Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру және әдебиетке деген қызығушылығын ояту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатты көздейтін «Кітап оқитын ұлт» жобасына Павлодар қаласын-дағы Торайғыров университеті де қосылып, студенттер арасында оқырмандық мәдениетті дамытуға бағытталған жұмыстарды қолға алды. Қазіргі уақытта жобаға университеттің 3 043 студенті қатысып отыр.
Торайғыров университетінің студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту бөлімінің басшысы Нұрхан Ералының айтуынша, оқу орны жобаға
2026 жылдың қыркүйегінде қосылған.
11 қыркүйекте университетте «Кітап оқитын университет» бағытын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген жұмыс кеңесі өткен. Жиында студенттер мен оқытушыларды республикалық марафонға тарту, кітап оқуды насихаттау және университетте тұрақты оқырмандық дәстүр қалыптастыру мәселелері талқыланған.
— Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі — «Ойторап» оқырмандар ұйымы. Ұйым студенттерді кітап оқуға және әдеби шығармаларды талқылауға біріктіріп, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Бүгінде ұйымға 188 адам тіркелген. Оның 120-сы белсенді қатысады. Белсенді оқырмандардың 77-сі қазақ тіліндегі, 43-і орыс тіліндегі кітаптарды оқиды. Сонымен қатар, 100-ден астам студент оқыған шығармалары туралы пікір қалдырды. Бұл жастардың кітап оқып қана қоймай, өз ойларымен бөлісуге де қызығушылық танытатынын көрсетеді. Жалпы, «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызы қатысушылар санымен ғана өлшенбейді. Оның басты мақсаты — жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оны күнделікті әдетке айналдыру. Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байытады, сыни ойлау қабілетін дамытады. Сондай-ақ өз ойын жүйелі жеткізуге және ақпаратты саралай білуге үйретеді, — дейді Нұрхан Ералы.
Жоба аясында студенттерге отандық және әлемдік көркем әдебиет туындылары, тұлғалық даму мен көшбасшылыққа арналған еңбектер, сондай-ақ кәсіби бағыттағы кітаптар ұсынылады. Әртүрлі жанр мен тақырыпты қамтитын әдебиеттер жастарға өз қызығушылықтары мен оқу мақсаттарына сай шығарма таңдауға мүмкіндік береді. Ал оқылған кітаптарды талқылау олардың мазмұнын тереңірек түсініп, алған әсерін саралауына көмектеседі.
Алдағы уақытта университетте кітап талқылауларын тұрақты өткізу, факультеттер арасында интеллектуалдық квиздер мен әдеби байқаулар ұйымдастыру, кітапханада тақырыптық ақпараттық бұрыш ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазақ және орыс тілдеріндегі әдебиеттерді кеңінен таныстырып, жобаға қатысушылар санын арттыру көзделген. Бұл бастамалар студенттердің кітап оқуға деген ынтасын күшейтіп, әдебиетке қызығатын жастардың басын қосуға бағытталған.
— Торайғыров университетіндегі бұл бастама студенттердің рухани дамуына, білімге деген құштар-лығын арттыруға және оқырмандық мәдениетті қалыптастыруға бағыт-талған. Жастардың кітапты өз еркімен таңдап, оқыған шығармалары туралы пікір алмасуы олардың білімге деген ынтасын арттырып, жаңа дүниелерді тануына жол ашады. Кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру — ізденімпаз, білімді әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастырудың маңызды қадамы, — дейді Нұрхан Нұрболұлы.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы университет қабырғасында оқыр-мандық ортаны қалыптастырып, жастардың білімге деген қызы-ғушылығын арттыруға жол ашып отыр. Бастаманың жүйелі жалғасуы студенттердің кітап оқуға деген ынтасын нығайтып, әдебиет арқылы ой бөлісу мен тәжірибе алмасу мәдениетін дамытуға ықпал етпек. Бастысы, кітап оқу жастардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналса, білімді әрі рухани бай ұрпақ қалыптастыруға берік негіз қаланары анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.
