Бүгінде кез келген сауда, қызмет көрсету орындарында есеп айырысу кезінде мобильді қосымша арқылы QR-код сканерлеп, тиісті соманы әп-сәтте төлеп жүрміз. Ал жыл соңына қарай барлық банкке ортақ код пайда болмақ.

Яғни, қазіргі таңда қандай да бір жекелеген банктің терминалын сұрасақ, бұдан былай оның қажеттілігі болмайды. Ол үшін әр түрлі банктердің төлемдерін өзара қабылдайтын ортақ QR-код іске қосылады.

– Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жүйені бірыңғай QR немесе түрлі банктердің QR коды деп те атауға болады. Бұл – мәселенің техникалық жағы. Мұндағы идея толығымен Ұлттық банкке тиесілі Ұлттық төлем корпорациясының түрлі банктер қолданысқа шығарған QR-кодтарды өзара оқи алатын жүйе әзірлеуіне құрылған. Дүкенде QR-код арқылы төлем жасағыңыз келсе, «Halyk немесе Kaspi бар ма?» деп сұрайды. Halyk-тың картасымен Kaspi терминалында төлем жасай алмайсың. Керісінше есеп айырысу да мүмкін емес. Бұл тұтынушыларға да, банктердің өзіне де қолайсыз деп ойлаймын. Өйткені транзакцияның бір бөлігі кетіп жатыр, – дейді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Осындай жаңашылдық арқылы үш тарапқа – тұрғындар, кәсіпкерлер мен банктің өзіне ыңғайлы жағдай жасау көзделіп отыр.

– Біздің транзакциялар кедергісіз жүретіндей жүйе құрғымыз келеді. Жоғарыда аталған екі банк терминалдары жиі қолданылады. Сондықтан осы қаржы институттарының басшылығы бізбен белсенді жұмыс істеп отыр. Ешқандай қарсылық, дүдараздық жоқ. Банктер ондай жүйенің тиімді болатынын, өздеріне белгілі бір экономикалық пайдасы болатынын түсініп отыр, – деп сөзін жалғады Ұлттық банк төрағасы.

Аталмыш жүйе жыл соңында қанатқақты режимде енгізілмек. Бұл ретте QR-кодты бірнеше банкке жалғап, сынақтан өткізіп көреді. Ал келесі жылдың басында жобаны толыққанды іске асырып, барлық банкті қамтымақ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.