Жаңарған білім – жарқын болашақ

Мау 4, 2026

Успен ауданында білім беру жүйесін дамытуға баса мән берілуде. Соның дәлеліндей, салаға заманауи технологиялар белсенді енгізіліп, оқушылардың сапалы білім алуына, дарынды балаларды қолдауға жан-жақты жағдай жасалуда. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз, дейді мамандар.

Заман көшіне ілесуде

Бүгінде ауданда 19 жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда 1800-ден астам оқушы білім алады. Қазіргі уақытта олар жазғы демалысқа шыққанын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, Успен өңірінде балғындарға тәлім-тәрбие беретін 18 мектепке дейінгі ұйым бар.

Аудандық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша мұндағы балалардың 97,8 пайызды мектепалды мекемелермен қамтылған. Бұл – өңірдегі мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі, дейді мамандар.

Атап өтерлігі, Успендегі білім ордалары балаларды оқытумен ғана шектелмей, олардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы мақсатта білім беру инфрақұрылымын жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мектептерде робототехника сыныптары, мультимедия, STEM кабинеттері және заманауи компьютерлік базалар іске қосылған. Нәтижесінде, цифрлық білім беру ресурстары оқу үрдісіне толық енгізілген. Яғни, Kundelik.kz, BilimLand, TopIQ, OnlineMektep, Amansultan платформалары бел-сенді қолданылуда. Ал қазіргі таңда жасанды интеллект элементтерін білім беру үдерісіне енгізу ісі жүзеге асуда. Сөйтіп, ChatGPT Edu және басқа да AI құралдарын пайдалану арқылы оқушылардың аналитикалық ойлау қабілетін дамыту және оқу тиімділігін арттыру көзделуде.

Тірек  мектептер – сапа кепілі

Аудандық білім беру бөлімінің өкілдері өңірдегі тірек мектептерінің болашағынан үлкен үміт күтетіндерін алға тартуда. Бүгінде Успенде осындай бірнеше білім ордасы бар екенін айта кеткен жөн. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетер болсақ, аудандағы жетекші білім беру мекемелерінің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп. Онда 385 оқушы оқиды және 42 педагог жұмыс істейді. Мектепте STEM, робототехника, арт және телестудия бағыттары табысты дамып келеді. Өткен жылы оқу ордасы толық жаңғыртудан өтіп, материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жаңартылған. Оқушылар республикалық және облыстық олимпиадалардан үнемі жүлделі орындар алуда.

Өңірдегі үлгілі білім шаңырағының бірі – Мұхтар Әуезов атындағы мектепте цифрлық трансформация мен STEM бағыттары қарқынды дамуда. Шәкірттер ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп, ауданның білім сапасын көтеруге зор үлес қосуда.

Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп те спорттық және патриоттық бағыттағы жетістіктерімен ерекшеленеді. Осы білім ордасында «Жас Ұлан» және «Қалқан» жобаларының І орын иегерлері тәрбиеленуде. Сондай-ақ, былтыр мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық базасы жаңартылды. Бастысы, балалар үшін қолайлы жағдай жасалды.

Константиновка жалпы білім беру мектебінде оқушылардың білім сапасы 70–75 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Қуантарлығы, бұл мектепте де ғылыми жобалар мен олимпиада жеңімпаздары бар.

Таволжан жалпы орта білім беру мектебі түлектерінің ҰБТ-дағы нәтижелері тұрақты түрде өсуде. Білім беру ұйымына халықаралық PISA бағытындағы оқыту жүйесі енгізілген. Шәкірттердің спорттық және интеллектуалдық жетістіктері де жоғары деңгейде. Сонымен қатар, «Жасанды интеллект арқылы эссе жазу» авторлық бағдарламасы іске қосылуда. Бұл бастама аудан мектептерінде инновациялық білім беру тәсілдерінің дамып келе жатқанын көрсетеді, дейді ұстаздар.

Успен өңірінде өзге де тірек мектептер бар. Олардың қай-қайсысы да сапалы білім беру жолында тынымсыз жұмыс істеуде.

Балаларды дамыту – басты талап

Успен ауданында қосымша білім беру жүйесі де қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда 900-ден астам оқушы спорттық, шығармашылық, ғылыми және әскери-патриоттық бағыттағы үйірмелер мен секцияларға қатысуда. Солардың бірі – «Балдырған» балалар эстетикалық орталығы. Қазіргі таңда мұнда 52 топ жұмыс істейді. Олардың қатарында түрлі бағыттағы шығармашылық, спорттық клубтар бар.

Аталмыш орталық тәрбиеленушілері республикалық және облыстық жарыстарда, «Жас ұлан», «Қалқан» жобаларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Өнерлі жеткіншектерді дамыту ісі де дұрыс жолға қойылған. Осы бағытта жұмыс істейтін аудандық балалар музыка мектебінде 71 оқушы білім алуда. Олар үшін 8 педагог еңбек етеді. Балалар домбыра, баян, фортепиано, гитара және басқа да аспаптарды үйреніп, таланттарын шыңдауда.

Атап өтерлігі, музыкалық мектеп тәрбиеленушілері жыл сайын халықаралық және республикалық деңгейдегі көптеген конкурстардың жүлдегері атанып жүр. Болашақта жаңа бөлімдер ашып, оқушы санын көбейту жоспарланып отыр, дейді мамандар.

Жетістік жемісі

Аудандық білім беру бөлімінің ақпаратына сүйенсек, өңірде білім сапасының тұрақты өсуі байқалады. Жалпы көрсеткіштер 50–76 пайызды құрайды. Кейбір мектептерде 100 пайыз үлгерім деңгейі сақталған. Бұл – аудан педагогтарының кәсіби ізденісі мен білім беру сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының жемісі екені сөзсіз.

Ерекше атап өтерлігі, успендік шәкірттер халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі білім, ғылым, спорт және өнер сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтар болсақ, аудан оқушылары халықаралық деңгейдегі байқаулардан 21 жүлделі орын, республикалық жарыстардан 64 орын және облыстық деңгейдегі конкурстардан 30-дан астам жүлделі орын иеленген. Осы көрсеткіштер Успен ауданы оқушыларының бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын дәлелдейді.

Аудан мұғалімдері білім беру саласын бұдан да дамыту бағытындағы жұмыстар ары қарай жалғасын таба беретінін айтады. Сондай-ақ, болашақта цифрлық трансформацияны тереңдету, жасанды интеллект технологияларын енгізу, STEM және робототехниканы дамыту, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, инклюзивті білім беруді жетілдіру,  дарынды балаларды қолдау шараларына айрықша басымдық беріледі деп жоспарлануда. Сол арқылы өңір мектептерін халықаралық білім беру стандарттарына сай жаңа деңгейге көтеру көзделуде.

Осылайша, Успен ауданында инфрақұрылымның жаңаруы, цифрландыру үдерісінің дамуы, жасанды интеллект элементтерінің енгізілуі және мектептердің материалдық базасының жақсаруы білім сапасының артуына оң ықпал етуде. Сонымен қатар, дарынды балаларды қолдау, халықаралық тәжірибелерді енгізу  арқылы да үлкен мүмкіндіктерге жол ашылуда. Бұған қарап, аудан мектептерінің болашағынан үлкен үміт күтуге болады.

Нұржайна ШОДЫР.

 

 

Сіз өткізіп алған