Сөз өнері — ұлттың рухани жадын сақтап, ұлттар арасындағы алтын көпірге айналатын құдіретті күш. Ал сол өнерді өмірінің өзегіне айналдырып, туған әдебиеттің өрісін кеңейтуге ғұмырын арнаған қаламгерлердің орны қашанда ерекше. Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен ақын, жазушы Бақытжан Қанапияновтың 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кездесу осы ойды тағы бір мәрте айқындағандай болды.
Әдеби басқосу барысында мерейтой иесінің бай шығар-машылық мұрасы, қазақ мәдениетін дамытуға қосқан үлесі және адамгершілік құндылықтарды дәріптеудегі еңбегі сөз болды. Ақынның туындыларынан көрініс тапқан туған жерге сүйіспеншілік, ұлттық болмысты құрметтеу, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығы секілді тақырыптар кездесудің негізгі арқауына айналды.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мерейтой иесі Бақытжан Қанапияновты құттықтап, оның әдебиет пен мәдениетті дамытуға және ұлттық руханиятты өркендетуге қосқан елеулі үлесін атап өтті.
— Шығармашылығыңыз ұлттық құндылықтарды дәріптеп, адам-гершілік қасиеттерді насихат-тауымен ерекшеленіп, ұлттық руханияттың дамуына зор үлес қосып келеді. Өлеңдеріңіз оқырман жүрегіне жол тауып, жас ұрпақты туған жерін сүюге, елін құрметтеуге, ізгілік пен парасаттылықты ту етіп, биік адамгершілік мұраттарды ұстануға үндейді. Сіздің әдеби мұраңыз ұлттың рухани байлығын арттырып, кейінгі буынға өнеге болып, ұлттық мәдениетіміздің құнды қазына-сына айналып отыр, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
Кездесуде қаламгердің сан қырлы болмысы туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Самат Мәненов те ой бөлісті. Инженерлік білім алған, спорт шебері атанған, ақындық пен прозаны қатар алып жүрген, аударма және баспа ісіне де үлес қосқан Бақытжан Қанапияновтың өмір жолы — үздіксіз ізденіс пен шығармашылыққа адалдықтың үлгісі. Оның әртүрлі саладағы қабілеті бір арнаға тоғысып, әдебиетке қызмет ету мұратымен ұштасады.
Әдеби кездесу барысында таныстырылған маңызды еңбектердің бірі — Бақытжан Қана-пияновтың «Айдың арғы беті…» («По ту сторону Луны») атты еңбегі болды. Бұл туынды көрнекті қоғам қайраткері, философ әрі мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің рухына және оның жарқын тұлғасына арналған. Кітаптың негізіне екі зиялы азаматтың ұзақ жылдарға созылған достығы мен шығармашылық қарым-қатынасы арқау болған.
Автор естеліктері мен толғаныстары арқылы мәдени мұра, тарихи сана және рухани сабақтастық мәселелерін қозғайды. Бұл тақырыптар ұлттық құндылықтарды сақтау мен келер ұрпаққа жеткізу ісінде айрықша мәнге ие. Кітаптағы адамдық байланыстар мен ортақ ойлар туралы сырлар мәдени жадының тек тарихи оқиғалар мен атаулы күндерден ғана құралмайтынын аңғартады. Ол адамдар арасындағы сыйластықта, сырласу мен пікір алмасуда, уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін идеяларда өмір сүреді.
Кездесу соңында «Шекарасыз поэзия: Бақытжан Қанапияновтың Қазақстаннан әлемдік аудиторияға дейінгі жолы» ғылыми жобасының қатысушылары Айгерім Сәлімова мен Әлихан Әбішев мерейтой иесіне өлеңдері оқылған елдердің картасын тарту етті.
Айта кетейік, Бақытжан Қанапиянов — шығармашылық ауқымы кең, әдебиеттің бірнеше саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан қаламгер. Ақын, жазушы, аудармашы, баспагер, кино өнерінің өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және бірқатар халықаралық әдеби марапаттың иегері ретінде оның есімі оқырманға жақсы таныс.
Айдана БОРАНБАЕВА,
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
