Берекесі мен бірлігі жарасқан, ұрпағына өнеге болар отбасылар үшін жарқын мүмкіндік туды. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне өтінімдер қабылдау басталды. Байқау барысында еңбек пен тәрбиені қатар ұстанған, ұлттың салт-дәстүрін ұлықтап, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген отбасылар енді өз өнегесін көпшілікке таныта алады. Қатысушыларға қояр талаптар қандай? Биылғы ерекшелігі қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, үкіметтік ұйымдармен жұмыс бөлімінің бас маманы Қайырбек Қожанбаевпен тілдестік.
– Қайырбек Уахитұлы, байқауға өтінімдер 15 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданатынан хабардармыз. Ал қатысушыларды іріктеу қалай жүргізіледі?
– «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы бірнеше кезең бойынша өткізіледі. Алдымен аудандық және қалалық деңгейде құжаттар қабылданып, арнайы комиссия үміткер отбасыларды қарайды. Үздік деп танылған отбасылар облыстық кезеңге жолдама алады. Облыстық кезеңде арнайы комиссия аудан-қалалардан ұсынылған отбасыларды жан-жақты бағалап, өңірдің үздік отбасыларын анықтайды. Кейін облыс жеңімпазы республикалық деңгейде конкурс лауреаты атанады.
Іріктеу барысында отбасының қоғамдағы беделі, бала тәрбиесін-дегі үлгісі, отбасылық құндылықтарды сақтауы, қоғамдық белсенділігі мен ұрпақтар сабақтастығы ескеріледі. Сонымен қатар, білім беру ұйымдары, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер және аналар кеңестері арқылы да лайықты отбасылар ұсынылады.
– Қатысушыларға қандай негізгі талаптар қойылған?
– Байқауға заңды некеде тұрған, бала тәрбиелеп отырған, қоғамда сыйлы, үлгілі отбасылар қатыса алады. Негізгі талаптардың қатарында отбасы тұрақтылығы, жауапты ата-аналық, ұлттық дәстүрлерді сақтау, балалардың тәрбиесі мен жетістіктері, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету мәдениеті бар. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуы, еңбекқорлығы және облыстың әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан үлесі де ескеріледі.
– Бағалау кезінде қандай критерийлерге басымдық беріледі?
– Бағалау барысында алдымен отбасының адамгершілік құндылықтарды ұстануы мен қоғамға үлгі болуы назарға алынады. Атап айтқанда бала тәрбиесіндегі, отбасы мүшелерінің білім, еңбек, спорт, шығармашылық салаларындағы жетістіктері, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау және насихаттау, ұрпақтар сабақтастығы, қоғамдық және қайырымдылық жұмыстарға қатысуы, өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласуы және отбасындағы өзара сыйластық пен татулық деңгейі бағаланады. Комиссия отбасының тек материалдық жағдайына емес, алдымен рухани-адамгершілік құндылықтарына басымдық береді.
– Байқаудың ерекшелігі қандай?
– Биыл байқаудың қоғамдық маңызын арттыруға және оған кеңінен қатысуды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Осыған байланысты аймақта отбасыларды белсенді анықтау, олардың өмірлік тәжірибесін насихаттау, лауреаттарды қоғамдық жұмыстарға тарту бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Сонымен қатар, конкурс жеңімпаздарын кеңінен таныстыру, салтанатты марапаттау рәсімдерін жоғары деңгейде ұйымдастыру, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық сүйемелдеуді күшейту көзделген.
Биылғы ерекшеліктің бірі – лауреат отбасыларды отбасы құндылықтарын насихаттайтын қоғамдық елшілер ретінде қалыптастыруға басымдық берілуі. Олар жастармен, жас отбасылармен, оқушылар және студенттермен кездесулерге қатысып, өз тәжірибелерімен бөліседі.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
