероликпен және «Жасыл ел» әнұранымен түйінделді.
А.БОРАНБАЕВА.
